Рахиямен танысқан кезім сол 1981 жылдың жанға жайлы, шуақты жаз айының соңы, күреңді, бұлыңғыр бұлтты күні көп күз айының басы болатын. Менің Тереңөзек кентіне жолдамамен барып Тереңөзек-Жалағаш ауданаралық сот-медициналық сарапшысы болып жұмыс істеп, болашақ жарым Гүлнәрмен танысып, кездесіп жүрген кезім еді. Сондай шуақты күндердің бірінде мені Гүлнәр өзінің мектепте және институтта бірге оқыған досы Рахия Есназаровамен таныстырды. Бұл Рахияның Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқытушы болып орналасқан кезі болатын. Осы таныстығымыз кейін жанұялық достыққа айналды.

Рахия Мансұрқызы – 1958 жылдың 6 ақпан күні Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы совхозда оқытушы отбасында өмірге келіп, сол елді мекеннің №137 орта мектебін 1975 жылы «Алтын медальмен» тәмамдады. Балалық шағынан өнерге, ғылымға деген құштарлығы оның арманын аялап, ол сол жылы Қызылорда қаласы Н.В.Гоголь атындағы педогогикалық институттың қазақ тілі факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында небір ғылыми жұмыстармен айналысып, білімді, білікті, ұйымдастырушылық қабілетімен абыройлы, ұстаздарға сыйлы, үлгілі студент атанып, группаның старостасы, Лениндік стипендияның иегері бола білді. Осындай жасымайтын жігерінің, білімге деген ыстық ынтасының, орақ тілді өр мінезінің арқасында ол осы институтты 1979 жылы үздік бітіріп шыққан болатын.

Еңбек жолын өзінің туған жері Тереңөзек ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы совхоздағы №137 орта мектебінде оқытушылық қызметтен бастаған. 1980 жылы Қызылорда қаласы Гоголь атындағы педагогикалық институт басшылығы қазақ тілі кафедрасына аға оқытушылық қызметке шақырады. Жас маманның өмірге, өнерге, ғылымға құштар кезеңі осы сәтке сәйкес келгендей. Көрнекті ғалымдар мен ұлағатты ұстаздар ортасы білімге, ғылымға ынтыққан Рахияның таудай талабын шыңдай түскен еді.

Ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп Рахия 2005 жылы профессор Т.Кәкішевтің ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алды.

Осындай ұлағатты ұстаз ұзаққа созылған ауыр науқас салдарынан артына қызын, «көзден кетсе де, көңілден кетпейді» дегендей, өзін еске алып отыратын бауырларын, достарын қалдырып, 2023 жылдың желтоқсан айында бұл пәниден мәңгілік кеменіне аттанған болатын.

Рахия Мансұрқызы біздің есімізде досқа деген адалдығымен, ақкөңіл мінезімен, тура айтатын тапқырлығымен, талапшылдығымен, сөзге шешендігімен, жанға жайлы да жағымды керемет даусымен, ән сөздерін ұмытпайтын, есте сақтай білетін қабілетімен, шынайы шымшыма, қағытпа қалжыңымен есте қалды.

«Бозарып атқан ақ таңда, бозарып тұрып ақпанда есіңе мені алғайсың…» деп Мұқағали жазғандай 6 ақпан жан досымыз Рахияның туған күні еді. Сен тірі болғаныңда шағын пәтеріңнің кең бөлмесіңде шаттықта, көтеріңкі көңілде кең пейілімізбен, жанұялық достар болып туған күніңді тойлап, естен кетпес ескі әндерден ән шашу жасап отырған болар ма едік, әттең…

Мәңгіге кеткенің бе, қайран құрдас?
Шәкіртке кең құшағын жайған құрдас.
Бірде бар, бірде жұтаң мына дүние,
Майдан бір, рас.

Мен сені іздеп бүгін, құлазыдым,
Өзіңсіз күрең тартып құладүзім.
Ұлылар қолтаңбасы сияқтанып,
Тұрады ізің.

Сен деген бөлек едің,
Каспидің тұнығындай терең едің.
Бір сәтке сырласуға, мұңдасуға,
Керек едің – деп сен туралы жергілікті ақын Серік Ыдырысов жырлағандай, расында, бәрімізге керек едің, керемет жан едің.

Рахымжан ӘЛІП,
Сот-медицинасы сараптамасы
саласының ардагері, заңгер

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!