Фото: egemen.kz

Соңғы жылдары қағаз валюта ұстауды азайтқанымыз анық. Түрлі төлемді банк қосымшалары арқылы жасап, саудадағы үрдіс өзгерді. Бұған мемлекеттегі цифрландыру саясатының ықпалы мен банктердің онлайн қызметінің әсері болғаны анық. Осы орайда аталған бағытта тағы бір жаңалық орын алды. Ол – цифрлы теңге.
Жуырда ұлттық валюта – теңгенің қолданысқа енгеніне 30 жыл толуына орай цифрлы теңге жарыққа шықты. Идея авторы әрі жоба құрастырушы – Ұлттық банк бұл қадамның ел экономикасына айтарлықтай өзгеріс әкелетініне сенімді. Қолданыс аясы кеңейтініне, аударым операциялары жеңіл әрі тиімді ұйымдастырылатынына да үміт артты. Тіпті цифрлы теңгенің алғашқы таныстырылымы кезінде цифрлы теңгені қолдануға да мүмкіндік болған.


Жалпы Ұлттық банк цифрлы теңгені 2021 жылдан бері қолға алды. Түрлі экономикалық кедергі, саяси ахуалдарға байланысты аталған бастама аяқсыз қалған еді. Енді, міне, жоба іске асып, аударым жүйесі жаңа сатыға тұрақтады. 2025 жылға дейін жүйе толықтырылады деген жоспар бар.
Соңғы уақытта цифрландыру бағытында жаңалық көп. Биткоинның жыры бітпей, электронды қаржы көздері танымал болуда. Еуропа елдері цифрлы ақшаның концепциясын жасаумен қатар, оны қоғамға әсері, әлеуметтік құбылыстарға ықпалы төңірегінде талқы тудыруда. Ал әлемде цифрлы жаңалықтардың табыс көлемі артып, бұл бағытта келешек барын көрсетіп отыр. Қазақстанға цифрлы теңгенің енуіне де осы өзгерістер мұрындық болса керек.

Цифрлы теңгенің керегі не? Оның тиімді тұсы қайсы? Міне, осы сұраққа нақты жауап бар. Мамандардың пікірінше, цифрлы теңге нарықты көлеңкелі экономикадан шығаруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске сеп болмақ. Себебі цифрлы теңгенің қайда кетіп жатқанын қарап отыруға мүмкіндік бар. Экономикадағы статистикалық есептеулерде де цифрлы теңге үлкен мүмкіндіктер ашады екен.
Бүгінде Ұлттық банктің инфрақұрылымында цифрлық биометриялық идентификациялау қызметі сәтімен іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыстар нарық қатысушыларына картаны, интернет-төлемді, QR кодты, мобильді банкингті қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға негізделген. Бұл инновациялық қызметтерді уақытылы енгізуге үлкен сеп болғаны анық. Оған қоса цифрландыру үрдісін жеделдетуге ықпал етті. Мәселен, халықтың қолма-қол ақшасыз аударымы соңғы 5 жылда 34 есеге өсіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша 103,8 трлн теңгені құраған. Биылғы жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша, халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары 39,5 пайызға артып, 101,0 трлн теңгеге жетіпті. Осыны назарға алсақ, цифрлы теңге секілді жобаларды жобаларды дамытуға мүдделіміз.
Бұл жобалардың ішінде бөлшек ұлттық төлем инфра­құрылымын дамыту, ашық банкингті, цифрлық теңгені енгізу де бар. Нақтырақ айтқанда, цифрлық теңге қолма-қол ақша және қазіргі банк шоттарындағы қаражатпен қатар жүретін ақшаның тағы бір қосымша формасы болады. Қазіргі қолданыстағы төлем түрлерімен салыстырсақ, қолданушылар айтарлықтай айырмашылық байқамайтын болады. Себебі цифрлық валютаны қолданыстағы қолма-қол ақшасыз төлем әдістерімен төлей алады. Яғни, нтернет-эквайринг, мобильді қосымшалар, POS-терминалдар, QR кодтарды пайдалануға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар ұлттық валютаның цифрлық формасы офлайн төлем технологиясын іске асыруға мүмкіндік береді. Цифрлық теңге ұлттық төлем жүйесінің бір бөлігіне айналады. Интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі қолма-қол ақшасыз төлемнің қолданысын кеңейтіп, үздіксіз жұмыс істеуге арналмақ. Бағдарламалаудың арқасында инновациялық қаржы сервистерін құруға, бәсекелестік тудыру жоспарланған.
ҚР Ұлттық банкі Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтың БАҚ-қа берген мәліметіне сүйенсек, цифрлы теңгені бақылауға да болады екен:
«Алдағы 3 жылда «Цифрлық теңге» ел аумағында толық енгізіледі. Яғни, 2025 жылдың аяғына дейін барлық қаржы нарығы қамтылмақ. Ал қазір жобаның бірінші кезеңі қорытындыланды. Елдегі 4 банк пен “Қазпошта” цифрлық ақшаны айналымға енгізді. Артықшылығы – цифрлық теңге интернет жоқ жерлерде де қолжетімді. Яғни, кез-келген жерде офлайн режимде төлем жасай аласыз. Тағы бір ерекшелігі – бағдарлау мүмкіндігі енгізілген. Мәселен, ата-ананың бақылау қызметі бар. Яғни, баласы ақшаны алкоголь немесе темекіге жұмсап жатса, бірден анықтай алады. Цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші қосымша формасы. Қолма-қол ақша сияқты ол да эмитенттеледі. Алғашқы өнімдерді қазақстандықтар көп ұзамай пайдалана алады», – дейді директор.
Бұдан бөлек, цифрлық теңге мемлекеттік қаржыны жұмсаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруда маңызды құрал болады. Цифрлық теңгедегі бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін таңбалауға мүмкіндік бар. Ал мақсаты бойынша жұмсалғаннан кейін бұл таңбалау жоғалады. Осылайша, бюджеттік шығыстарды бақылауға болады.
Алайда Е.Ашықбеков айтқандай, бәрі жеңіл емес. Жобаның жетілдеретін тұсы баршылық. Мысалы, мамандар интернетсіз транзакциялардың саны шектеулі екеніне наразы. Яғни, қолданушы әрбір 15 аударымнан кейін желіге қосылып, верификация жасау керек.
Сондай-ақ жоспар бойынша сандық валюталар шетел банкіне түскен бойда ұлттық жүйеден өшіріліп, сол мемлекеттің валютасы ретінде пайдаланылады. Сол үшін курсты автоматты түрде анықтайтын жүйе құрастырылуда екен. Яғни, арадағы делдалдар жоғалып, халықаралық төлемдер тікелей жасалмақ.
Осы орайда Цифрлық теңгені қолдану тәртібін түсіндірген Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленов жоба келешегіне қатысты тың деректер келтірген:
««Міндетті түрде бақылауды қажет ететін жағдайлар болады. Мәселен, мектеп құрылысын алайық. Мемлекет бюджет қаржысы шын мәнінде құрылыс материалдарын сатып алуға, жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге кетіп жатқанын қадағалауы керек. Сондықтан бұған дейін ол қаражатты басқа валютаға айырбастауға, қолма-қол ақшаға айналдыруға болмайды. Алайда жалақысын сандық теңгемен алған қызметкерге ешқандай шектеу салынбайды», – төраға.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, қазір әлемнің бірнеше елінің орталық банктері цифрлық ақшаны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп жатыр. Atlantic Council жариялаған деректерге сүйенсек, цифрлық валютаны қазірдің өзінде 10 мемлекет қолданысқа енгізіп үлгерген. Қазір тағы 15 ел цифрлық валютаны іске қосу кезеңінде тұр, оның ішінде Қазақстан да бар.
Бір қызығы, Қазақстан – цифрландыру рейтингінде алғашқы ондыққа кіретін ел. Орталық Азияда алғашқы болып электронды төлемді қалыптастырып, жалпыхалықтық қолданысқа енгізді. Енді цифрлы теңгені таратуда. Мұндай қарқын нені біледіреді, әлеуметтік астары қандай? Осы сауалдар сала сарап­шыларын алаң­дататынын айта кеткен жөн.
Оған себеп те жоқ емес. Кей сарапшы кедей ел мен құқық босаң қоғамда цифрландыру жыл­­дам жүреді деп сынайды. Аталған ойды теріске шығару үшін цифрлы теңгенің тиімді тұсы көп болса игі.

Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!