Тіл – адамдар арасында түсінісуге, қарым-қатынас жасауға қызмет етумен қатар, әдеби және мәдени мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырушы аса маңызды құрал.
Тілші-ғалым Ә.Қайдар: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне тікелей байланысты. Ал тілдің үшінші бір қызметі, ғылыми терминмен айтқанда аккумулятивті қызметі деп аталады. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сөйтіп оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын қасиеті. Тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек» дейді.
Болашақ педагогтар тілдің коммуникативтік қызметін шебер қолданумен қатар, тіл мәдениетінің жоғары деңгейін меңгерген кәсіби білікті мамандар қатарынан танылу керек.
«Тіл мәдениеті – әдеби тілдің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейтін тіл білімінің саласы. Тіл мәдениетінің тіл білімінің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыста болатындығында. Тіл мәдениеті дегеніміз – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану» – деп берілген Уикипедия ашық энциклопедиясында.
Тіл мәдениеті тілдің құрылымдық жүйесіндегі орфоэпикалық, пунктуациялық, лексикалық- грамматикалық, синтаксистік нормаларды қоса қамтып, олардың коммуникативтік эстетикалық қызметі толық айқындалған жағдайда стилистикалық норма қалыптасады. Стилистикалық норма – сөйлеушінің тілдік ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетінің көрсеткіші. Сөз мәдениеті көркем сөйлеуде, ғылыми-көпшілік немесе ресми ортада, тіпті ауызекі сөйлеу стилінде тілдің барлық салаларымен байланысты болып келеді. Сөйлеу мәдениеті топ алдында сауатты, жүйелі сөйлеудің алғышарттарын, әдіс-тәсілін танып білу, озық үлгілерін меңгерудің жолдарын, нақты қасиеттерін ұғыну сияқты мәселелермен тығыз байланысты.
«Тіл мәдениеті» ұғымы негізінен «сөз мәдениеті», «сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді. Өйткені тіл мәдениетінің негізгі зерттейтін нысаны – сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жеткізілуі болғандықтан жазбадағы тілдік нормаға да назар аударуды қажет етеді.
Қазіргі жоғары ақпараттық даму мен заманауи өзгерістер нәтижесінде жастар арасындағы қарым-қатынастың ауызша және жазбаша формасында да өрескел қателіктер байқалады. Стильдік және грамматикалық сауаттылықты болашақ тіл мамандарының бойына сіңіру арқылы өскелең ұрпақтың тіл мәдениетін қалыптастыра аламыз. Қазақ тілі және әдебиеті пәндерін оқытуда тиісті нәтижеге жету үшін білім алушылардың кәсіби тіл мәдениетін меңгеруге қызығушылығын арттырып, әдеби тілдік норманы қолдану дағдысына айналдыра алсақ, өз ойларын бай сөздік қоры арқылы тұжырымдап, жүйелі жеткізе алу қабілетін қалыптастыруға болады.
Білім алушылардың ауызша және жазбаша тілдік қолданысында, әдеби көркем сөйлеуінде, ғылыми-көпшілік немесе ресми ортада, ауызекі сөйлеу стилінде стильдік және грамматикалық сауаттылыққа негізделген кәсіби тіл мәдениетін қалыптастыру – басты мақсатымыз.
Ауызша және жазбаша тілдік қолданыста әдеби тіл нормаларын пайдалануға дағдыландыру, стильдік ерекшеліктерге сәйкес жазылым түрлерін сауатты жазу дағдысын қалыптастыру, ауызекі сөйлеуде стильдік ерекшеліктерге сай сөз тіркестері мен оралымдарды қолдануға үйрету, монолог, диалог барысында және пікірталас кезінде тақырыпқа сай аргументтер мен фактілерді тиімді қолдануға, сөйлеу техникасын меңгеріп, мәнерлі сөйлеуге үйрету, түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді сұрыптап қолдануға үйрету үлкен шеберлікті қажет етеді. Болашақ мамандар кәсібіне сай ауызша және жазбаша тілдік қолданыста әдеби тіл нормаларын пайдалануға дағдыланады.
Білім беруде кәсіби тіл мәдениетін дұрыс қалыптастыра алсақ, стильдік ерекшеліктерге сәйкес жазылым түрлерін талапқа сай сауатты жаза алады, ауызекі сөйлеуде стильдік ерекшеліктерге сай сөз тіркестері мен оралымдарды қолданады, монолог, диалог барысында және пікірталас кезінде тақырыпқа сай аргументтер мен фактілерді тиімді қолданып, сөйлеу техникасын меңгереді, мәнерлеп оқып, сөйлей алады, түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді сұрыптап қолданады.
Болашақ жастардың қолында десек, тіліміздің тазалығы мен дұрыс қолданыста болуына мән бере отырып, ұлт болашағының ұлағатты ұрпақ қолында болуына ықпал етеміз.
Тұрар Дүйсенова,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің оқытушысы,
зерттеуші-педагог
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!