Қызылорда облысында ағымдағы жылдың 9 айына бруцеллез ауруының 18 жағдайы тіркеліп,100мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 2,1 құрады, 2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 2,2 есеге төмендеген (2023жылдың 9айына 39жағдай аурушаңдық көрсеткіші 4,6).

Бруцеллез індетіне шалдыққан науқастардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі 77,8% құрады.Ауру ошақтарында індетке қарсы іс-шаралар жүргізіліп, қарым-қатынаста болған 96 адам тексерумен қамтылды және 5адамнан оң нәтиже анықталып, медициналық бақылауға алынды.

Бруцеллез ауруының негізгі көзі – ауылшаруашылық малдары, ауру адамға көбінесе тұрмыстық қарым -қатынас және алиментарлық жолдар арқылы беріледі. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бруцеллез ауруының алдын алуда малды төлдету, қойдың жүнін қырқу кезінде арнайы киім, резеңке қолғапты пайдалану қажетігін, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында термиялық өңдеуден міндетті түрде өткізу керектігін еске салады.

Бруцеллез ауруының белгілері – дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, дене салмағын жоғалту. Індетке шалдыққан адамның буындары ауырып, бұлшық еттері мен жүйке жүйесі зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдер белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда бруцеллез ауруы асқынып, мүгедектікке дейін жеткізуі мүмкін.

Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!