Жуырда елімізге белгілі айтыскер ақын, қоғам белсендісі Айнұр Тұрсынбаева туған күнінде 35 мың доллар тұратын «Hermes Birkin» сөмкесін сыйлыққа алғаны туралы әлеуметтік парақшасында бөліскен еді. Сөмкенің бағасы қазақстандық валютамен 15 млн теңге.
Алайда «ұнамады, оның орнына мұқтаж жанға пәтер әперуге болатын еді» деген ол брендтік өнімдерге қызығушылығының жоқ екенін атап өтті. Бұл – тек Айнұр Тұрсынбаеваның пікірі. Дегенмен құны қымбат дүниеге қызығатын жастар аз емес. Брендтік киім мен аксессуар қанша тұрады өзі? Материалда жұлдыздардың бір күндік образына шолу жүргізіп көрдік.
Мерилин Монроның көйлегі қаншаға бағаланды?
Lyst аналитикалық платформасының сарапшылары сән әлеміндегі ең танымал брендтер мен өнімдердің тоқсан сайынғы рейтингін жариялады. Рейтинг нәтижесі бойынша 2023 жылдың соңғы кварталында италияндық Prada бренді топ жарып шықса, 2024 жылдың басынан бастап испандық Miu Miu танымалдылыққа ие. Алғашқы ондыққа сәнқойларға арналған Bottega Veneta, Moncler, Saint Laurent, Versace, Jacquemus, Burberry, Valentino, Skims және UGG бренді кірді.
Айта кетейік, Skims және UGG брендтері сән әлеміне инфлюнсерлер арқылы енген, олар люкс бренд болып саналмайды.
Неліктен көпшілік брендтік өнімге қызығады? Былай алып қарасақ, айрықша пайдасы жоқ, тек қымбат тұрады демесең, базардағы киім мен заттан айырмашылығын байқамайсың. Дегенмен брендтік өнімдер имидж бен «дәрежеңді» көтермелейді. Сән әлемінде өзіндік стиліңді табуға, публика алдында танылуға һәм сол затты жарнамалауға, іскерлік қарымқатынас құруыңа, сондай-ақ талғамды қалыптастыруға бейімдейді. Көп жұлдыздың қызығушылығын оятатын да осы құндылықтар.
Қазір сән-салтанаты жарасқан іс-шара көп. Мәселен, жыл сайын ұйымдастырылатын америкалық Met Gala, киноиндустрия жұлдыздарының жарқырай көрінетін сәті «Оскар» марапаттау кеші, сән әлеміндегі азуы алты қарыс алпауыт бренд тер ұйымдастыратын кештер. Ендеше салтанатты мейрамда киілген ең қымбат киімдер туралы атап өтсек. Қызыл кілемде киілген ең қымбат киім – актриса Мэрилин Монроға тиесілі.
Ол әйгілі көйлегін 1962 жылы Джон Кеннедиге арнап «Туған күніңізбен құттықтаймын, Президент мырза» әнін шырқағанда киген. 2016 жылы аукционда құны 4,8 миллион долларға бағаланып, сатылды. Келесі танымал және қымбат деп есептелген киімдер мына жұлдыздарға тиесілі: Николь Кидманның көйлегі. 1997 жылы «Оскар» рәсімінде ол Christian Dior көйлегін киді, оның құны шамамен 2 миллион долларды құрады.
Кейт Бланшеттің көйлегі. 2014 жылы «Оскар» сыйлығын алу кешінде ол Armani Privé көйлегін киген, құны шамамен 100 000 доллар деп бағаланған. Люпита Нионго көйлегі. 2015 жылы «Оскар» рәсімінде актриса Кальвин Клейннің 6000 інжумаржанмен көмкерілген көйлегін киді, оның құны 150 000 долларға бағаланды.
Бір күндік образ – 43 млн 670 мың теңге
Отандық танымал шоу-бизнес өкілдеріне бет бұрсақ. Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбектің образына талдау жасап көрейік. Оның үстіне киген ақ түсті көйлегінің қүны 500 мың теңге, саусағындағы гауһар таспен көмкерілген сақинаның бағасы 10 млн теңге. Одан бөлек образын толықтыру үшін таққан әшекейлері Van Cleff, Bulgarri атты ерекше танымалдылыққа ие брендтерден тұрды. Сырға, сақина, сағат, білезік секілді бұйымдардың жалпы бағасы 14 млн теңгеге жуық. Сондай-ақ Dior брендінің сөмкесін ұстаған еді, оның құны 2 млн теңге. Сол күні киген образдың соммасы 26 млн 800 мың теңгені құрады. Құлағыңа тұрпайы боп естілетін бұл бағалы образдың орнына үй алуға болатын еді деп пікір бөліскен әлеуметтік желі қолданушылары Айсәуле Бақытбектің өміріне қызығып та, оны образының құны үшін сынап та жатты.
Әлемдік шоу-бизнесте танымал жұлдыздардың бір күндік образы біреудің бір жылдық табысына тең. Мәселен, ресейлік репер Тиматидің бір күндік образының бағасы 43 млн 670 мың теңге болды. Америкалық әнші, репер, инфлюенсер Рианнаның бір күндік образы 375 млн теңге болып есептелді. Ал қазақстандық жұлдыздар да бұдан қалыс емес. Мәселен, блогер Айлина Иманованың бір образы 107 млн теңгені құрайды, белгілі әнші Қайрат Нұртастікі 8 млн 830 мың теңге болса, бизнесвумен Дамелия Sweet-тің бір күндік киімі мен аксессуары 11 млн 750 мың теңгені құрады. Бұл тек брендсүйер қауымның кішкене бөлігі ғана, аты аталмаған жұлдыздар саны онсыз да көп.
Қымбат киім, бағалы әшекей бұйым алуды ысырап көретін, сынайтын халық өмірдің қай кезеңінде болған. Дегенмен жоқпын дегенге жоқшылық, тармын дегенге таршылық деп қол қусыруға болмайды. Біреудің бақытын қызғанып, өз бағытыңыздан жаңылмағаныңыз абзал. Материалды бай бола тұра рухани кедейліктің зардабын шегуге болады. Ал сіз, қадірлі оқырман, миллион теңгеге брендік өнім алуға қалай қарайсыз?
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!