Кез келген жүйесіз көші-қон елдегі тұтастық, қауіпсіздік, заңнама құндылықтарын аяққа таптауы ықтимал. Бұл келген көштің ықтиярымен өте ме, еркінен тыс бола ма, басқа мәселе. Себебі этностың өзге сипатты сіңіруі, бөлек қоғаммен біте қайнасуы баяу жүретін процесс. Әсіресе, арада тағы діни алшақтық болса…

Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Бүгінде басқаруы қиын миграциялық толқын әлемге жаңа әлеуметтік мәселе, экономикалық қиындық әкелуде. Еуропаның өзі оншақты жыл бұрын қабылдаған сириялық босқындардың әлегінен әлі бас көтере алмай отыр. Тіпті кей белсендінің ғасырлық қалалар өркениеті мен жергілікті тұрғындардың өмір дағдысы сырттан келген халықтың мәдени экспансиясына ұшырады деген айғайы да естіледі. Енді, міне, оған Ауғаннан ауа көшкен жұрт қосылмақшы. Осының бәрі әлем елдерін босқынға үрке қарап, шекара қымтауға итермелеуде. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Даудың басы

АҚШ-тың өктем интервенциясымен биліктен кеткен тәліп­тер араға 20 жыл салып, қайта оралды. Өздерін ислам фунда­ментализміне нық бекідік деп сенетін содырлар өткен аптада бас имеген соңғы қала – Кабулға да кірді. Оқ шығындамай, кісі өлтірмей. Іле-шала Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетсе, НАТО мен АҚШ әскеріне болысқан жақтастар мен бейбіт тұрғындар шекара асуға ұмтылған. Автожол жабық, халық әуежайға ағылып, әскери ұшақтар аузы-мұрнына дейін толды. Тіпті ұйқы-тұйқысы шыққан халықтың шарасыздығын ұшақ дөңгелегіне жабысқан әрекетінен-ақ аңғару қиын емес еді.

Саяси сарапшылар, тілшілер ерте ме, кеш пе жағдайдың мұн­дай қалыпқа өтерін күні бұрын болжаған-тұғын. Дегенмен тәліп­тердің небары екі аптаның ішінде билікті толық қолына алуын күтпегені анық. Босқындар жайынан хабар таратқан халықаралық ақпарат агенттіктері халықтың елден үдере көшуін лаңкестердің жылдам әрекетіне телуде. Өзгелер бейнебайланыс арқылы мә­лімет алса, от пен оқтың ортасында жүрген CNN арнасының тіл­шісі Кларисса Уорд Кабул көшелерін еркін кезіп, тәліптерден тіке­лей сұхбат алыпты.

«Ауғанстандағы босқындар дағдарысы тәліптер елді басып алған сәтте күрт өсті. БҰҰ-ның мәліметінше, жыл басынан бері жарты миллионға жуық ауған халқы қарулы қақтығыс салдарынан өз үйін тастауға мәжбүр болған. Енді содырлар толық билік жүргізген сәтте тағы он мыңдаған тұрғын қашуға тырысуда. Олардың басым бөлігі әйелдер мен балалар», – деді тілші.

Ал, BBC арнасының журналисі Эшли Джон-Батист болса, Уган­да елінен ауған босқындары туралы хабар таратты. Аңғар­ғанымыз, мұнда 2 000-ға жуық ауған босқындарына арнайы лагерь құрылып, көмек көрсетуге әзірлік жүруде екен. Конго, Судан мем­лекеттері де босқын қабылдауға дайындықты бастаған.

«АҚШ билігінің қолдауымен Угандаға алғашқы 500 ауған бос­қыны келді. Босқындар саны әлі де артады. Мұнда барлық жағдай жасалған әлі мамандар тарапынан тәжірибе де жеткілікті. Қазір­дің өзінде мұнда өзге елдерден келген 1,3 миллион босқын бар», – деді Эшли Джон-Батист.

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?»

Бір қызығы, бас сауғалаған босқындардың Африка матери­гіне барғысы жоқ. Мұнда да саяси ахуал мен экономикалық әлеует қалт-құлт етіп тұрғасын көбінің «оттан шығып, шоққа түскендей» күй кешкісі келмейді. Тіпті жақын саналатын Иран мен Пәкістанда да шекесі шылқымасын білді ме, бәрінің аңсары – Еуропа, болмағанда Түркия. Алайда осынша мигра­циялық толқынға рұқ­сат бере қоятын Еуроодақ қайда?! Тап осы күні одаққа мүше 28 мемлекет онсыз да Таяу Шығыс пен Африка елдерінен келген келімсектердің көбейгенін айтып, қызылкеңірдек болып отыр.

2015 жылы Сириядан келген босқындарға құшақ ашқан Гер­­ма­ния келер толқынды қабылдауды мойнына алуға асығар емес. Өткен айда ауған босқындарына қатысты баспасөз конфе­ренциясында Ангела Меркель: «Германия мен Австрия ЕО үшін Ауғанстан мәселесін жалғыз шешуі мүмкін емес» дегені бар. Ал Түркия болса, ауған босқындарына қатысты мәселені жіті бақы­лайтынын айтқан. Өткен айда Иран арқылы Түркияға өтпек болған 27 мың халық шекарада ұсталған болатын. Жақында Ердоған да Ангела Меркельдің жауабымен сабақтас үндеу жасап, ЕО-ға қар­сылық көрсетіп бағуда. Литва, Беларусьтың жайы екібастан белгілі.

Сондықтан босқындарды бір құтқарса, уәдесі кеткен АҚШ не­месе Ұлыбритания жәрдемдесуі мүмкін. Апта басында «The Guardian» басылымы Борис Джонсонның 20 мың ауған босқынына пана беретінін жариялады.

«Ауғанстандағы батыс коалициясына көмектескен 20 мыңға жуық азамат Ұлыбританияға қоныстанатын болады. Үкімет ау­дар­машы, жол көрсетуші секілді қызметті атқарған ауған азамат­тарының тізімін жасады. Алайда тәліптердің аяқастынан астанаға басып кіруі жағдайды қиындатты. Себебі тізімге енген халықтың көп бөлігі содырлардан қорқып, Пәкістан жеріне өтіп кеткен. Борис Джонсон 20 жылда НАТО әскеріне көмектескен халыққа басын иіп, құрмет көрсететінін жеткізді» деген мақалада.

Джо Байден де жәрдемдесуге уәде берген аудармашы­ларды АҚШ-қа алдыруға әзір. Тіпті Президент Ауғанстан аза­­­мат­тарына арнайы иммиграциялық виза (SIV) беруді жеңілдету мақсатында 500 миллион доллар бөлді. Алайда бұл жұмыстардың қашан аяқта­латыны, тасымалдаудың нақты уақыты айтылмауда. Сон­дық­тан бұл да бұлыңғыр амалға айналғандай.

Осы аралықта сәл шегініс жасап, ащы да болса бір шын­дықтың бетін ашу керек секілді. Расында, адам ресурсы – мемлекетке қажетті артықшылық. Дегенмен мәселе бос­қындардың сапа­сында, яғни білім деңгейі, кәсіби білік қа­бі­летінде болып отыр. Әрине, мұндай «сапа өлшемін» адам­затқа қолдану қаншалықты орынды екені белгісіз, алайда көп мемлекеттің босқындарды қа­былдау, тұрақты қоныстандыруға аяқ тартуына себеп бол­ған осы жай. Әрбір босқынды қоғамға бейімдеу, қайта білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық заң талап­тарын түсіндіру секілді жұ­мыстар артық шығын мен уақыт талап етеді. Сондай-ақ халық саны аз мемлекетке сырттан келген келімсек қатарының көбеюі тұрақсыздыққа бастауы ықтимал. АҚШ-тың Орталық Азия елде­ріне «босқындарға болысыңдар» деген үндеуінің бір ұшы күрмеулі қалуының мәні де осыған саяды.

Көш құласа…

Ауған ахуалы көтерілген сәтте Қазақстан да алаңдай бас­та­ды. Орталық Азияға ықпалы, іштегі «жасырын-ашық» діни топ­тарға қаншалықты әсер етеді деген сыңайдағы сауалдар қылаң берген. Көп ұзамай, босқындар туралы сөз қозғалғанда әлеуметтік желіде «Қазақстанға Ауғанстаннан босқындар келеді» деген қауесет тарай бастады. Кейбірі «Шымкент қаласы мен Оңтүстіктегі облыстарда лагерьлер құрылады» деген болжам да айтып үлгеріпті. Дегенмен Ақорда мен Сыртқы істер министрлігі ақпаратты жоққа шығарып, Мемлекет басшысының мұндай нұсқау бермегенін айтқан болатын.

Орайы келгенде «Ауған босқындарының қазақ жеріне келуі қаншалықты мүмкін?», «Олардың тұрақты қоныстануына біздің орта қолайлы ма?», «Қазақ қоғамына қандай әсері болуы ықти­мал?» деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Жалпы қазақта пана сұрап, еріксіз елінен көшкен ұлттарға қамқор көңіл бұрыннан бар. Қиыр Шығыстан қоныс аударған кәріс пен «Чечевица» операциясының құрбанына айналған шешен-ингуш халқының өзі жылдар бойы қазақпен бірге жасап келеді. Ыстығын көрді, суығын сезінді. Бүгінде көп айтатын, «түрі басқа, тілегі бір» этносқа айналды. Сондықтан дін мен дәстүр жуықтас ауғанның елге үйреніспеуі мүмкін емес секілді. Тек бір кедергі – тіл мен климат.

Ауғанстандағы басым этнос өкілдері өзбек, тәжік, түркімен бол­ғандықтан, қарапайым халық қоныс аударуға құтты мекенді сол жақтан іздері анық. Оның үстіне іргелес ұлттар ғасырлар бойы бір-бірінің мәдениетін, болмысын танып, қысылмай күн кешуге мүмкіндігі бар. Бұл болжам қазір де жүзеге асып жатқан секілді. Мәселен, Ауғанстан билігі толық тәліптерге өткенде солтүстіктегі халықтың басым бөлігі өзбек текті генерал Абдул-Рашид Дустуммен бірге Өзбекстан асқан. Ал Тәжікстанда пана сұрап келген қандастар мен босқындарды шекара маңындағы ауылға қоныстандырыпты. Сол себепті бұқараның еркінде болса, қазақ жеріне боспай, жақындағы Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Пәкістан секілді елдерге баруға пейілді болатыны белгілі.

Егер қауесет шынға айналып, Қазақстанға босқын келгеннің өзінде, тек үшінші елге виза алу мақсатында уақытша тұрақтауы мүмкін. Әлгі АҚШ-тың қорған болар визасын иеленуге ниетті аудармашы, жол көрсетуші секілді санаулы құпия қызметкерлер. Себебі біздің климат Конго, Уганда секілді он мыңдаған халықты уақытша лагерьге паналатуға қолайлы деп айта алмас едік. Сәл шыдаса, күз жақын. Мұндағы ауа райы да күрке тігіп күнелтетін емес. Аязы қарып, суығы өңменіңнен өтеді. Сондықтан мыңдаған босқынды қоныстандыру аса бір оңтайлы шешім болмасы анық.

P.S. Міне, осындай ерекшелік істің ендігі бағытын бағамдауға, аз да болса жалған ақпар мен мәліметтің жетегіне ермеуге сеп болар. Оған қоса мұндай маңызды қадам халық талқысынсыз, қарадүрсін қабылданатын шешім емесі белгілі. Ал Ауғанстанның ертеңі туралы соңғы сөз жаңа үкіметті халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің мойындауына тікелей тәуелді.

Ерсін Шамшадин

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!