Тын­ды­­рымды тірлік, берекелі бірлік болған жерде ғана тұрақтылық салтанат құрады. Мұндайда елшіге екпін түсетіні ақиқат. Сайып келгенде саясаттан мақұрым қалмай, оң-солын тану әр жасқа керек-ақ. Өйткені дипломатия – өмір мектебі. Осы орайда Астана дипло­ма­тиялық клу­бының президенті Қайыр­болат Сах­метов­пен тіл­дескен едік.

Жас дипломаттар курсын ашуға, жастардың басын қосуға идея қалай келді? Жалпы жұмысты қай жылы қолға алдыңыз?
– Негізі дипло­матия таңсық термин емес. Екі ел арасындағы елшілік, ынтымақпен ымыраға келу Қазақ хандығы тұсында да қалыптасқан. Сол кезеңдегі дипломатиялық қатынас пен байланыс хаттары, маңызды құжаттарға тарих куә. Әлем елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара шешімге келу ел ертеңіне айтарлықтай үлес қосады. Сондықтан жастардың саяси сауатын арттыру бағытында іске көшкенді жөн көрдік. «Жас дипломаттар» клубы 2010 жылы құрылды. Осы уақытқа дейін танымды кеңейтетін тренингтер өткізіп, тәжірибелі мамандармен бірлесе жұмыс істедік. Жастар әр басқосуда жаһандық мәселені санада сараптап, қажет ақпарат пен тың дерек алады. 2000-нан астам түлегіміз бар.
Дипломатияның тамыры терең һәм тарауы көп. Қоғамдық, мәдени, сандық, экономикалық дипломатия деп жік-жікке бөлінеді. Демек алуан ба­ғыты бо­йын­ша ма­ңызды аспектіні меңгерген дұрыс. Жастар саясат жөнінде жетік білсе жандануға жол ашық деген сөз. Біз қолға алған жобаның да мақсаты сол. Өскелең ұрпақты Қазақстанның және жер шарындағы түрлі елдің мәдениетіне мән беріп, тарихи-дипломатиялық мұрасын зерделеуге баулуда үлкен жұмыс.
– Жұмыс жүйелі, атқарған ау­қым­ды іс көп. Тіпті шетелдік спи­керлер де ар­найы сабақ өткізіп, тәжірибе алмасып жүр. Осы жайында тар­қат­са­ңыз…
– Елі­мізде 72 ел­ші, 10-нан астам халық­аралық ұйым жұмыс істейді. Басшылары мектебімізде түрлі тақырыпта дәріс оқиды. Этикет және дипломатиялық хаттама жөнінде де егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
Жақында Ұлыбри­танияның ҚР елшісінің орынбасары Шон Мельбурн «климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешу үшін білім мен жастардың маңыздылығы» тақырыбында дәріс өтті. Сондай-ақ, «Elegance» Француз этикеті мектебімен бірге зайырлы этикет тақырыбында ой бөлістік. Жастар дипломатия саласының этикет ережелерін терең түсіну мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда «Elegance» Француз этикеті мектебінің негізін қалаушы Оксана Князева ханымға және жетекші маман Алмагүл Мұстафақызына ынтымақтастық үшін алғыс айтамыз.
Арнайы қонақ және көрнекті сарапшы, Лубуш воеводствосының вице-мар­шалы Тадеуш Едрзейчак «ЕО-дағы өңірлердің рөлі» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Еуропалық Одақтың интеграциясы мен дамуында аймақтардың маңызды рөл атқаратыны туралы тілге тиек етті.
Қазақстандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов мырзаның «ЕҚЫҰ-ның халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлі» бойынша өткізген дәрісі де жоғары деңгейде. Ол ЕҚЫҰ-ның қалыптасу тарихы, миссиясы, міндеттері мен қағидаттары туралы қызықты презентация ұсынды. Елдер арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың маңызы жөнінде мардымды ақпараттар айтылды.
Осы уақытқа дейін Бельгия, Индонезия, Палестина, Ұлыбритания сынды мемлекет елшілері бірнеше сабақ өткізді. Әрқайсысымен байланысымыз берік. Жаһандық мәселе жайында әңгіме өрбітіп, жас­тар салмақты салаға қатысты сауалына жауап алып жүр. Қысқасы, қатысушылардың әр дәрістен алатын әсері мол.
Дипломатияның ауқымды ғылым екені рас. Сондықтан бірегей білім ғана адамды жетілдіреді. Осы тұста сабақ жүйесінде екі кезеңді қам­тимыз. Тео­риялық тұрғыда ҚР дипломатия ардагерлері мен ҚР-дағы шетелдік елшілердің, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары дәріс береді. Яғни, дипломатиялық хаттама және этикет негіздері, көшбасшылық және келіссөздер жүргізу, шет тілдерін білу, дипломатия тарихы жөнінде тәжірибе алмасады. Ал практикалық кезеңде шет елдердің Елшілігіне барып, жетекші шетелдік оқу орындарымен танысуға мүмкіндік беріледі. Конференция, форум мен семинар толық қамтылады. Бұл дипломатиялық білім іргетасын нықтай түспек.
– Иә, мектеп дипломатия мен саясаттың қыр-сырын үйретуде көш басында. Білімі артып, көкжиегі кеңейген шәкірттеріңіз қандай жетістікке жетуде?
– Әлемдік оқиғаға қанық болған сайын, сол елдің әлеуетін тани түсінуге тырысасың ғой. Жас буында да сондай қызығушылық пен талпыныс басым. Әрине мұндай нәтиже бізді қуантады. Түлектерге қанат бітіріп, санаға серпіліс, өмірлік азық бере алсақ жұмысымыздың жемісі. Қазіргі таңда дәріске ден қойып, әрбір сабаққа ынтамен қатысқан жастар өз орнын тапқан. Бірі ат­қарушы директор, енді бірі медиа саласының маманы, аудармашы, компаниялардың негізін қалаушы. Әлеуметтік желідегі парақшамызда мектеп түлектерімен сауалнама жүргіземіз. «Дипломатия мектебі не берді» деген сұраққа әрқилы жауап берген. Елші мен консулдардан нақты нұсқау алғанына алғыс айтатындар көп. Теорияның іс жүзінде тиімділігін көрсеткені құба-құп, әрине.
Салаға қатысты сөз қозғасақ, қазір қандай жаһандық мәселелер көңілді күпті етіп отыр. Бұл ретте халықаралық қатынастың қарқыны қандай? Дипломаттың дәрмені жайында не дейсіз?
– Ж­аһандық экологиялық өзгерістер, ядролық қауіпсіздік, азық-түлік тап­шы­лығы, түрлі індет аурулары, техногендік катастрофалар, халықаралық терроризм, халық­аралық заңсыз қару сату және діни экстримизм секілді алаң ететін жайттар бар. Әрине жаһандық дағдарыс әрбір мемлекетке ықпал етпей қоймайды. Сондықтан әр мемлекет әлемдік даму үшін әрекет етуі тиіс.
Қауіп пен қайшылыққа толы мәселеде мәмілеге келу маңызды. Демек, дипломаттың миссиясы – дақпырт пен дау-дамайсыз ақырын тамырды басу. Келіссөз жүргізіп, шыншыл шешім шығару.
Дипломаттың жұмысы тек ресми қабылдаулар емес. Бір сәтте барлығын назарда ұстау, мида қорыту, зейінді зерттеу жасау тән. Саяси сауаты мен білім-тәжірибесін айтпағанда, келесі тараптың сөйлеген сөзінен ісін бағамдау, жасайтын қадамын болжау маңызды. Демек дипломат нағыз аналитик болуы тиіс.
Сыртқы саясатты бүге-шүгесіне дейін түсініп, азаматтардың құқығын қорғауда нәтижелі жұмыс істеу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы үдеден шыққан дипломатты майталман маман деуге әбден болар. Дипломатияның дәрмені талай тірлікті тындыруға жетеді. Жастар дипломатияға ерекше ден қойып жүр. Бұл қарқын тоқтамаса, қауқарымыз да кемімесі анық.


Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!