Фото: Kazinform

Jibek Joly телеарнасы «Фокус внимания» бағдарламасының тікелей эфирінде жоғары білім туралы дипломның қара нарығындағы өзекті мәселелер талқыланды. Бұл туралы KAZINFORM хабарлайды.

«Жоғары білім туралы жалған дипломның 457 фактісі анықталды. Жан-жақты қарастырған кезде көп жағдайда олардың педагогтер мен дәрігерлер екендігін көрдік. Павлодар облысында 80 фактінің тіркелгенін анықтадық. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында да деректер бар. Мәселені одан ары тереңдей зерттеу барысында Ғылым және жоғары білім министрлігінде дипломның түпнұсқа екендігін анықтайтын арнаулы сайт жұмыс істеуі тиістігін байқадық. Алайда ол жұмыс істемей тұр. Осы жайттан кейін депутаттық сауал туындады. Біз Ғылым министрлігі жұмысты жеделдетіп, дипломдарды тексеруге қатысты барлық деректерді енгізуін, ал Ішкі істер министрлігі сайттарды бұғаттау жұмыстарын жүргізуін сұрап отырмыз. Өйткені, олар ашық сатылып жатыр. Олар құжаттың түпнұсқа болатындығына, тіпті дипломды табыстау іс-шарасына келіп, алуға болатынын айтып сендіреді. Мұнан бөлек, алдын алу жұмыстарын жүргізгіміз келеді. Қылмыстық жауапкершілік бар – 7 млн теңге мөлшерінде айыппұл немесе 4 жылға дейін бас бостандығын айыру», – деді Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.

Оның атап өтуінше, мәселе өте өзекті болып отыр. Себебі түптеп келгенде қызмет алушы, яғни осындай біліксіз мамандардан қызмет алғандар зардап шегеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!