Демографиялық саладағы соңғы көрсеткіштерді жағымды деп айтуға болады. Себебі елімізде халық саны қарашада 20 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросының өкілдері санақ қалай жүргізілгенін былай түсіндіреді.
– Мерейлі күн жақындағанда ай сайын ғана емес, күнде есептей бастадық. Яғни күнделікті базадан қандай мәлімет келсе, соны санап отырдық. 14 қарашада 20 миллионыншы бала өмірге келеді деп болжам жасадық. Сондықтан 15 қарашада барлық ақпаратты есептеп, балалар 14 қарашада дүниеге келгенін анықтады.
Бір күнде, бір уақытта бес бала Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді, – дейді мамандар.
Олардың бірі Ұлытау облысының Жезқазған қаласында дүниеге келген. 20 миллионыншы тұрғын Ақылбек Томирис Сұңғатқызы үйінің тұңғышы, ата-әжесінің алғашқы немересі екен. Томиристің анасы Әйкерім Молдашева 19 жасында, әкесі Сұңғат Сейтжан 20 жасында ата-ана атанып отыр. Жас отбасының отау құрғанына − 1 жыл. «АСС Сериктес» ЖШС өрт сөндірушісі болып жұмыс істейтін Сұңғат тұңғышының тәуелсіз ел тарихында қалғанына қуанышты екенін айтты.
«Мұндай сүйінші хабар болады деп күтпедік. Десе де Томиристің тарихтың бөлшегі болғанына қуаныштымыз. Бастысы дені сау болып өссін», − деді жас әке.
Бұдан бөлек, 2017 жылы 11 мамырда Талдықорған қаласында туған Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын ретінде тіркелген. Одан кейін 2021 жылы 20 маусымда Жәния Азаматқызы өмір есігін ашып, Алматы облысы екіге бөлінбей тұрған тұста Жетісудың баласы саналған. Ал 14 қараша күні таңғы сағат 8-де Әзімбаевтар әулетіне Айсұлтан Мұхтарұлы атты шекесі торсықтай батыр қосылды.
– Осындай үлкен мадаққа ие болып отырғанымызға әлі сене алмай тұрмын. Көпбалалы отбасы болдық. Бұл – біздің төртінші баламыз. Қуанышымда шек жоқ. Талдықорғанда 2013 жылдан бері тұрамын, өзім әскери адаммын. Туған жерім – Шымкент қаласы. Отау құрғанымызға 8 жыл болды. 3 ұл, 1 қызымыз бар. Он жылдан бері Жетісу жерінде қызмет етіп жатырмын. Ұлымның есімін өзім қойдым, – дейді Айсұлтанның әкесі Мұхтар Сәбденбайұлы.
Жас отбасыларға Президент атынан арнайы сыйлықпен қатар «Отбасы банкінің» 2 млн теңгелік сертификаты табысталған.
P.S. 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстандағы халық саны 16,4 миллион болатын. 32 жылдың ішіндегі өсім 22,3%-ға жетті. Тәуелсіздігімізді жариялаған жылы бала туу көрсеткіші 353,2 мың болса, өткен жылы 403,9 мыңға артты. Қазақстанның тарихында бала туудың рекордтық нәтижесі 2021 жылы тіркелді. Сол жылы елімізде 446 мың бала дүниеге келді. «Қазақстан халқының саны 25 миллионға жетті» деген ақжолтай жаңалықты қашан естиміз?» деген сауалға демограф Аяулым Сағынбаева былай деп жауап берді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуі бойынша Қазақстан халқының саны 2050 жылы, яғни 27 жылдан кейін 25 миллионға жетуі мүмкін. Ал 30 миллионға 2100 жылы жетеміз. Бұл болжамды да БҰҰ зерттеу жасау арқылы мәлімдеген. Қазақстан халқының саны 1 миллионға өсу көрсеткішіне екі жылда жетті. Бұл демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты болып отыр. 2020, 2021, 2022 жылы бэйби бум болды. Соның нәтижесінде 19 миллион халық саны 20 миллионға жетті. Ал бүгінгі Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізген сәбилердің кейбірі көпбалалы отбасының мүшесі. Мысалы, Талдықорған қаласында туған сәби бір үйдің төртінші баласы. Демографиялық ахуалға қарайтын болсақ, көпбалалы отбасы статусына ие аналардың басым көпшілігі 1980-1990 жылдар аралығында өмірге келген ұрпақ. Олардың репродуктивтік әлеуеті сарқылып келеді, ары кеткенде екі-үш жыл ғана. Мысалы, 4-5 бала өмірге әкелген аналардың көбінің жасы 35-тен асқан. Сосын тағы бір алаңдайтын жайт, 1990 жылы өмірге келген жастардың саны аз. Одан соң 1990 жылдан бері қарай өмірге келген аналардың репродуктивтік көзқарасы 1980 жылдары туған адамдарға қарағанда өзгеше. Жекеше ойлауға бейім, 1-2 баламен шектелуді көздейді, қызметте өрлегенді, ғылым, білім қууға ынталы қыздардың саны көп. Урбанизацияның қарқын алуы, гендерлік саясаттың да әсері тиеді. Сондықтан да алдағы уақытта туу көрсеткішінің деңгейі дәл қазіргідей болмауы мүмкін, – дейді демограф.
Маманның айтуынша, 2000 жылы туған балалардың да демографиялық ахуалға деген көзқарасы өзгеше. Осы себепті саралай келе келешекте Қазақстанда бала туу көрсеткіші дәл қазіргідей қарқында жалғаспауы мүмкін.
А.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!