«СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сот отырысына Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой куәгер ретінде шақыртылуы мүмкін.

Нұр-Сұлтан, NEGE. NUR.KZ тілшісінің хабарлауынша, Цойды куәгер ретінде шақырту жөнінде өтінімді сотқа адвокат Ерлан Мәкен айтқан.

«Басты сот талқылауына Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды шақыртуды сұраймын. Өйткені жәбірленуші тараптың (жәбірленуші – ДСМ) өкілі қойылған сұрақтардың жартысына да жауап бере алмай отыр», – деді адвокат.

Министрлік өкілінің ойынша, министрді сотқа шақырту – басы артық шаруа.

Цойды сотқа шақыртуы мүмкін

«Өтінімді қанағаттандырмауды сұраймын. Қорғанушы тарап «сұрақтарыма жауап бере алмады» дейді. Мен жауап беруге тиісті сұрақтарды жазып алып отырмын. Министрді сотқа шақырту – басы артық шаруа. Министрлік маған сенімхат берген», – деді министрліктің өкілі Оралов.

Бұл істе бұрынғы министр Е.Біртанов та бар екенін ескерткен судья Қанат Дүйсембиев егер министрлік өкілі мен Е.Біртановтың жауабына сот қанағаттанбаса, куәгер ретінде Цойды сотқа шақыртатынын мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Б.Шәріптің үйін тінту барысында заңсыз сақталған травматикалық қару табылған. Одан бөлек, Б.Шәріп «2000 дәрігердің вирус жұқтыруына себепкер болды», «Қытайдан екі рет құрқол қайтты», «мемлекеттің ақшасын-талан-таражға салды» деп айыпталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!