Фото: ашық дереккөзден
Балғын бала шақты еске түсіретін «тыртықтың» ізі көбінде бар. Сәби кезеңде жанарыңды жасқа толтырса да, кейін жылы естелікке айналады.
Мамандар «Балалық шақтағы психологиялық һәм эмоционалдық жарақаттар өмір бойына із қалдырып, адамның жан дүниесі мен болашағына әсер етеді» дейді. Терминмен сөйлесек, бұл қазіргі психология мен ақпарат алаңының трендіне айналған – «детская травма» ұғымы. Расымен, кейінгі жылдары бұл жағдай қоғам арасында сараланып, алдыңғы қатардағы мәселеге айналғандай. Демек бұл психологиядағы маңызды феномен бе, әлде уақытша қалыптасқан ұғым ба?
Аға буын өкілдері қандай қиындықтан өтсе де неліктен балалық шағын қимастықпен еске алады? Ал қазіргі буын не үшін «қит етсе» бұл – менің «детская травмам» деуге бейім?
Ата-анамен қарым-қатынастың психологиялық жарақатқа қандай әсері бар?
Жалпы адам баласы үшін ата-ананың мейірімі мен махаббаты әлемнің негізін құрайды. Сол себепті баланың өсу, қалыптасу жолында олардың қарым-қатынасы басты рөл атқарады. Психологтардың айтуынша, «детская травма» көбіне ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушіліктен, дұрыс емес қарым-қатынастан туындайды. Бұл тізімге тағы не жатады? Отбасы мүшелерінің қатыгездігі, немқұрайлылығы, эмоционалды қолдау көрсетпеуі, тұрақсыздық және қоғамдағы теріс әсерлер. Тізбекті әке мен ана арасындағы шексіз дау-дамай, ажырасу, баланың қажеттіліктерін елемеу, мектептегі буллинг, достар арасындағы қақтығыстар жалғастырады. Нәтижесінде балада сенімсіздік, өзін-өзі төмен бағалау, өмірге деген теріс көзқарас қалыптасады. Тиісті қолдау мен дұрыс қарым- қатынас болмаған жағдайда, мұндай бала ересек өмірде де түрлі қиындықтармен күресуде әлсіздік танытатынын психологтар жиі айтып жүр. Мұндай жарақаттардың ең ауыр түрі балалық шақта қалыптасады және көбіне отбасындағы зорлық-зомбылықпен тікелей байланысты. Ал психологияда балалардың жарақаттары бес түрге бөлінеді.
− Балалық шақтағы психологиялық жарақаттар – адамның өміріне әсер етіп, оның мінез-құлқы, эмоционалдық жағдайын қалыптастыратын ауыр тәжірибе. Мұндай жағдай отбасындағы, қоршаған ортадағы факторлардың салдарынан туындайды. Бала кезде алған жарақаттар ересек өмірде депрессияға, үрейге немесе жақын қарым-қатынастардағы қиындыққа алып келуі ықтимал. Психологиялық тұрғыдан алғанда балалардың өз психологиялық жарақатын тануы және қабылдауы өте маңызды. Оны емдеу үшін терапия, өзін-өзі тану және эмоцияларды дұрыс бағытта пайдалану қажет. Ең бастысы, балаға қолдау көрсетіп, оның қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау – болашақтағы эмоционалдық тұрақтылықтың кепілі, − дейді маман Әсел Мәди.
Күнделікті тіршілік пен жұмыстың ортасында жүрген ата-ана баласына айтқан кей сөздеріне мән бермейді. Мәселен үйіне шаршап келген әйел асығып тамақ әзірлеуге кіріскенде баласы келіп енді ғана «Анашым» дегенде барлық эмоциясы мен күйзелісін жасыра алмаған анасы агрессиямен үн қатады. Шынымен өзіміз де кейде басқаларға дөрекі жауап бергенімізді байқамаймыз. Бұл баланың болашағына әсер етуі мүмкін. Сол секілді абайсызда айтылған «Ой қойшы, сен сурет сала алмайсың, одан да барып ыдыс жу» деген сөз де баланың санасында қалып қояды. Оның қалауын ескермеу яки елемеу де қалыпты жағдайға айналған секілді. Мәселен, баланың қарны тоқ, киімі бүтін болсын деп ата-ана демалыссыз жұмыс істейді. Бұл жағдайда алдымен балаға толыққанды махаббат пен назар жетіспейді. Ал нәтижесінде баланың қалауын тыңдамау процесі жүреді. Мектепте болған қызық оқиғаны айтуды немесе ертең дүкенге бірге баруды қалайтын бала анасынан «Мен шаршап тұрмын. Кейін айтасың» деген жауап естиді. Салдарынан балада жалғыздық сезімі пайда болады. Кейбір отбасында «ұрып-соғу баланы жақсы тәрбиелеудің құралы» деген тұжырым бар. Соның әсерінен жасөспірімнің қатесін түсіндірмей, ұрсу мен қол көтеру жиі кездесетіні рас. Бұл жағдайды қоғамдық орында да, дүкендерде де байқап қаламыз. Мұндай қысымда өскен бала әр әрекетіне күмәнмен қарайтын болады. Өз ісінен шикілік іздеп, үрей мен сенімсіздік, сондай-ақ жалтақтау сезімдерін бойына еріксіз жинайды.
Психолог маман Адия Аралбай өз блогында: − Адам есейіп, үлкен өмірге қадам басқанда өмірінде ақ пен қара күндер өтеді. Осы сәтсіздікке толы күндердің барлығына үңілсек, көбіне оның астарында балалық жарақат өте көп. Өзінің психикалық ойы қалыптаспаған, нақты өмірлік жолын білмейтін балаға, жасөспірімге айтатын әр сөздің рөлі бар. Мәселен, «Сенің қолыңнан түк келмейді» деген сөздің әсерінен 92 пайыз адам психологиялық «травма» алып жатыр, − деген еді.
Бұл жарақат ата анадан бөлек адамдардың да іс-әрекетінен пайда болады. Жоғарыда атап өткен буллингтің әлемдік статистикасында 150 миллион бала бар. Бұл физикалық агрессия ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау әрекеттері, яғни әлімжеттік. Мұндай типтегі қорлау балалардың психологиялық жарақат алуына әкеледі.
Әлемге әйгілі психиатр Брюс Перри ондаған жылдар бойы психологиялық тұрғыдан ауыр жарақат алған балалармен жұмыс істеген. Ол кәсіби тәжірибесінің негізінде «Мальчик которого растили как собаку» кітабын жазды. Бұл туындыда геноцидтен аман қалған, кісі өлтірудің куәгерлері, физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарының оқиғалары арқылы мидың және психиканың қалпына келтіруге қабілеті бар екенін көрсетеді. Бүгінде көркем-әдеби кітаппен қатар мотивациялық, тұлғалық дамуға көмегі бар һәм жарақаттарыңды тануға мүмкіндік беретін кітаптар саны артып келеді. Екі адамның бірінің қолында психология жанры. Бұл қоғамда психологиялық көмек іздеп жүрген жандардың көбейгенін білдіре ме?
Психологиялық техника жасау мәселенің шешімі ме?
Мәселенің бастауы балалық шақпен байланысты екенін ұқтық. Ал «детская травмасы» бар ересектер не істеуі қажет? Мұның емі, шешімі бар ма? Психологиялық жарақат болған соң психолог мамандармен жұмыс істеу − емделудің бірінші сатысы. Ал білікті мамандар бар ма? Осы орайда психологтар ұсынатын техникаларға тоқталсақ.
Бүгінде гештальт-терапиядағы танымал техникалардың бірі − «бос орындық». Практика кезінде сіз бос орындыққа қарама-қарсы отырып, сол орында өміріңіздегі маңызды немесе сізге залал тигізген адамды елестетіп, «сөйлесесіз». Бұл техниканы «детская травманы» жеңу мақсатында мамандар жиі ұсынады. Ана немесе әкеңізді елестетіп, барлық ренішіңізді сыртқа шығарасыз. Келесі тәсіл – ата-анаңызға хат жазу. «Бұл әдіс олармен қарым-қатынасыңызды түсінуге, бағалауға көмектеседі» дейді. Екінші кезеңде қарым-қатынасты бейсаналық деңгейде тазарту үшін медитация жасайсыз. Мұнда ойланудың және талдаудың қажеті жоқ. Осы уақыт ішінде сіздің санаңыз ата анаңызбен қарым-қатынасты тазарту үшін жұмыс істейді. Артынша хатқа алғыс жазамыз. Олардың біз үшін жасаған әрекеттері мен махаббаты, жай ғана бар болғандары үшін алғыс айту практикасы орындалады. Дәл осы тәсілдің сәл басқа да қолданысы бар. Алдымен қағазға ренішіңізді жазып, парақты өртейсіз. Оның күлін ағын суға ағызып, артыңызға қарамай үйге баруыңыз керек. Сол кезде іштегі ашу, реніш тарқап, «негатив» азаяды деген түсінік айтылады. Мұндай типтегі техникалар өте көп.
Әлемге танылғандарының ішінде біздің білетініміз аз. Адамның өзін-өзі қабылдамауын анасына, ал қаржылық тұрғыдан қиындығын әкесіне деген ренішімен байланыстырады. Ересек адамдар арасында өмірдегі қиындықтарын, қарым-қатынастағы сәтсіздіктерін балалық шақтағы «травмалармен» сәйкестендіру жиі кездеседі. Әрине, балалық шақтағы теріс әсерлердің ересек өмірге ықпалы бар. Бірақ барлық қиындықтарды тек бала күннен іздеп, тек ата-анадан көріп, өзін кінәлаудан бас тарту – шынайы жауапкершіліктен қашу емес пе? Мұндайда tik-tok платформасындағы мына сөз ойға келеді: «Сен үшін күн мен түнге қарамастан еңбек еткен ата анаңды кешіру үшін психологқа барып жүрсің ба? Олар да бұл өмірге бірінші рет келді…».
Коммерцияның құрбаны
Тақырыпқа арқау болған психологиялық жарақат туралы іздену барысында қала тұрғына Ләззат Байболсыновамен тілдестік. (Өз келісімі бойынша кейіпкердің аты-жөні өзгертілді). Оның айтуынша, 29 жыл еңбек еткен жұмысынан бір сәтте айырылып, күйзеліске ұшыраған. Сол кезеңде құрбысы психологтармен жұмыс істеуді ұсынған. Бірақ таңдауды дұрыс жасамай, ақша жымқыруды мақсат еткен маманға кезіккенін айтты.
− Жұмыссыз қалғанымда өзімді құздан секіргендей сезіндім. Балаларыма масыл болдым деген ой келді. Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Мен де өзімді жоғалттым. Мені уайымдаған құрбым психологтарға баруымды сұрады. Кеңесіне құлақ түріп әлеуметтік желіден психолог маманмен сөйлестім. Әр сұрағыма нақты жауап берді, сөздері жаныма майдай жақты, рас. Балалық шағым туралы айтып, жұмыс барысындағы сәтсіздігімді отбасыммен байланыстырды. Түрлі жаттығулар үйретті. Хат жаздым, тауға барып айқайладым. 2 айдан кейін курс басталатынын айтты. Мен психология оқып бастаған соң курсқа қызығушылығым артты. Сол үшін 60 мың теңгеге Vip нұсқасын сатып алдым. Жарнамасында ата-анаға ренжімеуден бастап баламен қарым- қатынасыңды реттеуге дейін бар еді. Ақша төленді, бірақ соңында курс та, психолог та, нөмері де жоқ болды, − деді ол.
Ал 20 жастағы студент Мерей Орынбасардың айтуынша, психологиялық семинарлар оған ішкі үрейін жеңуге көмектескен.
Кейіпкердің оқиғасы біздің көкейіміздегі сауалдардың санын арттырды. Кейінгі жылдары психологиялық курс ұйымдастыру ісі қарқынды дамып, түрлі психологиялық тренингтер мен вебинарларға сұраныс та артып келеді. Бірақ «бұл құбылыс қоғам үшін тиімді ме, әлде бизнестің бір бөлігі ме?» деген сұрақ туындайды. Себебі психологиялық курс ұйымдастыру пайдалы іс болғанымен, бұл салада коммерциялық қызығушылықтардың үстемдігі байқалады.
Қоғамда психологиялық көмекке мұқтаж жандар бар. Бірақ маманға барудан тартынатындар да аз емес. Дәл осы жерде өзін «психолог» немесе «тренер» деп атайтын кәсіпқой емес мамандардың ұйымдастырған курстары өз үлесін қосады. Кәсіби білімі жоқ, бірақ кәсіпкерлікке бейім жандар адамдардың әлсіз тұстарын пайдаланып, тренингтер арқылы үлкен пайда табады. Мұндай курстардың тиімділігі өте төмен болуы мүмкін, ал кейде тіпті зиянды әсер беруі ықтимал. Психологтың басты мақсаты − көмек көрсету, ал бизнес мақсатты клиенттерді тарту мен пайда табуды көздейді. Бұл екі мақсат бір-бірімен сәйкес келе ме? Тұтынушыларға шынайы көмек көрсетуден гөрі, кіріс мәселесі бірінші орынға шығып кетуі әбден мүмкін.
Келесі күрделі мәселенің бірі − кәсіби психологтар мен жалған мамандарды ажырату қиын. Мәселен, әлеуметтік желілерде бір апталық курстан кейін «сертификатталған психолог» деген атақпен курс ұсынушылар көп, бірақ олардың білім деңгейі күмән тудырады.
Ал бұл мәселені қалай шешуге болады? Психологиялық көмектің сапасын арттыру үшін мамандардың білім беру стандарттарын көтеріп, заңдық тұрғыдан реттеу қажет. Сонымен қатар, адамдарды психологиялық курс таңдағанда мұқият болуға, мамандардың шынайылығын тексеруге үйрету де маңызды.
Мақаланың басында айтылған сұраққа көңіл бөлсек. «Детская травма» кенеттен қалай қоғамдық талқыға айналды. Оның маңызы психологиядағы феномен ретінде қалыстаса ма, әлде уақытша дүние ме?
Психологиялық жарақат бұл салада бұрыннан белгілі. Бірақ оның ауқымды мәселеге айналуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, психология мен неврология саласындағы ашылулар мен зерттеулер балалардың психологиялық, эмоционалдық және физиологиялық дамуына терең ықпал ететінін дәлелдеді. Екіншіден, әлеуметтік желілерде бұл тақырып белсенді таралып жатыр. Үшіншіден, менталды денсаулық пен психологиялық әл-ауқат тақырыбының қоғамда уақыт өткен сайын маңызы артып келеді. Бұл уақытша тренд емес, себебі менталдық денсаулыққа көңіл бөлу әлем мәдениетінің тұрақты элементіне айналып келеді.
Уақытпен саралайтын болсақ, «Х, У» ұрпақтар «детская травманы» елемейтіндерін айтады. Қолдауды, кейде шектеуді сезініп өскен олар үшін бұл қалыпты жағдай. Сондықтан да олар өздерін тұрақтырақ санайды. Себебі «балалық шақта жылы сөзді де, уақытында «тәйт» дегенді де естідік» дейді. Олардың пікірінше, бүгінгінің балаларымен сөйлесу үшін алдымен ойланып, айтатын сөзіңді сараптау қажет. «Балаға эмоциялық қолдау артық беріліп, шектеу жеткіліксіз болса, тәрбие күрделене түседі» дейді олар.
«Бұрын мұндай жарақат болмаған» деген тұжырыммен де толық келісуге негіз жоқ. Себебі түрлі кейіпкермен әңгімелесу барысында олардың да оқиғалары ойландырады. (Пікір берушінің келісімімен аты-жөні жазылмайды).
− Cіз айтқан психологиялық жарақат туралы бертін келе ғана естіп жүрміз. Бірақ мұның шынымен кесел екеніне, тіпті менімен байланысатынына сенбес едім. Қазір жасым 60-қа жақындады. Балаларым, немерелерім бар. Осыдан 5 жыл бұрын аяқ асты есімнен танып қалатын болдым. Алматы, Астана, Ташкентке дейін барып тексерілдім. Ұзақ уақыт өтті. Бірақ емі де, нақты диагнозы да расталмады. Ал менде кез келген жерде қолым көгеріп, талып қалу жиіледі. Зерттей келе, бұл мыңның біреуінде кездесетін, ондай жағдайда да көбіне әйелдер шалдығатын ішкі жан ауруы екенін білдік. Дәрігерлер ер адамның мұндай аурумен шалдыққанын бірінші рет көргендерін айтты. Ал кеселдің себебі – психологиялық жарақат.
Балалық шағыммен байланысты дегеннен кейін, қарасам, расымен қиын кезеңдерден өткен екенмін. Анам мені тастап тұрмысқа шықты. Ауылдағы нағашыларыммен бірге 9 баласы бар отбасыға оныншы болып қосылдым. Таңның атысы, күннің батысы үйдің үлкендерінен сөз естіп, «таяқ жеп» өстім. Есімді білгелі «тастанды бала» деген сөзді естіп өстім. Балалық шақтағы көңілімде қалған мұң, есейе келе көрген мәселелер осындай ауруға әкелген екен, − дейді кейіпкер.
Сайып келгенде, ішкі реніш пен өкпе көңілден басталады. Қазақ «Таудан биік көңіл бар» дейді. Бұл сөз адамның ішкі дүниесінің үлкен күшке ие екенін, барлық қиындықтарды жеңу үшін алдымен өз сезімдерімен жұмыс істеу керегін меңзейді. Ішкі тыныштық пен тепе-теңдікке қол жеткізу үшін өткен күннің жарақатын танып, оларды өңдеу қажет.
Қоғам арасында қалыптасқан ой мен сіздерге ұсынған пікірлерден байқағанымыздай, «детская травма» бар. Ол адамның болашағына әсер етеді. Алайда «кәсіпкер психологтар» өмірдегі қиындықтар мен сәтсіздіктердің барлығын психологиялық жарақатқа жауып, ауадан ақша жасамаса екен дейсің…
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!