Фото: allbusiness.kz

Қалада есте қалар ерекше сәттерді жақындарыңмен бірге өткізуге арналған орталықтар күннен- күнге көбеюде. Бұл жолы жас оқырмандарымызға ежелгі өнер түрін үйрететін «Dalacrafts» орталығын таныстыруды жөн көрдік. Ашылғанына ұзақ уақыт болмаса да, көптің көңілінен шығып үлгерген. Қала тұрғындары отбасымен, жұбымен бірге орталыққа барып, құмыра жасауды, сурет салуды әдетке айналдырған. Халқымыздың ежелден бойына біткен асыл өнер – құмыра жасауды дәріптеп жүрген «Dalacrafts» орталығы туралы бірнеше мәліметпен бөліссек.

Орталық карантин уақытында Алматыда ашылған. Қазір Қазақстанның 8 қаласында филиалы бар. Ал Қызылордадағы орталықтың тұсауы өткен жылы кесілді. Негізгі мақсаты – тек құмыра жасау ғана емес, қазақы құндылықты жұртшылық арасында насихаттау.

Студия 4 түрлі қызмет ұсынады. Оларға құмыра жасау, сурет салу, резин арт, романтикалық кеш кіреді. Аталған шеберлік сағаттарының ішінде ең ерекшесі жұптарға арналған романтикалық кеш. 2 сағатқа жоспарланған кеште жұптар сурет салып, әдемі сәтті естелікке айналдырады. Оларға арнайы фуршеттік үстел әзірленіп, романтикалық атмосфера жасалады. Алайда орталықтың негізгі бет-бейнесіне айналған құмыра жасау өнері тұтынушылар арасында көбірек танымалдыққа ие. Құмыра жасаумен балалар да, үлкендер де айналыса алады. Аталған өнер түрін үйрену үшін бірнеше қызметтің ішінен өзімізге ыңғайлысын таңдай аламыз. Мысалы 3-15 жас аралығында балаларға арналған пакет болса, одан бөлек love story түсіруге арналған жұптар пакеті, сонымен қатар 20-30 жылдық мерейтойларын өткізу үшін келген үлкен кісілерге арналған пакет те бар.

Орталықта қыс уақытында сурет салудан, құмыра жасаудан үйірме өтті. Негізгі мақсаты – балаларды ерекше өнер түрімен таныстыру. Бұл тұста құмыра жасаудың бала бойына сабырлық, мұқияттылық секілді қасиеттерді сіңіретінін де айта кеткен жөн. Құмыра жасаумен айналысқан баланың қол маторикасы дамып, soft skiils қабілеттері артады. Ми жұмысы жақсарады, зейіні ашылады. Сонымен бірге фантазиясы дамып, креативті болады, алғырлығы артып, сенімділігі күшейеді. Балалар отбасымен бірге тыныштықта уақыт өткізіп, рухани құндылықтарды бойына сіңіреді. Өз уақытын тиімді өткізгісі келетіндер тамақтану, ойын сауық орталықтарына баруды емес, өздерінде естелікке қалатын құмыра жасауды дұрыс деп санайды. Ал Еуропада керамикамен 6-11 жастағы балалар мен егде адамдар айналысады. Үлкендердің жүйке жүйесі шаршағанда қол буындары арқылы миға әсер етеді. Құмыра жасап отырғанда мазалап жүрген ойлар, жиналып қалған мидағы мәселелер тыйылады. Арт терапия дейтіні сондықтан. Орталықтың тағы бір артықшылығы – мобилографтың жұмысы. Мобилограф сурет пен бейнеге тегін түсіріп, эмоция мен ерекше сәтті сыйлық етеді.

Орталықтың негізгі ерекшелігі – қала тұрғындарының өзіндік есте қалатын кеш өткізуіне ыңғайлы орын болуы. Қонақтар келгенде орталық ішінде қазақы атмосфера әр бұрыштан мен мұндалап тұрады. Олар домбыра үнімен бірге ерекше күйге бөленеді.

Елімізде керамика өнер ретінде бағаланады. Ғалымдар қазақ топырағынан шыққан қыш бұйымдар неолит кезеңінен келе жатқанын айтады. Құмыра жасау арқылы миымыз тынығады, сазбалшықтың сиқырын сезініп, рухани баюға мүмкіндік аламыз. Ата кәсіпті дәріптеуді мақсат еткен «Dalacrafts» орталығының алдағы уақытта да жетер жетістіктері мол деп сенеміз.

Айғаным ҚОҢЫРБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!