фото: baq.kz

Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында курсанттардың салтанатты түрде әскери ант беру рәсімі өтті.

Шараға институт басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері мен курсанттардың туған-туыстары қатысты.

Бұл күні барлығы 237 курсант әскери ант берді, олардың арасында медицина мамандығын таңдаған 35 қыз бар.

Курсанттарға арнаған сөзінде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы полковник Талғат Еспағанбетов әскери ант – әрбір әскери қызметшінің өміріндегі маңызды күн екенін атап өтті.

– Отанға адал болуға берілген қасиетті ант сендермен бүкіл қызметте бірге, – деді ол. – Осы сәттен бастап сендер армияның бір бөлшегісіңдер және сендерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы міндетті абыроймен орындау үшін әрқашан білімді арттыруға және машықты жетілдіруге ұмтылыңдар.

Жоғары оқу орнының бастығы батылдық, адалдық және жанқиярлыққа дайындық сияқты жоғары моральдық қасиеттер әскери қызметшіге тән деді.

Полковник Талғат Еспағанбетов медицина мамандығын таңдаған қыздарға бұл мамандықта дәрігерлік істің қыр-сырын ғана емес, жауынгерлік және дене шынықтыруды да қоса үйренуге тура келетінін айтты.

Әскери ант – Отан қорғаушы болам деген әрбір курсанттың өміріндегі маңызды күн. Бұл салтанатты сәт болашақ офицерлердің өмірінің бастапқы сатысы болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!