Фото: Ашық дереккөзден алынды
Соңғы 5 жылда 40 мыңнан астам әке бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан. Олар да аналар секілді жәрдемақы алып, үйде болу мүмкіндігін пайдаланған екен. Әдепкіде мұндай қадам қоғам тарапынан сынға ұшыраса, кейін декретке шығатын ердің қатары көбейді. Бұған не себеп? Тақырыптың тұрмыстық тұсына бойлай алдық па? Міне, осы сауалдар мәселенің мәнін ұғуға сеп болардай. Ашығын айтайық, мәселенің моральдық қатпарын қопарудан аулақпыз. Қазіргі қазақ қоғамы «Әкенің декретке шыққаны дұрыс па, бұрыс па?» деген арзан тартыстан әрі асты деген үміт бар. Сондықтан мақаладағы басымдық «үйде отырған» әкелер тенденциясының экономикаға әсері, әлеуметтік-тұрмыстық өзгеріске ықпалы секілді бағытқа берілмек.
Үйде отырған әке
Әрине ананың заңды демалысын ешкім меншіктей алмасы анық. Ер адам бала дүниеге келгеннен кейін оның күтіміне байланысты ғана демалыс ала алады. Әлеуметтік төлем, жұмыстан уақытша демалыс алу да осы құқық аясында жүзеге асады. Бала босануына байланысты тағайындалатын бір реттік жәрдемақы тек баланың анасына берілсе, кейінгі бір жасқа дейінгі төлемді декреттік демалысқа шықса ғана ер адам алуына мүмкіндік бар. Бұл уақыт аралығында оған жалақы төленбегенімен, жұмыстан шығарылмайды. Тіпті кез келген уақытта қызметіне оралуына болады. Алайда құқықтық жолы жеңіл емес. Жауапкершілік пен талап бар. Қалаған ер декретке шығады деуге келмес. Мәселен, жалғыз басты ер адам марқұм туыстарының баласын асырап алса, ажырасудан кейін бала әкесінде қалса, еркек бұл мүмкіндікті пайдаланады. Сондай-ақ баланың анасы дүние салып, бала 3 жасқа толмаса әрі анасы ата-аналық құқықтан айырылса, ерлер декреттік демалыс рәсімдеуі мүмкін. Мұның барлығы ҚР Еңбек кодексінің 195 бабында нақты көрсетілген. Әкенің декретке шығу жолы белгілі. Ал «Мұндай қадамға қандай себеп итермелеуі мүмкін?» деген сауал туындары белгілі. Бұл орайда әлеуметтанушылар түрлі пікір айтуда. Мұны тұрмыстық ахуал ықпалы деп санайтындар да, заман талабы ретінде қарайтындар да жетерлік. Не де болса, декретке шығу ерлер үшін табыс көзіне айналғаны жасырын емес.
– Тұрмыста қаржылық мүмкіндік шешуші рөл ойнайды. Мысалы, отбасында әйел адамның айлық табысы еріне қарағанда көп болса, ер адам бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы мүмкін. Яғни әйел тұрақты мол табыстан қағылғысы келмей, күйеуін декретке шығарады. Екеуара келісе отырып, бала күтімін ері алып, әйел қызметін жалғастырса, үйдегі табыс балансы бұзылмайды. Әрине мұндай отбасылардың әрекеті ұлттық менталитет тұрғысынан сынға ұшырауы ықтимал, алайда қаржылық қыспақ көріп, болашақты ойлаған ерлізайыптылар бар мүмкіндіктен айырылмайтыны анық, – дейді әлеуметтанушы Шаттық Тайбекқызы.
196 мың: Жәрдемақы жол ашып тұр
Расында, маман сөзінде жан бар. Үйде отыруға асығатын әкелердің басым бөлігі әлеуметтік көмектен дәмелі. Себебі, мемлекет беретін жәрдемақының көлемі жыл сайын артып, 1,5 жылға дейін тұрақты табыс көзіне айналған. Оған биылғы әлеуметтік төлем мөлшері тағы ұлғайғанын қосыңыз. Сондықтан әкелер «үйде жатып» ақша алуға кетәрі емес.
– 2024 жылы бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Бірінші балаға – 21 266 теңге, екінші балаға – 25 143 теңге, үшінші балаға – 28 982 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 32 859 теңгеден төленеді. Декретке дейін жұмыс істеген азаматтардың бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала өмірге келгенге дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 процентін құрайды, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәлімдемесінде. Үкіметтен жәрдемақы алудың жолы мұнымен шектелмейді. Табысынан айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақы да «үйде отыруға» итермелеуде. Министрлік берген мәліметке сенсек, өткен жылдың 9 айында 2 мыңға жуық ерге аталған әлеуметік көмек берілген. Олар 22 мыңнан 196 мың теңгеге дейін қаржылай көмек алған.
Офицер де декретте
Басқа-басқа, әскери қызметкерлер арасында бала күтімін себеп қылып үйде отырған ерлер барын білесіз бе? Әрине қызметтік символикаға салсақ, сену қиын-ақ. Десе де мұндай құқық бұрыннан бар әрі офицерлер мүмкіндікті қапы жібермей келеді. 2014 жылы ер офицерлердің декретке шығуына рұқсат беретін заң қабылданғанда жатсынғанымен, кейін аталған қадамды сәтті пайдаланғандар қатары көбейді. Қазірдің өзінде қарулы күштегі 600-ге жуық ер офицер декретте отыр. Өзі үйде, қызметі де тоқтамайды, шені өсуде. Олардың бәрі бірдей балаға қарап отыр дегенге келмес. Көбі қосымша жұмысқа кірген. Мемлекеттен алатын жәрдемақысы, «таксилетіп» тапқаны тағы бар. Әйтеуір «батпан құйрыққа» кезіккен. Алайда мамандар мұндай іс әскери болмыс пен қызметтік этикаға жат екенін айтып, аталған заңның күшін жоюды сұрауда. Солардың қатарында әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы да бар. Ол «Егемен Қазақстан» газетіне білдірген пікірінде офицерлердің декретке шығуын әскери беделге нұқсан келтіру деп бағалаған.
– Бұған жол бермеу үшін заңдағы норманы алып тастау керек. Басқа амалын көріп тұрған жоқпын. Екіншіден, жалпы армияның беделі әскерилердің отаншылдық рухына байланысты. Егер офицер, сержант немесе келісімшарт бойынша қызмет істейтіндер әскери саланы жән-тәнімен беріліп атқаруға келсе, мұндай мәселе болмас еді. Әскер ол үшін тек экономикалық тұрғыдан әл-әуқатын жақсартудың ғана көзі болса, онда әскери адам жағдайын жақсартудың бар амалын пайдаланады. Туысының үйіне тұрып та пәтерақы алуы мүмкін. Отан үшін деген әскерилер мұндай пайдакүнемдікке бара қоймайды. Себебі олар әу баста ел мен жерді қорғауды мақсат тұтқан адал азаматтар деп білемін, – дейді маман.
Аталған тақырыпты Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан да бірнеше рет көтерген болатын. Ол әскери қызметтегі ер адамдардың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуын ұятсыздыққа балаған еді. Ол да ер офицерлерді бала күтімі бойынша демалысқа жіберуге рұқсат беретін шешімнің күшін жоюға ынталы.
– Қорғаныс министрлігі қазір шырылдап жүр. Мүмкін бұл норманы қайта қарайтын шығар. Бірақ бұл шешім – біздікі емес, халықаралық норма. Халықаралық еңбек ұйымы деген ұйым бар, Женевада отырады. Солар «Ер адам мен әйелдің құқығы бірдей. Баламен отыруға екеуінің де құқығы бар. Әскери адам болсын, жай азамат болсын» дейді. Қазақ қоғамында бұл кішкене ерсі, – деді депутат.
P.S. Иә ерлердің декреттік демалысқа шығуы әлемде кең қолданыста. Ұлыбритания, Қытай, Финляндия, Австрия, Франция сынды мемлекеттерде әкелерге ақылы демалыс бар. Тіпті жалақысына үстемақы беріп, үйде отыруды міндеттейтін ел де баршылық. Мұның барлығы халықаралық құқық қорғау ұйымдарының талабынан туған әдіс екені белгілі. Сондықтан Қазақстан да ерлерге бала күтіміне байланысты демалысты қамтамасыз етуге міндетті.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!