Жасанды интеллект, әлеуметтік желілер мен жылтыраған экраннан идеал іздеп жүрген бүгінгі қоғамда, нақты бағдар мен тұлғалық үлгінің аз болуы болашағымызды бұлыңғыр ететіні шындық. Осы тұста көкейде заңды сұрақ туындайды: қазіргі жастардың құрметтейтін құндылығы қандай? Бүгінгі жастар кімге қарап бой түзеп жүр? Олардың рухани темірқазығы кім және не? Міне, осы сұрақтардың дұрыс жауабы аса маңызды, өйткені жастар – елдің ертеңі, қоғамның айнасы.

Ақиқатында шынайы тұлғалық мектеп – қасымызда жүрген, болмысы адалдықтан өрілген адамдардың өмір жолында жатыр. Сондай рухының мықтылығымен де, жанының нәзіктігімен де айналасына нұр шашып жүрген жандардың бірі – Сара Бахтиярқызы. Ол сырттай темірдей берік көрінгенімен, іштей өте сезімтал, өнерді, сұлулықты бағалайтын, намысты бәрінен жоғары қоятын, ұлттық құндылықтарға келгенде жүрегі елжірейтін қазақ әйелінің бейнесін танытып жүр.

Адам баласының болмысы – оның ішкі әлемінің айнасы. Ал сол әлемнің мөлдірлігі мен беріктігін сақтап қалу кез келгеннің еншісіне бұйыра бермейтін сирек бақ. Мен білетін Сара Бахтиярқызы – дәл осы рухани тазалық пен қайсар мінездің үлгісін көрсетіп, шындықтың ақ туын жықпаған ерекше жаратылыс иесі. Оның бейнесінен парасат пен паңдықтың, мейірім мен мәрттіктің үйлесімін көргендей боламын.

33 жыл ұстаздық еңбек өтілі бар Сара Бахтиярқызының өмірлік кредосы – адалдық. Ол қызметте де, достықта да, отбасында да адалдықты ту ете отырып, кез келген ортада өз сөзінің жауапкершілігін өзі көтере алатын жан. Оның мінезіндегі өткірлік пен бірбеткейлік – өршеленген өркөкіректік емес, керісінше, әділетсіздікке төзбейтін ішкі тазалықтың көрінісі деп білемін.

Сара апай әлсізге болысып, мұқтаждың мұңын бөлісуге дайын тұратын жанашырлығымен, сондай-ақ күштінің аярлығына қарсы тұрып, өз позициясын соңына дейін қорғайтын қайсарлығымен ерекшеленеді. Сонымен бірге «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесінді» ұстанатын жан.

Кемелдік жасына жеткен ғалым, ұстаз, ананың адами болмысы – лауазым мен атақтың емес, адамгершілік пен жанашырлықтың биік үлгісі.

Әкесі Бақтияр мен анасы Ырыскүлден алған тәлім-тәрбие оның жан дүниесіне сәуле болып құйылды. Әкенің салмақты сөзі мен маңдай терге толы еңбегі өмірдің, адал еңбек етудің мәнін ұқтырса, ананың ақ жүрегі мен шексіз мейірімі адамдықтың өлшемін танытты. Бірі – кісі ақысын жемеуді, өтірік сөйлемеуді, өмірге тік қарауды, екіншісі – жүрекпен сезінуді, мейірімді болуды, қайырымдылық жасауды үйретті. Қазақ халқында «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген тамаша тағылымды сөз бар. Міне, осындай шаңырақта сіңген тәрбие оны қай ортада жүрсе де тура жолдан тайдырмай, ар-ұятты ту еткен адал адам етіп қалыптастырды. Сондықтан оның рухани темірқазығы – ата-анадан қалған асыл аманат, санасына сіңген ұлттық тәрбие, жүрегіне ұялаған ізгілік.

Үш ұлдың ортасында өскен ерке бойжеткеннің болмысын ерік-жігермен қатар, ана тәлімі де шыңдады. Анасы қызының еркелігін еңбекпен ұштастырып, үй шаруасының қыр-сырын ерте меңгертті. Әсіресе, тазалыққа деген ұқыптылық пен әр іске тиянақтылықты санасына сіңіру арқылы болашақ ана ретінде бойындағы жауапкершілік сезімін қалыптастырды. Бұл тәрбие кейін оның кез келген істе мінсіздікті талап ететін, ары мен ісінің тазалығына ерекше мән беретін тұлға болып өсуіне негіз қалады.

Алтын ұя мектебін үздік бітірген Сараның таланты ерте танылып, отызға жуық өлеңі мен сан алуан тақырыптағы мақаласы газет беттерінде жарық көрген. Ата-анасы перзентінің ақ тілеуін қолдап, қызының журналист атану арманына қанат бітірді. Тіпті, сол кездегі беделді «Қазақстан пионері» басылымының басшылары да оның қаламынан туған дүниелерге жоғары баға берген-ді. Емтихан кезінде еңбек адамының символы болған, орта мектепті аяқтай сала трактор тізгінін ұстаған Жадыра Таспанбетованың өмір жолын терең толғаныспен, көсілтіп жазған шығармасы «өте жақсы» деген баға алса да, бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атану бақыты сол жылы бұйырмады. Мектепте үздіктер қатарынан табылған жанды жасытып жіберетін бұл сәтсіздік Сараны қайсарландыра түсті. Ол қарт Алатауды қимай артқа тастап, елге оралғанда, мұңға батып жатпай, бірден еңбекке білек түре кірісті. Туған жердің топырағында күріш егіп, қарапайым еңбек адамының тауқыметін де, бақытын да сезіне білді. Осы қажырлы еңбегі оны 1974 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына алып келді. Журналистиканы аңсаған жүрегі мұғалімдікті бірден қабылдай қоймаса да, сөзге деген құрметі мен әдебиетке деген құмарлығы оны өз ісінің нағыз шебері деңгейіне көтерді.

Адамға жақсы қасиет негіздері жасынан қалыптасатын болса, ол өмірлік қағидалы дағды болып қалатыны тәжірибеден белгілі. Әрі өзгермес ұстанымына, әдемі әдетіне айналатыны кімді болса да сүйсіндірері сөзсіз. Сара Бахтиярқызы қандай істің болсын күрмеуін тез шешіп, айналасындағыларды ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін, қажет кезінде ақырын жеткізіп немесе батырып айтып, бастаған ісін нәтижелі аяқтай алатын, өзінің білімі мен біліктілігін мойындата білген ұстаз.

Еңбек жолында мектеп мұғалімінен бастап, институттың тәрбие ісі жөніндегі проректор, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ғылыми ізденістерінен оң нәтиже шығарып, ғалым атанды. Бір монография, үш оқулық, жүзден аса түрлі тақырыптағы ғылыми мақалалары халықаралық, республикалық конференцияларда, ғылыми басылымдарда жарық көрді, көріп те келеді.

Саналы ғұмырында жиған тәжірибесін білім саласына арнаған Сара Бахтиярқызы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде адами асыл қасиеттерді бәрінен биік қойды. Бұл кездейсоқтық емес еді. Себебі шәкірт бойынан көргісі келетін ізгілік атаулының барлығы алдымен өз болмысынан бастау алатын. Шебер ұстаз тұлғаны дамытуда тек кәсіби білімді ғана емес, оның рухани өзегін қалыптастыруды басты міндет санады. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбекқор, отансүйгіш маманның ғана қоғамда лайықты орны болатынына сенеді. Сондықтан да шәкірттерін әдептілік пен мәдениетке, қайырымдылық пен белсенділікке баули отырып, олардың бойына ізгілік нұрын себуден еш шаршаған емес.

Бүгінде ұлы Руслан мен қызы Құралайдан тараған немерелерінің ақылшы, сүйікті әжесі ғана емес, қалың шәкірттерінің темірқазықтай ұлағатты ұстазы. Оның даңғойлықтан ада бөлек болмысы – адал еңбектің рахатын көріп, абырой биігіне қалай көтерілуге болатындықтың дәлелі. Ал бұл қасиет – бүгінгі жастар үшін таптырмас рухани мектеп.

Сара Бахтиярқызының дабырасыз тіршілігі, ғибратты ұстаздық ғұмыры, ғылым жолындағы ізденісі өскелең ұрпақ үшін бой түзейтін айнаға айналарына кәміл сенеміз.

Аягөз АБДРАЗАХОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
аға оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!