«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі Қазақстанның жұмыссыз азаматта­рына қаржы береді. Ол үшін мына сілтемеге өтіңіз» осы хабарлама телефоныма бір күнде жүзден аса адамнан келді. Сілтемеден өте салайық, беріп қалар деген үміт те жоқ емес. Шынымен береді екен деп сеніп, жан-жаққа таратып отырғандар жеткілікті. Мен алдым деп пікір білдірген − шет елдің азаматтары. Осыдан-ақ күмәндануға болады. Мәтіні бір-біріне ұқсас сілтеме арқылы өтуді сұ­райтын хабарламалар көбейіп кетті. Дұрыс тол­тырсаң, 50 мың теңге есеп шотыңа түседі екен. Жаныма батқаны, көкірегі ояу көзі ашық азамат­тардың сол ақпарға сеніп таратып отыр­ғаны. Мемлекеттік органдардың, тіпті Nur Оtan партиясының ресми парақшасын қарап шық­тық. Халыққа қандай да бір көмек берілетіні тура­лы ресми ақпарат таппадық. Бұл − әлеуметтік желі­дегі алаяқтардың құрбаны боламыз деген сөз. Сілтемеге өтіп, мәнсіз сауалнаманы тол­ты­рып отырғанда телефондағы жеке мәлімет­тер қолды болуы мүмкін.
Біз осы неге тегін дүниеге әуес болып кеттік. Біреу бірдеңесін тегін берсе деп жаутаңдап отырамыз. Жақсы қасиет емес. Пандемия уақытында көп адамдар ауырып жүр, нарықтағы баға да көтеріліп кетті. Былай тартса, былай жетпейтін тұрмыс­тық тауқыметтің тапшылығы да біздің психологиямызды тілем­ші етіп қойған секілді. Әлеуметтік желіде біреу ескі затын тегін берем десе, астына мың сан адам маған беріңізші деп жа­зады. Ойланатыным, расымен осы адамдардың барлығы мұқтаж ба? Әлде, ақыры тегін беріп жатыр ғой ала салайын дейді ме? Адамның өмірі, оның өмір сүру деңгейі санасының тікелей көрсеткіші. Бүгін кімнен нені тегін алсам екен деп ойлап жатпайтын шығарсыз. Тұрып еңбек етіп, өз несібеңізді өзіңіз терген тәуір емес пе? Өзгеден сұрай салу, жұмыссыз, жалқау адамдардан шығады. Бір жәрдем етсең, келесіде қайта сұрап тұрады. Мен тынымсыз тапқан еңбек ақымды неге бөлісуім керек деген ойға қалам. Он екі мүшесі сау, жұмыс істесін. Таңнан қара кешке дейін телефоннан шықпай, жалған ақпараттарды зерттемей, таратып, ақыр соңында өзі алаяқтарға жем болып отыратындар көбейіп кетті.
Сауда орындары да екеуін алсаң, біреуі тегін деген әдіске көшкен. Дүкеннің есігінде «Тегін» деген жазу көрсек, бас сұқпай кетпейтін психология пайда болды. Тіпті маған, балаларыма тамақ керек, голд нөмірім осы деп жазып жариялайтындар бар. Тура оның балаларын бағуға, жеткізуге басқалар міндет­ті секілді. Оларға бүкіл әлем міндетті. Қытай ойшылы Кунфудзының: «Елің асып-тасып отырғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-аршып отырғанда, бай әрі бағлан болғаның ұят» деген сөзі бар. Бар болса, қарайлас, жоқ па жаутаңдап қолыңды жайма! Қай жерде, қандай тегін дүние бар деп отыру бұл − масылдық. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау! Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – дейді Абай. Адам өз өмірін қолға алып, еңбек етіп, нан таппайынша, масылдықпен қанжығасы майланбасы анық. «Кісіден сұрағаннның көзі шығар, құдайдан сұрағанның бүйірі шығар», − деген. Оңай олжалы боламын деп алаяқтарға алданбайық, Құдайдан сұрап, қарекет етейік?!
Қаракөз ҚЫПШАҚ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!