Бүгінде адамдар мүлде қолданылмаған жаңа затын да, бірнеше жыл тастамаған ескірген затын да сатып жатады. Оның арасында ескі телефондар да бар. Дегенмен мамандар ескі гаджет сатып алмауға кеңес береді. Неге? Massaget.kz тілшісі IT-маманы Дәулет Серікбаевтан ескі телефон сатып алу несімен қауіпті екенін сұрады.
Маманның айтуынша, алаяқтар қасақана вирусы бар телефонды сатып, осылайша жаңа құрылғы иесінің жеке деректерін ұрлауға тырысады. Мұндай бағдарлама көбінесе қарапайым қосымша сияқты жасырылады.
«Ескі телефон сатып алу белгілі бір қауіптермен байланысты. Егер дұрыс тексермесеңіз немесе алдыңғы иесінің деректері жойылмаса, жеке ақпараттың ұрлану қаупі бар», – деді ол.
Дәулет Серікбаев ескі телефон сатып алудың негізгі қауіптерін тізді:
- Жасырын зиянды бағдарламалар. Телефонда бұрынғы иесі орнатқан шпиондық бағдарламалар болуы мүмкін. Олар сіздің қоңырауларыңызды, хабарламаларыңызды және банк қосымшаларыңызды бақылауға мүмкіндік береді.
- Жаңа қолданушының жеке деректерін ұрлау. Егер телефонға зиянды бағдарламалық жасақтама орнатылған болса, жаңа қолданушының деректері (логиндер, құпиясөздер, банк карталары) хакерлерге жіберілуі мүмкін. Сондай-ақ құрылғы бұрынғы иесінің Google немесе Apple ID аккаунтына тіркелген болса, ол оны қашықтан басқара алады.
- «Қара тізімдегі» телефондар. Кейбір телефондар ұрланған немесе жоғалған құрылғы болуы мүмкін. Егер құрылғы IMEI-ге байланысты «қара тізімге» енгізілсе, оны ұялы желіге қосу мүмкін емес. Бұрынғы иесі телефонды оператор арқылы бұғаттап тастауы мүмкін.
- Бұрынғы иесінің деректерінің дұрыс жойылмауы. Егер телефондағы мәліметтер толық өшірілмесе, бұрынғы иесінің фотолары, нөмірлері немесе тіркелген парақшалары қалуы мүмкін. Кейбір жағдайларда жойылған деректер қалпына келтірілуі ықтимал.
Тәжірибеде мұндай оқиғалар тіркелген бе?
Маман өмірде ескі телефон арқылы құрылғының жаңа иесінің деректерін ұрлау жағдайлары кездескенін айтады.
«2015 жылы АҚШ-тағы зерттеушілер жойылған деректерді қалпына келтіру арқылы бұрынғы иелердің жеке ақпаратын қайта ала алған. Кейбір кибершабуылшылар қолданылған телефондарды сатып алып, ішіндегі ақпаратты қалпына келтіру арқылы алаяқтық жасайды», – деді ол.
Қауіпсіздік үшін не істеу керек?
Дәулет Серікбаев сатып алынған құрылғыны әрдайым зауыттық күйіне келтіруге кеңес берді.
«Егер сіз смартфонды ресми хабарландыру сайттары арқылы сатып алып жатсаңыз, байланысу үшін өзге мессенджерлерді мүлдем қолданбаңыз. Төлем мен жеткізу тақырыбы тек хабарландыру сайтының хат алмасу бөлімінде талқылануға тиіс», – деді IT-маман.
Сонымен қатар маман ұялы смартфонды қолдан сатып алу кезінде жарнаманың өзін, профилін зерттеу және оның сайттағы рейтингін бақылау өте маңызды екенін айтады. Телефонды тексеру барысында оның зауыттық параметрлерін қалпына келтіріп, жадында ешқандай дерек қалмағанына көз жеткізген дұрыс.
- IMEI-кодты тексеріңіз (imei.info арқылы);
- Деректерді арылтып (Hard Reset) және жаңа операциялық жүйе орнатыңыз;
- Бұрынғы тіркеулік жазбаның байланысын алып тастаңыз (Google, Apple ID);
- Антивирус орнатып, күдікті қосымшаларды іздеңіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!