Күрделі жағдайдан құрғақ сөздің құтқаруы екіталай. Сақадай сай дайындық қана сап түзеген қызметкерлерді күмілжіте қоймайды. Кәсіби жауапкершілікті қаперден шығармайтын №68 мекемесі жеке құрам қызметкерлерінің “дабыл сөмкесін” тексерді.
Нақты нұсқау мен тәртіп барда көңіл де тоқ. Мұндай да кемшілік те көбеймейді. Сонымен, тексеру барысында қызметтік куәліктерге, сөмкелердің толық жабдықталуына, қажетті заттардың талапқа сәйкестігі мен сақталу мерзіміне мән берілді. Мұның бәрі қызметкерлердің төтенше жағдайда тыпырлап қалмай, жедел әрекет ету дайындығын пысықтау болатын.
– Қызметтің тиімділігі – дайындықтан басталады. Қызметкерлердің дабыл сөмкесінің әзірлік деңгейін қарап шыққанымыз содан. Бұл – төтенше жағдай туындағанда уақыт жоғалтпай, нақты әрі үйлесімді әрекет ету үшін қажет қадам.
Жалпы ахуал тұрақты. Жеке құрам қойылған талаптарды түсінеді және орындауға дайын. Алдағы уақытта да кәсіби даярлық пен тәртіпті күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасады, – дейді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әділет майоры Мирамбек Ұзақұлы.
Ал, мекеменің мәжіліс залында өткен аппараттық жиында апта ішінде атқарылған жұмыстар талқыланды. Сондай-ақ, мекеме бастығының жедел және режим жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы әділет майоры Медет Ізбасар жеке құрам қызметкерлеріне міндетті мүлтіксіз орындау жайын қадап айтты.
Сайып келгенде, жұмылып жүріп қызмет етудің негізгі қағидалары осы болса керек-ті.
З.Қонысжан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!