Бүгінгі кейіпкеріміз – Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандырылған сыныптары бар мектептің президенті, дебатшы, спорт пен ғылыми жарыстардың жеңімпазы. Ол – бірнеше бағытты қатар алып, мектеп өмірінде ерекше белсенділігімен, табандылығымен және жетістіктерімен көзге түсіп жүрген Бақдәулет Тәуекелұлы. Жас болса да, бас болуға тырысып жүрген Бақдәулетпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
− Бақдәулет, алдымен мектеп президенті ретінде негізгі мақсаттарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Бұл рөл дамуыңызға қалай әсер етті?
− Мектеп президенті ретіндегі басты мақсатым – оқушылардың мүддесін қорғап, мектеп өмірін белсендірек ету. Ұжым арасындағы байланысты нығайтып, әр оқушының ойын естуге тырыстым. Бұл рөл мені жауапкершілікті сезінуге, тыңдай білуді және шешім қабылдауда батыл болуды үйретті. Тұлғалық тұрғыдан көшбасшылық пен командалық жұмыстың маңызын терең түсіндім.

− Спорттан да хабарыңыз бар. Таэквондоны таңдауыңызға не себеп?
− Таэквондомен айналысуға шынығу мен тәртіпке үйрену ниеті жетеледі. Бұл спорт мені сабырлы, табанды, әрі төзімді болуға баулыды. Сонымен қатар, «жеңіс − өзіңді жеңуден басталады» деген өмірлік қағидамды қалыптастырды.
− Дебат тек жарыс емес, ойлау мәдениетін дамытудың да жолы ғой. Бұл бағытта қандай жетістікке қол жеткіздіңіз?
− Дұрыс айтасыз, дебат тек жарыс емес. Ол мен үшін ойлау мен талдау мәдениетін қалыптастырған үлкен мектепке айналды. Жетістіктерге келер болсам, қалалық және облыстық турнирлерде жүлделі орындарға ие болдым. Бірақ ең басты жетістік ретінде, өз пікірімді дәлелдеп, қарсы тараптың көзқарасын құметтеп үйренгенім деп ойлаймын. Дебат маған сыни ойлау мен өз көзқарасымды нақты жеткізу қабілетін берді.

− Білуімізше, ғылыми жарыстарғада қатысады екенсіз…
− Ғылымға қызығушылығым кішкентай кезімнен-ақ «Неге?» деген сұрақты жиі қоюдан басталды. Уақыт өте келе бұл қызығушылық зерттеу мен тәжірбиеге ұласты. Ғылыми жарыстар мені ізденімпаздыққа, жүйелі ойлауға және дәлел арқылы нәтиже көрсетуге үйретті.
− Бірнеше саланы қатар алып жүру оңай емес. Осы орайда өмірлік ұстанымызға тоқталыңызшы.
− «Еңбек пен тәртіп – табыстың кілті», міне, менің ұстанымым осы. Кейде барлығына үлгеру қиынға соғады. Бірақ мақсаттарымды нақты қойып, уақытты тиімді пайдалану арқылы тепе-теңдікті сақтауға тырысамын. Бұл ұстаным мені қиын сәттерде берілмеуге және алға ұмтылуға бағыттайды.
− Қорытындылай келе, Бақдәулет өз замандастарыңа қандай кеңес береді?
− Жетістікке жетудің ең жақсы жолы – өзіңе сену және үнемі даму. Өзіңді өзгелермен салыстырудың қажеті жоқ. Өз жолыңды ізде. Ең бастысы – мақсат қойып, соған қарай, тұрақты түрде қадам жасау.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым САУЛЕБЕКОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!