«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, бiр немесе бiрнеше, оның ішінде басқа сот орындаушыларының іс жүргізуіндегі атқарушылық құжат бойынша борышкердiң жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс.
Бұл ретте, алименттерді өндіріп алу және мертіккеннен немесе денсаулығы өзгеше зақымданғаннан, сондай-ақ асыраушының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу жағдайларын қоспағанда, борышкерде сақталатын сома республикалық бюджет туралы заңда жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Бір борышкерге қатысты жалақыны және өзге де кірістер түрлерін өндіріп алу туралы бірнеше қаулы болған жағдайда, атқарушылық құжаттар бойынша өндіріп алынған сомаларды пропорционалды бөлу талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
Түзеу жұмыстарын өтеп жүрген адамдардан атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу соттың үкiмi немесе қаулысы бойынша жүргiзiлген ұстап қалу сомасы есепке алынбай, жалақының толық сомасынан жүргiзiлуге тиiс.
Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде төленетiн әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыларға, сондай-ақ оқушылардың стипендиялары мен жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақыларға өндiрiп алуды қолдану төлем көзінен ұсталатын, алименттерді өндіріп алу және мертіккеннен немесе денсаулығы өзгеше зақымданғаннан, асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы сот шешiмi бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
Д.Шарапатов Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!