«Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін толықтай шеше ала ма? Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді көпке мәлім еткен жәрмеңке жайлы сөз қозғағанда осы сауалдың туындайтыны заңды. Статистикаға сүйенсек, жуырда ғана ұйымдастырылған жәрмеңкеде 250-ден аса қызылордалық мамандығы бойынша мекемелерге жолдама алған. Қазір нарықтың сұранысына сәйкес жұмыс табудың оңай емесін ескерсек, бұл бастаманың тиімді тұсы мол екенін көрсетеді.
Жұмыссыздар арасында жастардың болуы және жыл өткен сайын олардың көбеюі қоғам үшін түйткілді мәселе екені белгілі. Осы олқылықты жою мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қабылданып, жастарға жаңа мүмкіндік сыйлағаны рас. Бұл бағдарламаға оқуын енді бітірген жас маман немесе соңғы үш жылда мамандық бойынша жұмыс істемеген жастар қатыса алады. Жастарға қолдау беріп, бағыт көрсеткен бағдарламаға биыл өзгерістер енді. Осыған дейін бастама арқылы жалақы 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілсе, енді жас мамандар 30 АЕК (91 890) теңге жалақы алатын болады. Оған қоса осы жылы бағдарлама арқылы 849 жас маманға қаржы қаралған. Бұл жәрмеңкеде ұсынылған тиімді бағдарламаның бірі ғана. «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің пайдалы тұстары және жұмыссыздық мәселесі жөнінде «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік мынадай пікір білдірді.
‒ Негізі жастарды және жалпылама тұрғындарды жұмысқа орналастырудың бірнеше құралы бар. Аталған жәрмеңке соның бірі. Біріншісі – онлайн ақпараттық жұмыс, яғни «Жұмыс бар» деген арнайы парақша арқылы бос жұмыс орындарының постерлерін шығарамыз. Екіншісі – осы жәрмеңке. Басқа құралдармен салыстырсақ, жәрмеңке тәсілі нәтижелі. Себебі мемлекеттік бағдарламалар арқылы емес, бос жұмыс орнын ұсынып отырған кәсіпкерлердің өзін тікелей шақыру арқылы жүргізіледі. Жұмыс беруші бірнеше кандидатпен сұхбат құру арқылы өзіне қажетті маманды таңдайды. Бір жағынан бұл жұмысқа іздеушіге де ыңғайлы. Азамат бірнеше жұмыс жайлы сөйлесіп, өзіне қайсысы ыңғайлы, соны таңдауына мүмкіндік бар.
Жәрмеңкеде ашық, қолайлы орта және жақсы тенденция байқалады. 60-қа жуық мекеме өкілі жұмыс ұсынып келді, соның көпшілігі бір-екі күн қалғанда хабарласты. Біз, әрине, оларды қабылдадық. Оған дейін 40-тай жұмыс ұсынушы болса, соңғы бір-екі күнде жиырма шақты мекеме хабарласып, осылайша барлығы алпыстай жұмыс беруші жинақталды, яғни бос жұмыс орын жәрмеңкесі тек жұмыссыздарға ғана емес, жұмыс берушілерге тиімді болды. Ал біз үшін жұмыссыздық мәселесінің шешілуі қуантарлық жайт. Ешкімді мәжбүрлемейміз, тек таңдау мүмкіндігі туатындай нұсқаларды ұсына аламыз. Ал таңдау еркі көбірек болғанда адам өзіне жақсыны, керекті іріктейді.
Жұмыс орнына келетін аудиторияны таңдау да маңызды. Соңғы екі жылда қаладағы колледж, университеттердің бітіруші түлектерімен тікелей байланысқа шығып, оларды мемлекеттік бағдарламалармен де, жеке жұмыс орындарымен де қамтамасыз еттік, ‒ дейді ол.
Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жастарды қуанышпен сүйіншілеген жаңалықтың бірі болғалы тұр. Бағдарламаның басты тиімділігі – орта арнаулы және жоғары оқу орнын бітірген дипломды қажет етпейді, яғни мектептің аттестатымен жұмысқа тұра аласыз. Бұл мектептен кейін оқумен қамтылмаған жастарға тиімді. Мұндағы жоғары талаптың бірі – 18 айдың 12 айында жұмысқа тұрушы мемлекет тарапынан айлық алса, қалған жарты жылында мекемеге жұмысқа алынуы керек. 12 ай біткен соң тұрақты жұмысқа қабылдау деген міндеттеме бар. Осылайша маман тұрақты жұмысқа орналасқан соң сол мекемеде қалады. Бұл кәсіпкерлерге де, жұмысқа тұрушыға да ыңғайлы. Енді ғана кәсіп бастағандар үшін тиімділігі – жас мамандарды алып, мемлекет 12 ай айлықпен қамтыған соң, әрі қарай өзіне сапалы маман ретінде алып қалуында.
Айта кету керек, биыл жастарға берілетін «Бастау бизнес» жобасының қайтарымсыз грант көлемі де өзгерді. Бұған дейін ол 580 мың теңге болса, енді 1 млн 200 мың теңгеге ұлғайтылды. Осы жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік грантты 909 адамның алуға мүмкіндігі бар. Оның ішінде 331 жас кәсіпкерге грант беру жоспарлануда.Бағдарламалардың пайдалы тұстарымен танысқан соң жастармен етене жұмыс істейтін орталық басшысына «Жастар жәрмеңке аясында жұмысқа тұрып, белгіленген мерзім аяқталған соң қайта жұмыссыз қалуы мүмкін бе? Жәрмеңке мәселені түбегейлі шеше ме?» деген сауалымызды да қойған едік.
‒ Біз 561 бос жұмыс орнын ұсындық. Оның жартысынан көбі тұрақты, мекемелердің өздері ұсынған жұмыс. Ал 200-ге жуығы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасты. Сұраққа оралсақ, әрине, жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі бағдарламаның мақсаты – адамды уақытша жұмыспен қамту емес, енді ғана жоғары оқу орнын бітірген маманға алғашқы тәжірибе беру. Алғашқы еңбек шарты құрылады. Мамандығы бойынша тәжірибе жинақтайды. Барлығы заң аясында жүзеге асады. Еңбек кітапшасы ашылады, штаттық режимде жұмыс істейді. Мәселен, осы жылы бағдарлама бойынша жұмыс істеу 1 жылға созылды. Тек тәжірибе жинап қоймай, ұжыммен жұмыс істеу арқылы кішігірім сынақтан өтеді. Бұл жұмыссыз қала ма деген сөз емес, жастарға мүмкіндік бере аламыз ба дегенге саяды, яғни «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмыс істеген түлектің одан кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндік мол. Ешқандай бағдарлама бұл мәселені шеше алмайды. Бәрі оның өзіне байланысты. Жұмысқа орналасып кеткен адамдардың өзі кейде шыдамай, бір апта немесе бір айдан кейін жұмыстан кетуі мүмкін. Егер еңбек етуде қажетті дағдылар болмаса қиналып, бәрібір жұмыстан шығады. Мұндағы біздің мақсат – әр адамға жұмыс табуға мүмкіндік сыйлау, ‒ дейді С.Кеңшілік.
Былтырмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша азайған. Мемлекеттік бағдарлама арқылы да, тұрақты жұмысқа да тұратын жастар қатары көбейген, бірақ бұл мәселе өзге қалаға жұмысқа кету арқылы шешілуде. Өйткені қалада өз мамандығы бойынша тиісті мекеме, компания болмағандықтан жастар сыртқа кетуге мәжбүр екенін жасыра алмаймыз.Қызылорда облысы индустриалды аймақ болмаған соң техникалық мамандықты меңгергендер көбіне шетел асып немесе Қарағанды, Семей сынды қалаларға барып, жұмыс істеуде.
Е.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!