Фото: Halyq Uni
16 қыркүйекте жалпыға бірдей декларация тапсырудың үшінші кезеңі аяқталды. Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, үшінші кезең аясында жеке кәсіпкерлер, олардың жұбайы, компания басшылары және құрылтайшыларын қоса алғанда 2 миллионнан аса жеке тұлған активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00-нысан) ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ал декларация ұсынбағандарға хабарлама жіберілген.
Хабарламаны алған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде мұндай адамдар декларацияны ұсынуы қажет немесе не себепті тапсырмағанын түсіндіруі қажет. Оны тапсырмаса, азаматтың банктегі шоттары бұғатталады.
ДЕКЛАРАЦИЯНЫ КІМ ТАПСЫРАДЫ?
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті декларацияны кәсіпкерлер – заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсыруға тиіс. Табыс мөлшері мен бизнестің ауқымы маңызды емес, үйде қарапайым жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін кондитерден бастап зауыт иесіне дейін талап ортақ.
Салық төлеуші декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және «E-Salyq Azamat», «eGov mobile» Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz. мобильді қосымшалары арқылы ұсына алады.
250 НЫСАНДАҒЫ ФОРМА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Кәсіпкер бірінші жылы 250-нысандағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады, оны «кіріс декларациясы» деп атайды. Онда декларациялау сәтіндегі барлық жинақталған мүлік пен ақша көрсетіледі (2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша). Бұл форманы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде бір рет тапсырады.
Ал келесі жылдары кәсіпкер 270-нысандағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырып, онда бір жыл ішінде тапқан және алған табысын көрсетіп отырады. Бұл адамның бастапқы декларациясында не болғанын және кейін не қосылғанын көру үшін жасалады.
250-нысандағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда Қазақстаннан тыс жерде тіркелген барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік көрсетіледі:
- жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер учаскелері мен жер үлестері;
- жылжымалы мүлік: көлік құралдары, арнайы техника, әуе және теңіз кемелері;
- шетелдік банктердегі, ҚР шегінен тыс банктік шоттардағы ақша, 1000 АЕК-тен жоғары;
- ҚР тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі.
Сонымен қатар Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, тіркемелер, машиналар – бұл декларацияда көрсетілмейді, өйткені бұл мәліметтер уәкілетті органдарда бар, оларды мемлекет көріп отыр. Декларацияда Қазақстандағы банктік шоттар да көрсетілмейді, өйткені ресми органдар оны біледі. Мемлекетке тек шетелдік шоттар ғана туралы мәліметті білуі керек. Онда да шетелдік банк шотындағы қаражат 1000 АЕК-тен асса ғана декларацияда көрсетуге міндетті. Одан аз болса, міндетті емес.
Сонымен қатар Қазақстанда, сондай-ақ, шет мемлекеттерде мына мүліктер декларациялауға жатады:
- үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлестер;
- бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоин және т.б.);
- инвестициялық алтын (алтын құймалары);
- зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
- 10 000 АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша (егер көп болса, онда 10 мың АЕК көрсетіледі, қалғаны көрсетілмейді);
- нотариалдық құжатпен куәландырған берешегі, тек банктерге қарызды көрсетіп керек емес, оны мемлекет көріп отыр;
- құны 1000 АЕК-тен асатын шетелдегі мүлік;
- сенімгерлік басқаруға берілген мүлік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!