Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап ретінде елімізде жол-көлік оқиғасына жиі түсетін автокөліктерге қатысты деректерді ұсынды. Бұл тек жеңіл көліктерге ғана емес, жүк көліктері мен автобустарға да қатысты ақпарат.
Комитет 2024 жылғы және 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы (қаңтар-наурыз) мәліметтерді ұсынды. Бұл ретте тек адам өліміне немесе жарақаттануына себеп болған жол-көлік оқиғалары қамтылған.
Сонымен, жеңіл көліктер арасында жиі жол апатына ұшырайтын үш марка мыналар: Toyota Camry, Chevrolet Cobalt, Daewoo Nexia.
Ал жүк көліктері арасында ресми статистика бойынша ең көп апатқа ұшырайтын маркалар: КамАЗ, ГАЗ және Volvo.
Автобустар арасында жол апатына жиі түсетін маркалар: Yutong, ПАЗ және Golden Dragon.
«Аталған кезеңдер бойынша бұл көліктердің маркалары жылдан-жылға өзгермейтіні байқалады. Мұны сұраныс кезеңіндегі елдегі автопарк құрамымен байланыстыру қажет. Сонымен қатар, 2024 жылы Toyota Alphard көліктері жүргізушілерінің кінәсінен 216 адамның зардап шегуіне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында мұндай 31 оқиға тіркелді», – деді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әлкенов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!