2025 жылдың 25 сәуірінде Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиев Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан ардагерлермен кездесті. Ерлік пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсеткен азаматтармен өткен тағылымды басқосу – тарихты ұмытпай, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға арналған маңызды шара болды.
Қазалы ауданында рухани-танымдық бағыттағы маңызды іс-шаралар өткізілді. Бұл кездесулер Қазалы аудандық Қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында “Асыл мұра – Орда” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
– Чернобыль апаты – адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі. Биыл осы қайғылы оқиғаға 39 жыл толып отыр. Қара бұлттай тұмшалаған сол бір зұлматты кезеңде жүздеген мың адам өз өмірлерін қатерге тігіп, адамзат тағдыры үшін күресті. Солардың қатарында біздің өңірден шыққан ержүрек жерлестеріміз де бар. Сіздердің ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Елдің тыныштығы мен келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жасаған жанкешті еңбектеріңізге мәңгілік тағзым, – деді Жәнібек Алмасұлы.

Шара барысында ардагерлер өткен күндердің ауыр естеліктерімен бөлісті. Олар апаттың алғашқы сәттерінен бастап, радиоактивті қалдықтармен күрескен кездерін, сол кезеңдегі қиындықтарды тебірене әңгімеледі. Әрбір естелік – сол жылдардың жүрек сыздатқан шындығын паш етті.
Ардагерлер жастарды Отанды сүюге, бейбіт күннің қадірін түсінуге және ел мүддесі жолында адал еңбек етуге шақырды. Олар өз өмірлік тәжірибелері арқылы ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын айқын көрсетті.

Кездесу соңында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан бірқатар ардагерлерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар олардың ерлік еңбектері аудан жұртшылығы атынан ерекше ризашылықпен атап өтілді.
Бұл кездесудің басты мақсаты – өткеннің тағылымынан сабақ алып, болашақ ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік рухында тәрбиелеу болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!