Депозитке қаражат салу – бұл тек қана жинақ ақшаңызды сақтап қою тәсілі ғана емес, сонымен қатар қосымша табыс табу мүмкіндігі. Салымның барлық артықшылықтарын пайдалану үшін бірқатар негізгі факторларды ескеру қажет. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметтеріне сүйеніп, Aikyn.kz депозит ашқан кезде неге назар аудару керектігін хабарлайды.
Банк шоты немесе салым шартының талаптарын мұқият оқымау
Шарттың егжей-тегжейін білмей жатып оған қол – қою жиі кездесетін қателік. Өйткені салымның табысы, қаражатты мерзімінен бұрын алу бойынша шектеулер, салымға қатысты максималды кепілді өтем сомасы, салымды келесі мерзімге ұзарту тәртібі және басқалар салым бойынша негізгі талаптарға тікелей тәуелді.
Ұсыныс: Шартпен әрқашан толық танысыңыз. Егер сұрақтарыңыз туындаған жағдайда міндетті түрде онлайн немесе офлайн режимінде банк менеджеріне жүгініңіз. Қазіргі таңда банктер салым немесе шоттың негізгі талаптарымен үлкен әріптермен жазылған көрнекі кесте түрінде оны шарттың бас жағына орналастырып, клиентті хабардар етуге міндетті.
Таңдалған депозиттер бойынша кепілді өтемнің максималды сомаларын елемеу
Қазақстанда кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің жинақтарын ҚДКБҚ қорғайды. Банк лицензиядан айырылған жағдайда, Қор осы банктің депозиторларына өтем төлеу бойынша міндеттемені өз жауапкершілігіне алады. Төлем депозиттің түрі мен валютасына байланысты заңнамада белгіленген өтемнің максималды сомасы шегінде жүргізіледі:
- 20 млн теңге шегінде – теңгедегі жинақ салымдар бойынша,
- 10 млн теңге – теңгедегі басқа депозиттер, карталар және шоттар бойынша,
- 5 млн теңге – шетел валютасындағы карталар, шоттар және салымдар бойынша.
Егер депозит сомасы осы лимиттерден асып кетсе, онда артық мөлшерге кепілдік берілмейді. Ал егер салымшы бір банкте бірнеше депозит ашқан болса, онда кепілдік мөлшерін есептеу кезінде (банк лицензиядан айырылған жағдайда) олар жинақталады және төлемнің жалпы мөлшері 20 млн теңгеден асырылмайды. Бұл ретте әрбір депозит түрі бойынша белгіленген максималды өтем сомасы ескеріледі.
Кеңес: Үлкен сомаларды кепілдіктің шекті сомасынан аспайтындай етіп, оларды әртүрлі банктерге бірнеше салымдарға бөліп орналастырған дұрыс, өйткені әртүрлі банктердегі ақшаға олардың әрқайсысы үшін бөлек кепілдік беріледі.
Депозитті таңдау кезінде шарттың мерзіміне назар аударыңыз
Сіз сыйақы мөлшерлемесі жоғары, ұзақ мерзімді салым таңдадыңыз делік. Бұған дейін Сізге мерзімінен бұрын барлық қаражат қажет бола ма, жоқ па, соны мұқият қарастырыңыз. Өйткені бұндай салымның шарттары бойынша мерзімнен бұрын алуға шектеулер болуы мүмкін, бұл барлық есептелген пайыздардың жоғалуына қауіп төндіреді.
Кеңес: Үлкен сома қашанға керек екенін ескере отырып, барлық нұсқаларды есептеп, содан кейін ғана салым мерзімін таңдаңыз, сондай-ақ мерзімінен бұрын алу шарттарын зерттеген дұрыс. Сондай-ақ, салымшы шарт мерзімінің қашан аяқталатынын есінде сақтау қажет, өйткені банк шарт мерзімінің аяқталғаны туралы хабарлауға міндетті емес. Егер шарт талаптарында қарастырылған болса, ол аяқталғаннан кейін банк автоматты түрде салым мерзімін ұзарта алады. Ұзарту кезінде сыйақы мөлшерлемесі банктің ағымдағы шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескеру маңызды. Егер салымшыға салым мерзімін ұзарту талап етілмесе, онда банкке жеке өзі жүгіну керек. Қаражатты қайтару тәртібін қоса алғанда, барлық мәліметтер салым шартында көрсетілген. Оны сайттан немесе банктің мобильды қосымшасынан көруге болады. Сонымен қатар ақпараты нақтылау үшін банк менеджеріне жүгіну ұсынылады.
Банк таңдау
Бұл сондай ақ салымшы үшін маңызды. Кейбіреулер жақсы ұсыныстарға ұмтылуы мүмкін, мысалы, жоғары сыйақы мөлшерлемесі, қаржылық тұрақтылық, банктің қаржылық тұрақтылығын тексермей салымдар ашуы мүмкін. Сондықтан банк таңдағанда жарнамалық материалдармен шектелмеңіз.
Кеңес: Банктердің рейтингтерін қарау. Оларды Moody’s, S&P және Fitch халықаралық агенттіктері береді. Бұл банктер бойынша болжамдар – тұрақты, позитивті және басқа, сондай-ақ олардың рейтингтік бағалары көрсетілген. Бұл ақпарат депозитті орналастырмас бұрын Банктің сенімділік деңгейін бағалауға көмектеседі.
Қорытындылай келе, депозитті таңдау кезінде сауатты тәсілді қолдана отырып, сіз өзіңіздің жинақ ақшаңыздың сенімді қорғалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды молайта аласыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!