Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға 4 пайыздық несие беру керегін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.
Статистикалық деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның 62%-ы еңбекке қабілетті жас. 305 499 мың адам ауылдарда және 409 658 мың адам қалада тұрады. Мүгедек жандардың көбі қоғамдық көлікті пайдалану мүмкіндігі жоқ және жүріп-тұруға жалғыз мүмкіндік ретінде автокөлікке мұқтаж.
Ауылда самолет ұшпайды, тіпті көптеген ауылда пойыз жүрмейді, жалғыз мүмкіндік – ол жеңіл көлікпен жүріп-тұру.
Мүгедектігі бар адамдар көбіне пайдаланылған, шаршап шаруасы бітуге айналған арзан көлік сатылып алады. Оған қоса мүгедектердің зейнетақысы өте төмен екені белгілі, әуе тасымалы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арманға айналған, ал теміржол бағытында купелер мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделмеген. «Былай барсаң, өгіз өліп, былай барсаң арба сынар» өте қиын жағдайда. Бір ғана амал, ол автокөлік. Сол себепті мүгедектігі бар жандар үшін 4 пайыздық жеңілдетілген несие қарастырылуы керек, – деп айтты депутат.
Сөзінше, Қазақстанда «Инватакси» арнайы әлеуметтік қызметі тек емханаға, ауруханаға, дүкенге жету үшін қарастырылған оның өзі оларға қолы жетсе ғана.
Көптеген мүгедек жандар амал жоқтықтан, автокөліктеріне қолмен басқарылатын құрылғыларды өздері жасап орнатып алып жүр. Бұл құрылғыларға арнайы бекітілген мемлекеттік стандарттар жоқ па? Ішкі істер министрлігінің жауабына сәйкес қолмен басқаруға ауыстырылған автокөліктерді есепке алу жүргізілмейді екен, – деп айтты Таңсауле Серіков.
Сөзінше, жауапты министрліктің ақпаратына сәйкес автомобиль өнеркәсібі жыл сайын өсіп келеді.
Сонда жыл сайын автоөндіріс жағдайы жақсы болса да, мемлекеттен субсидия ала тұра мүгедектерге ешқандай жеңілдік жоқ па? Бұл қалай болғаны? Ол субсидия нақты қайда жұмсалып жатыр? – деп сұрады депутат Үкіметтен.
Депутат мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтеттік деңгейін арттыру мақсатында өз ұсыныстарын жеткізді:
– медициналық анықтамалары бойынша арнайы автокөлікпен қамтамасыз етуге мұқтаж жандарды есепке алуды қарастыру;
– арнаулы автокөлiк құрастыру үшін өндіріс орындарын құру, өндiрушiлерге осы мақсаттар үшiн салықтық жеңілдіктер беру;
– арнаулы автокөлiктермен айналысатын техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашуға мүмкіндік туғызу;
– автопромдардың мемлекеттен субсидия алуына байланысты, мүгедектерге, жеңілдетілген 4 пайыздық несие және тегін автокөлік беру жолдары қарастырылсын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!