Қолымыздағы гаджет біз туралы кей туысымыздан артық біледі. Өйткені телефонмен не компьютермен «кіндігіміз байланып» қалды деуге болады. Әрине, гаджеттер шаруамызды жеңілдетті десек те, кейде кесірін тигізеді. Оған өзіміздің диджитал сауатымыздың болмауы себеп. Егер алаяқтардың арбауына түсіп қалғыңыз келмесе, мына кеңесті мұқият шолып шыққаныңыз жөн. Киберқылмыстың қандай түрлері бар? Қазақстанда кейінгі кездері қай тәсіл жиі қолданылып жүр?
Жалған түбіртек жасайтын бот
Бұл әдіс жақында ғана шықты. Әсіресе, аударым арқылы төлем қабылдайтындар алаяқтықтың осы түрін білгені жөн. Әйтпесе, сан соғып қалуы мүмкін. Қысқаша баяндайтын болсақ, Telegram мессенджерінде QIWI, Kaspi, OLX, Tinkoff, Kufar, Sportbank, MonoBank және Яндекс.Деньги сияқты сервистердің түбіртегін жасап беретін бот бар. Соның көмегімен алаяқтар Kaspi қолданбасы арқылы әлдекімге аударым жасаған сыңай танытып, демде чек жасатып алады. Ол үшін ботқа аударым жасаған уақытты, соманы және кімнің атына жібергенін жазып жібереді. Кейін санаулы сәттің ішінде бот Kaspi чегін әзірлеп береді. Telegram-боттың атауын жасырын қалдырғанды жөн көріп отырмыз. Дегенмен такси жүргізушісі, онлайн дүкен иелері – жалпы аударым қабылдайтындар осы әдіс барын біліп, чек көрсеткендер мен жібергендерді жіті бақылағаны дұрыс.
Таныстардың атын жамылып көмек сұрайтындар
Былтыр осы тәсілді қолданып, қалтасын «қампитып» алғандар аз болмады. Алаяқтар парақшаңыздағы ашық деректерді пайдаланып, таныстарыңыздан ақша суыруы әбден мүмкін. Жалпы алғанда сценарий мынадай: ең алдымен алаяқ болашақ «құрбандығын» зерттейді. Әлеуметтік желіде кіммен көбірек тілдеседі, пікір мен лайк арасынан «жарқ» еткен бірнешеуін нысанаға алады. Фейк нөмірден жазуды анықтаған соң, оның жеке мәліметтерін іздейді.
Айталық, Telegram-да аты-жөнін теріп көріп, табу мүмкіндігі жоғары. Одан бөлек, көпшілігін өмірін желіге «байлап» қояды. Соның ішінде Instagram-ның бизнес-аккаунттарында бірден хабарласуға мүмкіндік беретін батырма бар. Сөйтіп нөмірін тапқаннан кейін жап-жаңа SIM-карта сатып алып, желіге тіркейді. Жаңа қолданушы таңдаған құрбандығының суретін аватарға қояды. Әсіресе желі біткенге бір сурет қоятындарды тіпті жазбай тануға жақсы әдіс. Осылайша жаңа нөмірдің суретін ауыстырып, аты-жөнін енгізіп, «жемтігіне» жазады. Бірақ бір байқағанымыз – алаяқтар айтарлықтай мықты жұмыс істей алмайды екен. Олай дейтін себебіміз, олар құрбандығының жазу стилін, психологиясын меңгеруге аса бас қатырмайтын сыңайлы. Өйткені осындай интернет-алаяқтарға тап болғандар салған скриншоттардағы мәтінге көз салсақ, ішіндегі қатеден көз сүрінеді. Бірақ мұндай қақпанға түсіп қалған азаматтар аз емес.
Банктің атынан хабарласатындар
«Сәлеметсіз бе? Сізді «Пәленбай банк» менеджері мазалап тұр. Қазір ғана сіз 1 миллион теңге көлемінде кредит алуға өтінім жібердіңіз. Операцияны растайсыз ба?» деген сияқты сөзбен бастайтындардың дені – алаяқтар. Бір айта кетерлігі, қазақша сөйлейтіндері кемде-кем. Көбіне орысша сөйлейді. Дегенмен алдағы уақытта қазақша хабарласа қалса, есте ұстап жүрген артық болмайды. Бұл тәсіл қалай іске асырылады? Алаяқтар банк қолданушыларының нөміріне хабарласып, күмәнді операция жасағалы жатқанын ескерткендей кейіп танытады. Кейде үлкен сомадағы аударымды айтуы мүмкін. Егер ешқандай несие алмай, ақша аудармаған болсаңыз, сізбен байланысып тұрған алаяқтың өзі екенін білгейсіз. Көпшілігі банк қызметкерімін дегенге сеніп қалады да, артынша оның айтқанын бұлжытпай орындайды.
Басқа қаладан тауар алушылар
Алдыңғы тәсілді көпшілік естіп, арбауға түспеген кезде алаяқтар жаңа сына көшті. Соның бірі – онлайн жеткізу қызметі мен фишиң сайттар. Киберқылмыспен күрес департаментіндегілер алаяқтар көбіне өзге елдерде болады дейді. Сондықтан тауып алу, жазалау қиындау.
Есіңізде болсын, банк картасының артындағы CVV-код, карта мерзімі, аты-жөніңізді ешкімге айтпаңыз. Ақша жіберетін адамға картаңыздың нөмірі жеткілікті. Әйтпесе алаяқтар осы ақпаратты біліп, ақшаңызды суырып алады. Сосын тағы бір ескерер жайт, телефоныңызға не компьютеріңізге күмәнді бағдарламаларды орната бермеңіз. Себебі гаджетіңізге кірген кез келген ақпарат жеке деректерді өзге біреудің қолына жеткізе алады.
Компьютерлік криминалистика
Компьютерлік криминалистика қылмыс болғаннан кейін компьютерде немесе кез-келген басқа сандық ақпарат құралдарында сандық дәлелдерді іздеуге бағытталады. Цифрлы медиамен әдістемелік зерттеу жүргізеді. Ол үш кезеңді қамтиды: у, талдау және есеп беру. Нәтижесі қылмыстық іс жүргізуде дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сотта ұсынылған кез-келген дәлелдемелер сенімді және қолжетімді болуы қажет. Мұндай дәлелдемелер 1980 жылдардың ортасынан бастап қолданыла бастады.
Компьютерлік криминалистикада кросс-дискіні талдау (бірнеше сақтау құрылғыларындағы ақпаратты салыстыру), тірі талдау (жедел жадтағы мәліметтер сияқты тірі деректерді қалпына келтіру) және жойылған файлдарды қалпына келтіру сияқты әдістер кеңінен қолданылады. Компьютерлік тергеуді жеңілдету үшін қолданылатын бастапқы және коммерциялық бағдарламалық құралдарда бар.
Жақында ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмыс саны жиілеп кеткенін айтты. Өткен жылы мұндай 14 мың қылмыс жасалса, биыл қаңтар айында 1 700-ден асып түскен. Бұл орайда құқық қорғау саласының мамандары әр азамат киберқылмыс пен ІТ қауіпсіздіктің ең құрығанда қарапайым ережесін білсе, алаяқтардың арбауына түспес еді дегенді айтады. Ал интернет алаяқтықтың елімізде рекордтық көрсеткішке жетуі ақпараттық, ІТ, қаржылық сауаттылық пен қауіпсіздікке мемлекеттік деңгейде көңіл бөлетін кез келгенін аңғартады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!