Балалық шақтың бал күндері қай баланың болсын еміс-еміс есінде. Менің жадымда қалғаны – анамның қаталдығы. Сабақ оқуға келгенде өте қатал болатын. Өзіміз қазақы қарапайым отбасыда ұлттық құндылықты бойға сіңіріп өскен соң орыс тілін үйренуге онша құмар емес едік. Оған қоса сырбойылықтардың барлығы қазақ тілді емес пе?! Сөйтіп бір немесе екінші сыныпта оқитын кезім. Анам жоғары сыныпқа барғанша сабағымызды қатты қадағалайтын. Ол кезде тұрмыстың тіршілігі бітсін бе… Үйдің шаруасы, оған қоса қызметі бар. Сонда ерінбей, ұрысып отырса да, бізді өзі оқытып, өзі бақылайтын.

Бір күні орыс тілі пәнінен үй тапсырмасын орындап отырдық. Орыстың «Айболит» деген сөзін оқи алмай таяқтың астында қалғаным әлі есімде. Сол құдай атқыр сөзді «Ай-бо-лат» деп айта беремін. Анам «Ай-бо-лит» деп буынға бөліп, қайта-қайта айтады да, «қайтала» дейді. Мен құрғыр сол сөзді айта алмай, бір таяқ жегенім бар. Сол кезде анамның бұл қылығына ренжитінмін. Бірақ есейе келе, сол қаталдығының астарында жанашырлық, «осы адам болсын» деген қағида жатқанын ұқтым. Соның арқасында шыдамды, еңбексүйгіш болып өстім.

Даналық анамнан тарайды

Қазір 4 тілді жетік білемін. Сол кезден бастап гуманитарлық салаға, журналистикаға бағыттап, жол көрсеткен алғашқы ұстазым анам екен. Кішкентайымнан ашық-жарқын, бірақ өте аңғал әрі ақкөңіл болып өстім. Ағайын-жұрағат, әулеттің үлкендері, тіпті әкем де, бұл мамандықтың менің мінезіме сай емес, ауыр екенін айтып, басқа салаға бағыттауға тырысты. «Журналистика – қыз балаға қиын, қауіп-қатері көп», «Одан да тыныш, жайлы жұмыс таңда» деген сөздерді сан мәрте естідім. Бірақ сол кезде менің қасымда анам ғана тұрды. Ол менің бала кезден жазуға жақын екенімді, өзгелердің әңгімесін ұйып тыңдап, әр дүниеге талдау жасайтынымды байқап жүретін. «Қаламыңды тастаушы болма, қызым. Арманыңнан бас тартпа!» – деп демеу беретін. Кейде көңілім босап, өзіме сенімсіздік танытсам, «Сенің жүрегіңнің қалауы – осы. Басыңа түскен қиындыққа мойыма, мақсатыңа ұмтыл» деп қайрап отыратын. Мектепті үздік бітіріп, журналистика факультетіне оқуға түскенімде анам қатты қуанды. Қолына дипломымды ұстатқанда көзіне жас алып: «Мен саған сендім. Енді сен де өзіңе сен», – деді. Бұл сөздер менің жадымда мәңгі сақталып қалды. Кейде жұмыс ауыр болып, шаршаған сәттерімде анамның сол мейірімді жүзі, маған деген сенімі көз алдыма келеді. Сол кезде қайта жігерленіп, алға ұмтыламын.

Даналық анамнан тарайды

Тағы бір есімде қалғаны – анамның талапшылдығы. Балалық шағымда біз үшін ең жауапты күн сенбі болатын. Демалыс жақындаса болды, «апта соңы болмаса екен» деп тілейтінбіз. Себебі сенбі – анамның «үлкен тазалық күні». Анам – талапшыл жан. Жәй ғана бетін жуып, еденді сүртіп қойсақ, «бітті» деп есептемейтін. Ол бәрін мұқият тексеретін. Төсектің астын, сөренің үстін, тіпті жиһаздың артындағы шаңды да саусағымен сүртіп қарайтын. Егер тозаң қалса, демек, жұмыс дұрыс атқарылмаған. Біз үшін бұл нағыз емтихан еді.

Үй тазалау кезінде анам ерекше сергек болатын. «Тазалық – имандылықтың жартысы» деп жиі айтатын. Сол кезде бұл сөздің мағынасын терең түсінбесем де, қазір оның қандай үлкен мәні бар екенін ұғынамын.

Қазір өзім де қыз бала тәрбиелеп отырған анамын. Балалық шақта қиындау көрінген тазалық әдеттері қазір менің өмірлік қағидама айналды. Үйдің тазалығы – көңіл-күйдің тазалығы. Айналаң жып-жинақы тұрса, ойың да реттеліп, жаның тыныштық табады екен. Қызымда менің тазалыққа деген талаптарымды көріп өсіп келеді. Бәлкім, ол да бала күнінде мен сияқты ренжитін шығар. Бірақ жылдар өте келе, анам маған қандай маңызды сабақ бергенін түсінгенімдей, ол да түсінер деп сенемін…

Даналық анамнан тарайды

Ана – әр адамның өміріндегі ең ұлы ұстаз. Оның берген тәрбиесі, айтқан ақылы – баға жетпес қазына. Менің бүгін қол жеткізген жетістігім бәрі анамның маған деген сенімі мен махаббатының арқасы.

Қанша жасқа келсем де, анамның бала күнімдегі өсиеті мен даналық сөздері жадымнан еш өшкен емес. Анамның ақылы – өмірімнің басты қағидасы. Қандай жетістікке жетсем де, алға қадам бассам да, анамның дұғасы мен ол берген тәрбие жемісі. Оның жүзін қыртыс жауып, әжім басса да, анам мен үшін мәңгі жас, ақылы тасыған дария, әр сөзі тәрбие бесігі. Жүрегі мейірімге толы жақсы жан. Мен анамды жақсы көремін. Осы күнгі қалпым үшін анама қарыздармын…

Әсия НҰРЛЫБАЕВА,
«24.kz» арнасы халықаралық
ақпарат бөлімінің тілшісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!