Қоғамдағы заң мен тәртіп қағидатын нығайтуда борыштық міндеттемелердің уақытылы әрі толық орындалуы ерекше маңызға ие. Осы мақсатта Қазақстан Республикасында Борышкерлердің бірыңғай тізілімі жұмыс істейді. Бұл тізілім сот актілері мен өзге де атқарушылық құжаттар бойынша берешегі бар жеке және заңды тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор болып табылады және оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жүргізеді.  Борышкер туралы мәлімет сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін және атқарушылық іс қозғалған соң енгізіледі. Тізілімде борышкердің аты-жөні немесе ұйым атауы, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) не бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН), атқарушылық іс жүргізу нөмірі сияқты заңнамада көзделген ақпараттар көрсетіледі. Егер борышкер берешекті толық өтесе, ол тізілімнен шығарылады. Борышкерлердің бірыңғай тізілімі ең алдымен ашықтықты қамтамасыз етеді. Кез келген азамат немесе кәсіпкер келісімшарт жасасу алдында серіктесінің берешегі бар-жоғын тексере алады. Бұл өз кезегінде қаржылық тәуекелдердің алдын алуға және іскерлік қатынастардағы сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тізілімге енгізілу борышкердің жауапкершілігін күшейтіп, міндеттемелерді уақытылы орындауға ынталандырады. Берешек өтелмеген жағдайда сот орындаушысы заң талаптарына сәйкес мүлікке тыйым салу, банктік шоттарды бұғаттау, сондай-ақ елден шығуға уақытша шектеу қою сияқты шараларды қолдана алады. Мұндай шаралар борышкерді заң талаптарын орындауға міндеттеу мақсатында жүзеге асырылады. Қорыта айтқанда, Борышкерлердің бірыңғай тізілімі – құқықтық тәртіпті нығайтатын, қаржылық жауапкершілікті арттыратын және қоғамдағы сенімділік деңгейін көтеретін маңызды құрал. Әрбір азамат пен ұйым өз міндеттемелерін адал орындау арқылы құқықтық мемлекеттің дамуына өз үлесін қосуы тиіс.

Шарапатов Дастан Ахметуллаевич,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
«Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп
орындату аумақтық бөлімінің» сот орындаушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!