Фото: tengemonitor.kazgazeta.kz

Қаржы нарығын қырағы қадағалап жүргендер біледі, 2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгеге байланысты пилоттық жоба жүргізген болатын. Сол кезден бері цифрлық теңгені айналымға енгізу мәселесі пысықталып келеді. Әйткенмен әлі де жаңа төлем құралының қандай қызмет атқаратыны, артықшылығы мен өзгешелігі нендей екені, қашан толық қолданысқа енетіні туралы сауалдың есебі жоқ. Сонымен, цифрлық валюта деген не? Ол қалай жұмыс істейді? Тиімділігі қандай, кемшілігі бар ма? Цифрлық валюта енгізілсе, қағаз ақша айналымнан алына ма? Көкейде жүрген көп сұраққа бүгін жауап іздеп көрдік…

Қазақстанда цифрлық теңгені енгізу 2025 жылдың соңына дейін үш кезеңде жүргізілетіні айтылды. Өткен жылы қарашада ұлттық валютаның жаңа нысаны бөлшек айналымға енгізіліп, цифрлық теңге платформасының бірінші кезеңі іске қосылған болатын.

Ақшаның үшінші формасы


Мамандардың айтуынша, цифрлық теңге қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да ұлттық валютаның үшінші нысаны ретінде есептеледі. Бұл инновациялық әрі қаржылық қызметтерді жүргізу үшін блокчейн технологияларын пайдалана отырып, дәстүрлі қаржы және цифрлық активтер арасындағы айналымның бір түрі ретінде қолданысқа енбек.
Иә, Ұлттық банк цифрлық валютаны енгізу жөніндегі жұмыстарды 2021 жылдан бастап қолға алған. Қолмен ұсталынбайтын сиқырлы теңгені одан әрі дамытып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жұмыстары басталып кеткен. Былтыр нарық қатысушыларының жүйелері бойынша интеграцияны сынақтан өткізді.


Даму драйвері


Ғалам тәжірибесі елімізге кеш жеткенімен, қазақстандықтар тың жаңалықты тез үйреніп кетуге қалыптасып қалды. Жылдам ақпарат ағынына ілесіп келе жатқан жұрт үшін жаңа жобалар мен идеялар аса қорқынышты емес. Бірақ, сақтықты да қаперден шығармаған жөн. Мәселен, Бас банк CBDC жобасының аса маңызды драйвері, қаржы нарығының қатысушыларымен тиімді байланыс орнатуға қолайлы екенін айтады.
Әлемде бірнеше қанатқақты жобалар жүзеге асырылып жатыр, олардың арасында Қытай, Бразилия, Ресей Орталық банктері мен Еуропалық Орталық банктері бар. Келешекте бізде де бірнеше екінші деңгейлі банктердің қатысуымен цифрлық картаны іске қосу және қолданыстағы төлем механизмдерін (QR және POS терминалдары) ЦТ платформасымен біріктіру жоспарланып отыр. Өткен жылдың қараша айында ұлттық валютаның 30 жылдығына орай Mastercard платформасында Еуразиялық банк шығарған жаңа дебеттік картаның тұсауы кесілді. Цифрлық картаны пайдалану арқылы алғашқы сатып алуды Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Б.Жәленов жасаған еді.
Бір жақсы жері, цифрлық теңге шотындағы қаражатты әлемнің қай жерінде болсын картамен төлем жасауға қолжетімділік қарастырылған. Бүгіндері Еуразиялық банк өз сайтында CBDC картасы туралы жеткілікті түрде толық ақпаратпен қамтып отырған жалғыз қаржы институты деуге негіз бар.


Цифрлық эволюцияның қуаты қандай?


Басты назар аударатыны, цифрлық теңгенің банк картасынан артықшылығы, картаны тұтынушының смартфонында, сағатында немесе әмиянында сақтауға, бизнес үшін жеңілдетілген инфрақұрылым жаңартуларын қажет етпей-ақ қабылданған төлем әдістерін одан да кең таңдауды қамтиды. Және де карта ұстаушыларын алаяқтықтан қорғайтын әрі қауіпсіздікке кепілдік беретін озық технологиялар мен Mastercard ерекшеліктерімен негізделеді. Ал қаражат Ұлттық банктің цифрлық шотында сақталып, кепілдендірілген сомаға нормативтік шектеулер бар қарапайым карталардан, ағымдағы шоттар мен депозиттерден айырмашылығы мемлекет толық кепілдік береді.
– Блокчейн технологиялары Қазақстанды жемқорлықтан барынша тазартып шыға алады. Цифрлық теңгенің ең мықты жері осы. Программаланған токен болғандықтан ақша кімнен кімнің қолына өтті, бақылап отыра аламыз. Мысалы, мемлекеттік тендерлердің барлығын цифрлі теңгеге ауыстырып, осы тендерлік цифрлі теңгені қолма-қол ақша ретінде шешіп алу мүмкін болмайтындай жасап қоюға болады. Сонда біз тендер жеңімпазының ақшаны қалай жұмсағанын, кімнен тауар алғанын, кімдерге қанша айлық төлегенін көріп, содан үлкен BIG Data базасын құраймыз. Дәл осы кезде, мемлекеттік ақшаға мүмкіндігінше қазақстандық тауар алынғандығын бақылап, мәжбүрлеп отыруға мүмкіндік бар.
Жемқорлықты атымен жойып, отандық бизнеске мықты қолдау көрсете алатын жол – осы. Қазір Ұлттық банк негізгі шаруаларын сәтті аяқтап, цифрлық тенгені жұмыс режиміне енгізді. Зейнетақы активтерін экономика мүдделері үшін тиімді пайдалану тапсырылды. Бұл өте жауапты жұмыс. Алғашқы транш, 173 миллиард теңгеге 13% кірістілікпен облигаиялар орналастырылды. Одан халық та, экономика да ұтпақ. Халыққа зейнетақы жинағының жоғары табысы, ал экономикаға ұзақ мерзімді өтімділік келетін болады. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе отырып, экономикалық эффектісі жоғары, болашақта жақсы пайда беретін жобаларды іріктейді. Егер көзделген 1,5 триллион теңгенің барлығына жақсы жобалар таба алсақ, ортақ кірістілігі жылдық 10 пайыздан асқан жағдайда, біз, болашақ зейнеткерлер, өте жақсы табыс алатын боламыз, – деп атап өтті экономист сарапшы Айбар Олжай.
Халықаралық институттардың болжамдары бойынша, 2030 жылға қарай айналымда 15 бөлшек және 9 көтерме CBDС болуы мүмкін. Бүгінгі таңда әлемдік ІЖӨ-нің 98%-ын құрайтын 130 мемлекет қандай да бір жолмен CBDС құру мүмкіндігін зерттеп, қарастыруда. 64 ел біліктіліктің озық сатысында тұр. 4 юрисдикция өздерінің цифрлық валюталарын енгізген. Бұл жобалардың түгелге жуығы шешім қабылдау стратегиясындағы ұсынылған тәсілдерге әсер ететін бірқатар параметр бойынша ерекшеленген. Олардың ең маңызды айырмашылығы – Орталық банктердің өздеріне қойған мақсаттары мен міндеттеріне байланысты екенін ұмытпаған абзал.
Әлем әлеуеті қандай десек, Нигерияның цифрлық валютасы е-найра дамуы 2017 жылы басталып, 2021 жылы төлем құралы ретінде ресми түрде іске қосылған. Швед электронды кронасын енгізу жөніндегі жұмыстар сол жылы қолға алынғанымен, 2020 жылы қанатқақты жоба аясында цифрлық валютаны енгізуді орнықтыру әлі жалғасып келеді.
Таяуда еліміздің бас банкі цифрлық валютаны енгізудің бірінші кезеңін қорытындылау туралы «Цифрлық теңге: бірінші кезеңін іске асыру нәтижелері» жөнінде баяндамасын жариялады. Жобаны 2024-2025 жылдары аралығында жүргізуді жоспарлап, оған Visa, Mastercard секілді халықаралық төлем жүйелері мен Халық банкі, Altyn Bank, Еуразиялық банк пен БанкЦентрКредит сияқты екінші деңгейлі 4 банк қатысқан. Қазіргі кезеңде жобаға қатысушы – банк клиенттеріне цифрлық шоттар арасында төлем жүргізу мен аударма жасауға болады. Эксперименттік контурдағы жұмыстар Digital Tenge Ideathon 2022 идеялар байқауында жеңіске жеткен нарық қатысушыларының ойларын сынақтан өткізуді, трансшекаралық төлемдерді, цифрлық теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоиндер шығаруды және бағалы қағаздарды токенизациялауды тестілеу де қамтылған.


Қауіпсіздік қаперде


Теңге. Түсім. Табыс. Бұл сөздерді естігенде кез келген адамның әуелі сақтықты ойлайтыны анық. Пайда ойлағандардан айла артылмайтыны хақ. Бұл орайда, экономист Б.Ысқақов қауіпсіздікті қаперден шығармаған жөн дейді.
– Елімізге цифрлық теңге ресми түрде енетін валюта түрі болмақ. Бүгінде қолданыста қолма-қол ақша бар, қолма-қол емес деген ақшаның түрі бар. Үшінші – цифрлық теңге болмақ. Оның кемшілігінен гөрі артықшылығы көп болады деп ойлаймын. Бұл, бірінші кезекте жалпы халықтың төлем құралдарын пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді. Яғни, төлеген кезде ешқандай интернет желісіне тәуелді болмайсыз. Көп жағдайда, мысалы, ауылаймақтарда, интернет сапасы нашар немесе интернет желісі жоқ жерлерде QR-кодпен, тағы да басқа құралдар арқылы төлеу мүмкін емес, интернет болмай қалуы мүмкін. Яғни, ең басты артықшылығы – интернетке тәуелді болмауы.
Одан кейін әлемдік технологияның дамуына байланысты мемлекет те соған сай дамып отыру керек. Әсіресе, экономикалық жағынан. Бізде цифрлық валютаны енгізуге байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір Қытайда, Ресейде де осы үрдіс байқалады, жалпы Қазақстан да сол үрдіспен сәйкес дамып келе жатыр деп айтуға болады. Болашақта әлеуметтік төлемдер, зейнетақы төлемдері, әлеуметтік басқа да төлемдер, одан кейін мемлекеттік сатып алулардың барлығы да осы цифрлық теңгемен жүзеге асырылатын болса, бұл өте теңдессіз бастама болмақ. Ал енді мемлекеттік сатып алу бойынша айтар болсақ, көп жағдайда аударылған ақшалар мен төлемдердің нәтижесін көре алмай жатамыз. Сондықтан әртүрлі бармақ басты, көз қыстының да алдын алуға мүмкіндік беретін дүние болар деп ойлаймын. Сол үшін де цифрлық теңгенің артықшылығы көп.
Ал енді кері әсеріне келсек, әрине бұл енді цифрлық болғандықтан, Ұлттық банк тарапынан эмиссия шығарылатындықтан, сұранысқа сәйкес біз ақпараттық қауіпсіздік, технологиялық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударуымыз керек. Басқа кері әсерін тигізетін факторлар болмайды деп есептеймін. Өйткені халық қолма-қол ақшасыз төлемге үйренген сияқты цифрлық төлемге де, цифрлық теңгеге де үйренеді, – дейді экономист.
Түйін. Ұққанымыз, цифрлық теңгемен қатар кәдімгі ақша, онлайн төлеу, яғни қолмақол емес ақша да қатар жүре береді. Цифрлық теңге аталған екі төлем түрінің негізгі сипаттарына ие, сонымен қатар өз артықшылығы бар. Бастысы – интернетсіз де төлем жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық валюта ашықтыққа жол ашып, бармақ басты, көз қыстыны ауыздықтауға ықпал етеді деген де пікірлер бар, әйткенмен ол – алдағы уақыт еншісіндегі дүние.


Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!