Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау − ең өзекті мәселенің бірі. Себебі жылдан жылға түрлі салалардың дамуымен қатар қоршаған ортаға келтірілетін теріс әсер де артып келеді. Елімізде индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа заманауи қолжетімді технологияларды енгізу арқылы қоршаған ортаға келтіріп жатқан теріс әсерді азайту мақсатында түрлі іс-шараларды қолға алу қажет. Мен Төретам кентінің тұрғыны болғандықтан Байқоңыр мәселесімен, оның зардабымен жіті таныспын. Сондықтан туған жердің жанашыры ретінде табиғатқа келіп жатқан зиянның алдын алу басты парызым деп есептеймін. Келер ұрпаққа таза ауа мен тұмса табиғат қалдыру бүгінде әр адамның басты парызы болса керек. Міне, осы ұстаным мені алға жетелейді.

Бұл мақалада әлем назарын аударған Байқоңыр кешеніндегі ғарыш айлағы мен оның қызметін қамтамасыз ететін объектілердің және Байқоңыр қаласындағы халықтың тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау бойынша жүзеге асыратын іс-шаралары айтылады.

Байқоңыр ғарыш айлағында зымыран аппаратының ғарышқа ұшырылуына дейін және ұшырылғаннан кейін қоршаған ортаға келтірілген әсеріне Ресей Федерациясы тарапынан «ЦЭНКИ» КЦ Южный АҚ-ның Байқоңыр қаласындағы филиалы арнайы мониторинг жүргізеді. Қазақстан тарапынан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Байқоңыр кешеніндегі филиалы жүзеге асырады. Атап айтқанда, ғарыштық аппарат ұшырылғанға дейін және кейін елді-мекендер аумағында қоршаған орта компоненттері атмосфера, су, топырақтан сынамалар алып, зерттеу жүргізеді. Айта кетейік, «Ғарыш-Экология» ҒЗО РМК − экологиялық мониторинг жүргізетін және ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулерді орындайтын Қазақстандағы мамандандырылған жалғыз кәсіпорын.

Экологиялық мониторинг жұмыстары нәтижесіне сүйенсек, ластаушы заттардың шектен асқан жағдайы тіркелмеген. Өңірдің экожүйесінде жүктемені төмендету мақсатында Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңмен қысқарту жоспарланған. 2017 жылы ұшыру екі есе қысқарса, 2020 жылы тағы екі есеге қысқарды, енді 2025 жылы «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыру санын бес есеге дейін қысқарту және 2026 жылы ұшыруды іс жүзінде аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамада айқындалғанындай, қалдықтарды бөлек жинау, қайталама шикізаттан өнім ала отырып, қалдықты қайта өңдеу бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта «Байқоңыр» кешеніндегі «Инфракос» арқылы апатты және экологияға ұшыраған орындарды қалыпқа келтіруге нақты ұсынысым бар.

“Инфракос” республикалық мемлекеттік кәсіпорны “Байқоңыр” кешенінің Ресей Федерациясы жалға алған объектілерінің құрамына кірмеген және одан шығарылған объектілерінің мүліктері негізінде 1996 жылғы 8 қаңтардағы №27 ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес құрылған. Кәсіпорын “Байқоңыр” кешенінің Ресейдің жалға алған объектілерінің санатына жатпайтын табиғатты сақтау, тиімді пайдалану және табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асырады. “Инфракос” РМК-ға істен шыққан зымыран-ғарыштық техниканың және жер үсті жүйелерінің, бұзылған ғимараттардың  элементтері мен есептен шығарылған техникалардың жекелеген тораптарының және тетіктерінің, түсті, қара және құнды металл сынықтары мен қалдықтарын әзірлеу, сақтау, қайта өңдеу және сату құқығы да берілген. Аталған мүліктерді сатудан түскен қаражатты объектілерді күзетуге, қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың конверсиялау жобаларын әзірлеуге және жүзеге асыруға жұмсауға рұқсат етілген. “Инфракос” РМК құрылғанынан бергі 20 жыл уақыт “Байқоңыр” кешеніндегі ҚР шаруашылық жүргізу субъектісі ретінде қалыптасуы мен дамуы және өркендеу кезеңі болып саналады. Мәселен, 2019 жылы екі кезеңде 112 объекті кәдеге жаратылды.

Байқоңыр мәселесін шешудің тағы бір амалы табиғи жол деп шештік. Егер бұл жүзеге асырылатын болса, Сыр еліндегі бірінші тәжірибе болады. Құнарсыз топырақтың өзіне нәр беретін әлем бойынша өсу қарқыны ең жылдам «Павловния» деген ағаш бар. Бұл ағаштың ерекшелігі – жапырағы шипалы. Одан бөлек, өңірдің жасыл қорын қалпына келтіріп, экологияны тазартуда таптырмас шешім. Сондықтан оны Байқоңырға әкеліп, отырғызғымыз келеді.

Көпжылдық бұл өсімдіктің әлемдегі барлық ағаштармен салыстырғанда өсу қарқыны өте жылдам. Бес-алты жылдан кейін ол максималды биіктікке жетеді. Әдетте бұл 15-17 метр, кейде 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Ал, діңі құрылыс материалына, музыкалық аспаптар мен ойыншық жасауда – таптырмас құрал. Тек алғашқы жылы үсік шалмауы үшін арнайы матамен орау қажет. Z07 әртүрлілігі қолданыстағы сорттардың ішіндегі аязға ең төзімдісі, -35 градусқа, аязға төтеп бере алады. Десе де, ағаш қурап қалған жағдайда тамырынан жаңа өсінділер пайда болады екен. Мамандардың айтуынша, «Павловния» ағашының тұқымнан өнімділігі 90 пайыз. Ал, өзге ағаштардан ерекшелігі, көміртегіні 10 есе көп жұтып, сәйкесінше оттегіні де көп бөледі. Шыршаға қарағанда 18 есе көп көмірқышқыл газын тұтынады және 18 есе көп оттегі шығарады. Сондай-ақ жапырақтарының да көлемі өте үлкен. Диаметрі 50 сантиметрге жетеді. Сондай-ақ оның құрамында 20 пайызға жуық ақуыз бар. Оны малға қорек ретінде және дәрілік мақсатта қолдануға болады.

Осы ретте Қытай мен Шығыс Азия, Еуропа мен Америка елдерінде құнды бақша мәдениеті ретінде өсірілетін бұл ағашты Байқоңыр қаласында отырғызу мәселесін қолға ала бастадық. Одан бөлек, бұл жасыл желек зиянкестер мен құрттарға да өте төзімді. Енді қаланың жасыл қорын қалпына келтіріп, экологияны жақсартуда үміт – павловнияда деп есептеймін. Саябақтарда белгілі бір ағаш түрлерінің құрамын көбейту үшін егеміз. Одан қалды, басқа кез келген ағашпен салыстырғанда «Павловния» ағашы – экологияны тазалауда көмірқышқыл газын өзіне сіңіруде, тиісінше сондай оттегіні де бөлуде өте маңызды деп саналады.

Қысқасы, қоршаған ортаны қорғау бағытында іс-шараларды жүзеге асырып, Қызылорда облысының экологиясын қалыпқа келтіру, ел мен жер үшін аянбай еңбек ету − біздің келер ұрпақ алдындағы аманатымыз.

Алимбек Қаратайұлы ОМАРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!