Желіде энергетикалық сусынға тәуелді болғанын айтып берген 18 жастағы қазақстандық бойжеткеннің видеосы жұртты шошытты. Сусынды күнде ішкен қыздың үстін бөртпе қаптап, жүрегіне зиян келіп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бойжеткен басынан өткен оқиғасын TikTok желісінде жариялаған. Бейнежазба 1,6 миллионнан астам қаралым жинаған.

Бойжеткеннің айтуынша, ол энергетикалық сусындарды күнде ішкен. Басында бір бөтелке, кейін үш төртеуден іше бастаған.

«Адамдардың энергетикалық сусындардан өліп жатқаны туралы жаңалықтарды оқысам да  бұған сенбедім. Өйткені өзімді жақсы сезіндім», – деді ол.

Сусынды жиі қолданудың нәтижесінде қыздың денсаулығы күрт нашарлаған.

Бір күні әдеттегідей энергетикалық сусын ішкеннен кейін оның қызуы көтеріліп, денесінде бөртпе пайда бола бастаған. Бойжеткен дереу қалалық ауруханаға жеткізілді. Сараптамалар  энергетикалық сусындар оның жүрегіне зиян келтіргенін, сонымен қатар аллергиялық реакция тудырғанын көрсеткен.

Бейнебаян авторы энергетикалық сусындарды қолданудың зияны туралы ескертіп, денсаулықтарын күтуге кеңес берді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!