Биылдан бастап талай жастың арманына айналған «Болашақ» бағ­дарламасына өзгеріс енеді. Өзгеріс бағалау өлшемі, қажетті құжатта емес, білім алуға болатын университеттер мен мамандықтар төңірегінде болмақ. Анығы, Ресей ЖОО мен техникалық сала жайында. Себебі жуырда Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық бағыттағы мамандықтарға көбірек назар аудару қажеттігін айтып, бағдарлама шеңберінде Ресейдегі білім беру ұйымдарын қамтуды үндеген еді. Ұсыныстан соң қоғам пікірі екіге жарылып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі, мамандарды оқыту үшін көрші елге жіберу қажет емес десе, енді бірі Ресейдің білім сапасының жоғары екенін алға тартты.

Мәселенің төркіні Президенттің бизнес өкілдерімен кездесуінен бастау алды. Жиында маман әзірлеу ісіндегі олқылықты сипаттаған Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасына қатысты ой-пікірін бүкпесіз жеткізген бола­тын. Сондай-ақ Қазақстанда техникалық мамандық­тарды оқытуға жәрдемдесетін әлемдік ЖОО-лардың филиалын ашу жұмысын да қолға алуды жүктеді.

«Біз тым көп экономист, заңгер, менеджер дайындаймыз. Қазір техникалық бағыттағы мамандықтарға көбірек назар аударуымыз қажет. «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, мүмкін бірінші кезекте Ресей­дің таны­мал техникалық жо­ға­ры оқу орын­дарына жіберерміз», – деген болатын.

Расында бүгінгі технологиялық игіліктің адам өміріне әсерін ескерсек, қазақ жастарының өнер-мәдениетпен қатар замануи техника тілін меңгеруі кезек күттірмейтін мәселеге айналары анық. Бұл тұрғыда елде жоқ білімді шетелден алып, білік арттыру таптырмас амал. Тәуелсіздік жемісіне айналған «Болашақ» бағдарламасының негізгі міндеті де осы-тұғын. Талапты жастың білімін шыңдап, ғаламдық білім беру үрдісін игеруіне мүмкіндік жасау үшін 30-ға жуық елдегі ЖОО-мен келісім жасалған.

Дегенмен, бағдарламадағы мамандық тізіміне қатысты қоғам арасындағы ой-пікір мәселеге жаңа қырынан келуге итермелеген тәрізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық мамандыққа басымдық беру, әлемнің жетекші университеттерінің бөлімшесін ашу қолдауы қордаланған кемшіліктің шетін шығарды. Тіпті жастардың басшылық қызмет пен гуманитарлық салаға бет бұруы экономиканың ақсауына әкелетінін де жасырмады. Әрине, бұл біілм іздеген жанның бәрі «технарь» болуы тиіс деген ұғым емес. Тек жастардың мамандыққа деген көзқарасы жаңа деңгейге көтерілуі қажет дегенді меңзейді.

«Егер кез келген қаржылық-өнеркәсіптік топ соңғы үлгідегі зауыт ашып, ауыл, қала шетіндегі мыңдаған баланы оқытса, оларға адал ақша табуына мүмкіндік берсе, бұл әлеуметтік тұрақтылыққа кәдімгідей кепіл», – деді Мемлекет басшысы.

Жастардың ұзаққа бармай, тұрғылықты жеріндегі өндірісті бағамдай алмауы салдарынан жұмыссыздық деңгейі төмендер емес. Мәселен, биылғы білім беру гранттарының бөлінісіне назар аударайық. Ең көп грант көлемі – 17028. Ол инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінген. Оған қоса ІТ саласына – 7487, жаратылыстану ғылымдарына – 4088, ауыл шаруашылығы ғылымдарына 1895 орын бөлініпті. Аталған бағыттың барлығында техникалық мамандық барын білеміз. Алайда осыншама көлемде білім беру гранты бөлінген болса, жастардың жұмыссыз жүруіне не себеп? Әрине, ең басты себеп – еңбек нарығын саралаудағы кемшілік. Сондықтан техникалық мамандықты игеру ғана емес, кәдеге жарату тұсын да ойлаған жөн. Бәсекеге қабілетті мамандықтар мен келешек еңбек нарығын саралау маңызды. Осы бағытта 2020 жылдан бері «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы қолға алынған. Жобаның міндеті –  жастарға кәсіптік бағыттау жұмысын жүргізу, яғни «Жаңа мамандықтар атласы» жобасымен жаңа бағдарламаларды оқытып, мамандарды өндірістік еңбек нарығына дайындауға болады. Өнеркәсіп орындары, өндірістік ұйымдар мен зауыттарға білікті техникалық жұмысшыларды қамтамасыз ету мақсаты нәтижелі жұмыс істеуде. Екі жыл ішінде жоба шеңберінде  туризм, тау-кен, мұнай-газ, энергетика, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс секілді 9 басым салаға талдау жасалған болса, биыл жеңіл өнеркәсіп, химия, су шаруашылығы, тоқыма, әлеуметтік сала, сауда секілді бағыттар саралануда. Жоба сәтті жүзеге асса, колледждер мен техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа бағдарламалар әзірленетін болады.

Аталған бағытта зерттеу жүргізіп, сараптама әзірлеген BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында техникалық маман әзірлеу мәселесіне қатысты бірнеше ұсыныс білдірген екен.

«Бірінші, қазір негізгі күшті кәсіптік және техникалық білім деңгейіне беруіміз керек, яғни колледждерді толтыру керек. Мысалы, біз Павлодар өңірлік атласын жаздық. 9-сыныптан кейін колледжге баратын оқушылар үлесі 25-26 пайыз шамасында. Ал Павлодар – металлургия, мұнай өңдеу, энергетика саласы басым ауыр өнді­рістік өңір. Мұндай өңірлерде білікті жұмысшылардың, яғни колледж түлектерінің кемінде 70-75 пайызы оқуы керек. Сол үшін де қазір бүкіл күшімізді техникалық кадр даярлауға жұмсап, кәсіптік және техникалық білім деңгейін беруіміз керек.

Екінші, «Жаңа мамандықтар атласы» атты үлкен жобамыз 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен басталды. Бұл Президенттің сайлауалды уәдесі болған. Атластың негізінде бағдарламаларды күшейтіп, жоғары білім, колледж деңгейінде жаңа бағдарламалар енгізуден қорықпауымыз керек. Жаңа бағдарламаларды тезірек оқытып, әсіресе ЖОО, колледж профессорларын оқытқан тиімді. Неге десеңіз, өндірістік еңбек нарығының талабы да, сұранысы да, тапшылығы да қатты өзгерді. Өкінішке қарай мұны білім беру жүйеміз ескермегендіктен артта қалып жатыр.

Үшінші, мектепте, әсіресе жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағыттау жұмысын күшейтуіміз керек. Қазір, өкінішке қарай, кәсіптік бағыттау жүйесіз болып отыр. Балаларымыз көбінесе гуманитарлық бағытқа, өздері білмеген немесе ата-анасының кеңесімен басқа мамандықтарға кетіп қалады. Біздегі негізгі кемшілік орта мектеп деңгейінде балаларға, жоғары сынып оқушыларына толыққанды ақпарат жеткіліксіз болуынан», – дейді маман.

Президент пәрменінен соң техникалық мамандықтар мен «Болашақ» бағдарламасына қатысты шаралар жалғасын тапты. Жуырда бағдарламада инженерлік-техникалық бағыттағы кадрларды даярлауға қатысты өзегерістер орын алған. Сонымен қатар Ресейдегі ЖОО келісім де жүзеге аспақ. БАҚ беттерінде жарияланған БжҒМ ресми мәлімдемесінде аталған өзгерістерді нақтылап, жаңалықтар кеңінен талданған.

«Инженерлік-техникалық мамандықтардың тартымдылығын арттыру, ел экономикасы үшін шынымен қажет мамандарды даярлау мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған жоғары оқу орындарының тізіміне Ресейдің жетекші техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарын қосу бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.

Ресейлік техникалық жоғары оқу орындарын “Болашақ” халықаралық стипендиясы шеңберінде оқуға ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне енгізу бойынша жұмыс басталды. Сонымен қатар бағдарламаның 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясын қайта қарау жоспарлануда» – делінген хабарламада.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандарды даярлайтын оқу орындарының тізіміне Ресейдің жетекші техникалық университеттері енгізілген. Техникалық бағыттағы мамандарды дайындайтын оқу орындары тізіміне Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университеті, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу физика-техникалық институты енген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі арнайы сапарында Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде мамандар әзірлеу жөнінде келісімге қол жеткізген еді. Тіпті келіссөз қорытындысы бойынша білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Сондықтан алдағы бесжылдықта көрші елден келер мамандардың саны артады деген болжам бар.

Айта кетейік, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура, тағылымдама бағдарламалары бойынша берілген екен. Тағы 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты бойынша берілмек.

Ерген ЯКУДАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!