Видеодан кадр: azh.kz

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Нартай Аралбайұлы кейінгі кездері болған жайттарды мысалға келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығын бұзған заңбұзушыларға қатысты мәселелерді көтеріп, оларды қатаң жазалау қажеттігін айтты. Депутаттық сауал ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолданды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

«Кеше ғана 60-қа таяған азаматты аяусыз сабап жатқанын көзімен көріп, бірақ әрекетсіз тұрған адамдардың бейқамдығы, араша түскенде адам аман қалатын еді. Бұл да қаперге алатын жайт. Елімізде мұндай заңсыздыққа баратындар саны азайған жоқ. Бүгінгі депутаттық сауалым тәуелсіз Қазақстанның заңын аттап өтіп, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қаперге ілмей, өзінің қуанышын өзгенің қайғысына айналдыра жаздаған тентектердің тірлігі туралы. Қазақ «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дейді. Өкінішке қарай, тойып секіріп, ақшаның буы ұрғандар өзін өзгелерден биік қоятын ауруға шалдыққан. Оның емі қатаң жаза ғана. Нақты мысалы күні кеше ғана Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында болды», – деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат үйлену тойының құрметіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып, қаруды кезекпен алып, оқ атып қызық қуғанын сынға алды.

«Алайда ауылдың ортасында жауған оқтар қорқып қашқан қарапайым халықты да, тәртіп сақшыларын да көзге ілмеген ойсыз тойшылдар құдды бір 90-жылдарда жүргендей қаруды қалағанынша қолданған. Онысын абырой көріп видео-фотосын әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл дегеніңіз Тәуелсіз елдің Заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрініс емес пе?

Абырой болғанда, қаңғыған оқтан жапа шеккен азамат жоқ. Бірақ үрейленген халықтың көңілі күпті. Себебі сіз бен біздің ата-әжеміз, ата-анамыз, бала-шағамыз, бауырларымыз, отандастырымыз жүретін көшеде қызық қуып оқ жаудыруға кім рұқсат берді? Тағы бір сұрақ, ойсыз оқ атқандар автомат пен тапаншаны қайдан алған? Әлде оларға заң, құқықтық тәртіп жүрмей ме?» – деді ол.

Оның сөзінше, азаматтардың өмірін қатерге тігіп ауылдың ортасында оқ атқандар бейнекамераға қарап кешірім сұрап, жазадан құтылып кетпеуі керек. Мұндай тәсілден елдің әбден ығыры шықты, деген депутат Нартай Аралбайұлы мынадай ұсыныстар айтты:

  • 1. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын күшейтіп, түлектердің кештерінде заңсыздық болмауы үшін рейдтер жүргізуі керек.
  • 2. Прокуратура, сот-тергеу органдары Атырау қаласындағы, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында болған оқиғаны саралап, оған қатысы бар азаматтарға заңға сай қатаң жаза кесуі керек.
  • 3. Ішкі істер министрлігі қарапайым азаматтардың қолындағы қару-жараққа инвентаризация жүргізіп, олардың заңға сәйкес келмейтіндерін тәркілеуі керек. Осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қатаңдату керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!