Қазір цифрлық технологиялар біздің өміріміздің барлық саласына терең еніп үлгерді. Смартфондар, жасанды интеллект, робототехника, деректерді талдау сияқты жаңалықтар тек қана құрал емес, біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ болашақта бұл технологиялар қандай рөл атқарады? Олар біздің өмірімізді жақсарта ала ма, әлде өзіміз жасап шығарған дүниенің құлына айналамыз ба?
Бұл сұрақтар әлем ғалымдары мен ойшылдарының да, қарапайым адамдардың да қызығушылығын туғызуда.
Кейбір футурологтар цифрлық болашақты таңғажайып мүмкіндіктер кезеңі деп есептейді. Мысалы белгілі болашақтанушы Рэй Курцвейл алдағы онжылдықтарда жасанды интеллект адамдармен тең дәрежеде шешім қабылдап, шығармашылық идеяларды жүзеге асыратын болады деп болжайды. Оның пікірінше, 2045 жылға қарай адамзат «сингулярлық» деп аталатын ерекше кезеңге өтеді. Бұл технологиялар адамның физикалық және интеллектуалдық қабілеттерін шексіз кеңейтуге мүмкіндік беретін уақыт болмақ. Дегенмен мұндай болашақ әрдайым позитивті болуы мүмкін емес. Илон Маск секілді көптеген ғалымдар жасанды интеллекттің бақылаусыз дамуы адамзат үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді. Ол жасанды интеллекттің табиғатын «Біз отты ойлап таптық, бірақ оны қалай сөндіру керегін әлі білмейміз» деп сипаттайды. Бұл адамның өзі жасаған дүниені басқара алмайтын қауіпке айналу қаупін көрсетеді.
Болашақта цифрлық технологиялар біздің өмірімізді қалай өзгертеді? Білім беру саласында жасанды интеллект әр оқушының білім алу деңгейін бақылап, жеке оқыту бағдарламаларын ұсына алады. Медицина саласында робот-хирургтар аса күрделі операцияларды адамдардан да дәл орындауы мүмкін. Көлік жүйесінде жүргізушісіз көліктер мен ұшатын дрондар қозғалысты жылдам әрі қауіпсіз етуі ықтимал. Бірақ мұның бәрі еңбек нарығында үлкен өзгерістерге әкеледі. Көптеген дәстүрлі мамандық автоматтандырылып, роботтармен алмастырылады. Сонымен бірге жаңа технологияларға негізделген мамандықтар пайда болады. Бұл адамдарды жаңа дағдылар мен білім алуға мәжбүр етеді.
Цифрлық дәуірдің мүмкіндіктері таңғаларлық болғанымен, қауіптері де жоқ емес. 2017 жылы «Google» компаниясы жасаған «AlphaGo Zero» бағдарламасы тек үш күннің ішінде адамзаттың ғасырлар бойы меңгерген «Go» ойынын толық игеріп, барлық адам ойыншыларынан асып түсті. Бұл жасанды интеллекттің қаншалықты жылдам және тиімді даму қабілетін көрсетеді. Сонымен қатар ғалымдар жасанды интеллекттің өзін-өзі тану қабілетіне ие болу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Егер бұл жүзеге асса, адам мен машина арасындағы қарым-қатынасты қайта қарау қажет болады.
Цифрлық дәуір бізге шексіз мүмкіндіктер беріп отыр. Ол білім алуға, денсаулық сақтауға, қарым-қатынасқа, өндірістік процестерге жаңа серпін әкеледі. Дегенмен біз технологиялардың дамуын жауапкершілікпен бақылап, оларды адамның игілігіне бағыттауымыз қажет. Болашақтың қандай болатыны біз қабылдайтын шешімдерге байланысты. Сондықтан да цифрлық дәуірді жарқын болашаққа айналдыру – әрбір адамның міндеті. Ал сіз цифрлық дәуірдің болашағын қалай елестетесіз? Технологиялар біздің өмірімізді жақсарта ма, әлде жаңа қиындықтарға әкеледі ме? Бұл сұрақтардың жауабын табу – біздің бүгінгі қадамдарымыздың нәтижесінде айқындалады.
Шәкәрім БАЛТАБАЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!