Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 26 ақпандағы Жарлығымен бекітілген тұжырымдамаға сәйкес «Ең алдымен адамдар» қағидатын іске асыру бағытында жұмыс атқарады. Бұл қағидат азаматтардың пікірлері мен өтініштеріне жедел ден қоюға бағытталған.
Мемлекет әрбір азаматтың өтінішін қанағаттандыруға бағытталған сапалы қызмет көрсетуі қажет. Бұл бюрократиялық кедергілерді азайтып, азаматтардың өтініштерін қарау барысында артық әуре-сарсаңға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Департамент жұмысының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметті берушілермен тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсетілуіне бақылау жасау. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қалпына келтіру маңызды міндет болып қала береді.
Департаментке келіп түскен барлық өтініштер мен шағымдар мұқият қаралады. Егер өтініш берушінің талаптары негізді деп танылса, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсынулар жолданады. Осылайша, шағымдарды қарау процесі жүйелі түрде жүзеге асырылып, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделері сенімді қорғалады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Департамент 735 қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. Оның ішінде шағымдарды қарау нәтижесінде 23 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Соның бір мысалы – «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тарту дерегі.
Қала тұрғынының шағымы негізінде Департамент арқылы Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде қызмет алушының өтінішіне бөлім тарапынан негізсіз бас тартылғандығы анықталды.
Департамент жүргізген тексеру нәтижелерінің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы бөлімге енгізілген ұсынудың нәтижесінде, қала тұрғынына аталған мемлекеттік қызмет бойынша оң шешім шығарылып, бұзылған құқығы толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар, қашықтан мониторинг жүргізумен анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға сұрау салу арқылы 9 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ, ВАЖТ отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, қала және аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне сұрау салу арқылы облыс көлемінде 703 тұрғынға жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжай нөмірлері қайта беріліп, құқықтары қалпына келтірілді.
Бұған қоса, кейбір жағдайларда өтініш иелеріне ешқандай жауап берілмегені де анықталды. Осы ретте, тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік, әкімшілік жауапкершіліктерге тартылып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді берушілерге анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынулар енгізілді.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.
Егер, Сіз мемлекеттік қызмет алу процесінде Заңнама талаптарының сақталмағанына куә болсаңыз, яғни мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бұзылса, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылса, артық құжаттар талап ету дерегі орын алса немесе мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бұзылса, Өзіңіздің құқығыңызды Департаментке шағымдану арқылы қорғай аласыз. Біздің мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1.
З. Арынова,
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қызылорда
облысы бойынша
департаментінің Мемлекеттік
қызметтер басқармасының
бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!