Sputnik. Мәжілістің бір топ депутаты көлікті мас кезінде жүргізгені үшін қазіргі жазаны өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 15 тәулікке қамау және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Депутат Николай Арсютиннің айтуынша, ондай шара әлемде ең қатаң жаза болып саналады. Оған қоса, құқық бұзушылықтың дәрежесі ескерілмейді. Мәселен, алкогольдің минималды мөлшері анықталса да, 7 жылға көлік жүргізу куәлігін алып қояды.
«Әсіресе, көлік жүргізуші болып істейтін бульдозерші, краншы, таксист, алысқа қатынайтын жүргізуші, курьер сияқты адамдарға қиын, олар табысынан айырылады, отбасын асырай алмай қалады. Ал ресми мәліметке сәйкес, бүгінде шамамен 500 мың адам сан алуан интернет-платформалар арқылы такси мен жеткізу қызметімен айналысады», – деді Арсютин мәжілістің бүгінгі отырысында.
Осы орайда депутат шетелдік тәжірибені мысалға келтірді. Германияда көлікке мас күйінде отырғаны үшін сараланған жаза қолданылады. Қандағы алкогольдің мөлшеріне қарайды. Мәселен, 0,5 промилле – айыппұл, 0,5–1,1 промилле – айыппұл мен көлік жүргізу құқығынан уақытша айыру, ал 1,1 промилледен жоғары болса, қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Сол сияқты Францияда жол апатының бар-жоғына қарайды. АҚШ-та көлік жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 3-5 жылдан аспайды. Көрші Ресейдің өзінде мас күйінде бірінші ұсталған жүргізушінің куәлігін 1,5-2 жылға ғана алып қояды.
«Осылайша, көбісі мастықтың дәрежесіне және ондай әрекет нақты қандай шығынға себеп болғанын қарап, жазаның икемді жүйесін пайдаланады», – деп атап өтті Арсютин.
«Ауыл» фракциясының депутаттары ішкі істер министрлігінен қазіргі жазаны сақтау қаншалықты дұрыс екенін нақты талдаумен дәлелдеп беруді талап етті. Бұдан бөлек, медициналық тексерістен өтудің бірыңғай ережесін әзірлеу қажет деп санайды. Көлік жүргізушілеріне басқа зертханадан анализ тапсыруға да мүмкіндік беру керек. Себебі алкогольді анықтау кезінде қателіктер кетуі мүмкін.
Депутаттар жақын арада дәл осы мәселе бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске түзетулер енгізуге мүдделі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!