2023 жылы 191 000 қазақстандық, ал былтыр 140 521 қазақстандық жұмыс істеу үшін шетелге кеткен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Отандастарымыз жұмыс барысымен жиі баратын елдер қатарында Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания және БАӘ бар.

Ұлыбританияда екі жыл бойы маусымдық жұмыстарда жұмыс істеген Думан Кеңшілік көпшіліктің шетелге кетуге ұмтылуына жалақы айырмашылығы мен еңбек нарығының жай-күйі себеп болып отыр дейді.  Айтуынша, Батыс Еуропа елдеріндегі жалақы мен еңбек жағдайлары әлдеқайда жақсы. Мысалы, Ұлыбританияда жұмыс істеген бірнеше ай Қазақстандағы ұқсас кәсіптің жылдық табысына тең кірісті қамтамасыз ете алады. Сондықтан көптеген адам қысқа мерзімде қаржылық мәселелерді шешу үшін осындай қадамға барады.

– Қазақстанда IT саласында маман болып жұмыс істедім, бірақ жалақы күнделікті шығындарды, атап айтсақ, ипотека мен жеке шығындарды әрең жапты. Сол себееті қосымша табыс көздерін табуға тырыстым. Бір сәтте отандық жарнама порталдарының бірінен Ұлыбританияда құлпынай жинау үшін жұмысшылар қажет екендігі туралы хабарландыруды көрдім. Жалақы жоғары, ал шарттары ыңғайлы болды. Ойланбастан жұмыстан шығу туралы өтініш жазып, Англияға бардым. Шетелде қиын жұмыс істеу ұят емес, өйткені онда табыс жоғары. Жергілікті тұрғындар мұндай жұмыстарға қызығушылық танытпайды. Біз үшін жақсы табыс олар үшін өте төмен жалақы болып саналады. Мен құлпынай жинау және жүк тасымалдау саласында жұмыс істедім. Жұмыс күні 10-12 сағатты құрады, ал табыс сағатына 5000 теңгеден астам болды»,—деді ол.

Еуропада біліктілігі төмен жұмыстарда жұмыс істеуге тек қазақстандықтар ғана , Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Румыния және Болгария азаматтары да жиі қызығушылық танытады.  Ең бастысы — еңбек қауіпсіздігі және көші-қон саясаты ережелерін сақтау.  Атап өту керек, Еуропада жұмыс визалары 3 айдан 6 айға дейін беріледі.

Еске салайық, өткен жылы 4 446 қазақстандық Ұлыбританияға, 3 000 – БАӘ-ге, 6 595 – Түркияға және 101 622-Ресейге жұмыс іздеп кеткен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!