19 миллион теңге жүлде қоры бар, қазақстандық өнертапқыштарды, сарапшыларды, инвесторлар мен кәсіпкерлерді бір алаңда тоғыстыратын «Digital Qazaqstan Battle» – өңірлердегі талант- ты IT-командалар үшін үлкен мүмкіндік.

Дода 27 наурыз күні Шымкент қаласында өтеді. Ал бұл алаңда бақ сынаудың негізгі кілті – өңірлік іріктеуден өту.

Жуырда Қызылордада өткен жартылай финалда жергілікті жастар өз жобаларын ұсынып, технологиялық форумға жолдама алу үшін бәсекеге түсті. Барлығы 12 инновациялық стартап-жобамен таныстық. Ал қазылар алқасы жобаның тиімділігі, инновациялық әлеуеті және нарықтағы даму мүмкіндіктерін жан-жақты бағалады.

Шешім шығарудың қиын болғаны да рас. Себебі маңызды салалар қамтылған. Мысалы, қоғамдық тамақтану орындарын толық цифрландыруға арналған SaaS-платформа мен мал шаруашылығын басқаруға арналған аппараттық және бағдарламалық жасақтаманы біріктіретін платформадан бастап, IELTS емтиханына дайындалуға арналған онлайн-платформа, идеяларды веб-қосымшаларға айналдыруға мүмкіндік беретін low-code/no-code интеллектуалды платформалармен де таныстық. Тіпті тері жағдайын фотосурет арқылы талдап, күтім бойынша ұсыныстар беретін AI-платформа да бар. Мұнан бөлек, жас өнертапқыштар фишинг және алаяқтық сайттардан қорғайтын жасанды интеллект негізіндегі жүйе жасауды да қолға алған.

Осы секілді ауқымды жобалардың арасында жоғары бағаланған Cortex AI жобасының авторы Асылжан Абдуллаев енді Шымкент қаласында өтетін «Digital Qazaqstan Battle» финалында бақ сынайды.

Жобаға тоқталсақ, бұл бүйрек трансплантациясынан кейін органның қабылданбау қаупін алдын ала болжайтын интеллектуалды жүйе.

− «Digital Qazaqstan Battle»-дың жартылай финалына қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өз жобамды сарапшылар алдында таныстырып, олардың ұсыныстары мен бағасын алу – маңызды қадам. Енді финалда өңіріміздің атынан лайықты өнер көрсетуге тырысамын, – деді жеңімпаз.

Өзге өңірде де жартылай финал аяқталғанын айта кеткен жөн. Енді 20 финалист Шымкентте жүздеседі.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!