Алматыдағы Арбатта ән салған 8 жастағы Әділ Бектұрсын әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Димаш Құдайберген орындайтын «Любовь уставших лебедей» әнін шырқаған жас талант талайға таңдай қақтырды. Ғаламторда кеңінен таралған видеоны 2 миллионнан астам адам қараған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Арбаттағы адамдарды аузына қаратқан Әділ Бектұрсын үш жасынан ән айта бастаған. «Бес жастан вокалға қатысқан жас талант әлеуметтік желі арқылы танымал боламын»,– деп ойламапты. Алғаш рет Астана көшесінде ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленген. Кейін Алматы арбатындағы көше әншілерінің микрофонын алып, Димаш Құдайбергеннің күрделі композиясын керемет орындапты.
«Маған Димаш ағамның әндері ұнайды. Жүрегіме жақын, неге екенін білмеймін, бірақ айта бергім келеді. Димаш ағаммен бірге өлең айтқым келеді»,- деді бүлдіршін.
«Хабар» телеарнасының мәліметіне сүйенсек, Әділ қазір Құрманғазы атындағы музыка мектебінің вокал сыныбында оқиды. Қосымша фортепиано үйреніп жүр. Өмірде ұялшақ болғанымен, сахнаға шыққанда жігерлене түседі екен. Осыған дейін көптеген қалалық, республикалық байқауларға қатысып, 50-ден аса жүлделі орын алған. Димашпен ән айтуды армандайтын талантты баланың мақсаты – опера әншісі болу.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!