Қазіргі жастар мамандық таңдауда бұрын-соңды болмаған жағдайларға тап болады. Бұрын бұл шешімде ата-ана мен мұғалімнің кеңесі маңызды болса, қазір онлайн тесттер, цифрлық платформалар мен алгоритмдер бағыт береді. Біраз сұраққа жауап бересің де, жүйе «сен үшін ең лайықты мамандықты» таңдап қояды. Бірақ осы таңдау баланың өз арманы мен қызығушылығын ескереді ме? Дәл осы сұрақ әлі күнге жауапсыз қалатыны өкінішті.

Мен – 10-сыныптың сынып жетекшісімін және информатика пәнінің мұғалімімін. Осы рөлде бола жүріп, оқушылардың мамандық таңдауында сенімсіздік көп екенін жиі байқаймын. Көбісі өз мүддесін емес, интернеттегі кеңестерге немесе «қазір сұраныстағы мамандықтар» тізіміне сүйенеді. Міне, цифрлық дәуірдің шынайы көрінісі осындай.

Информатика сабағында біз алгоритмнің тек енгізілген деректерге сүйене отырып жұмыс істейтінін үйренеміз. Сол сияқты мамандық таңдауда да дерек жеткіліксіз болса, нәтиже толық болмайды. Ал мамандық – тек қабілет пен баға емес, мінез, қызығушылық және өмірлік мақсатқа байланысты күрделі процесс. Сондықтан оны тек цифрлық жүйеге сеніп тапсыру дұрыс емес. Сынып жетекшісі ретінде мені ең көп ойландыратыны- оқушылардың қателесуден қорқуы. Ал алгоритм қателеспейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ таңдау үшін жауапкершілікті тек бала өзі көтереді. Егер мамандық ұнамай қалса, салдарын сезетін де, түзететін де – сол оқушы.

Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар көптеген саланы өзгертіп жатыр. Дегенмен адамға тән қасиеттер – ойлау, сезіну, шешім қабылдау әлі де маңызды болып қала береді. Сондықтан алгоритм мамандықты ұсынып, бағыт бере алады, бірақ соңғы шешімді қабылдайтын – адам. Бүгінгі міндет – жастарды дайын жауапқа емес, өз таңдауы үшін жауапкершілік алуға үйрету. Өйткені табысты мамандық маңызды емес, өз жолын түсініп, оған жауапкершілікпен қарай білетін адам болашақты жасайды.

Жазира БИСЕНБАЙ,
№266 мектеп-лицейдің
информатика пән мұғалімі,
Қазалы ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!