Цифрлық технологиялар уақыт шеңберінен шығып, бүгіннен кешегі күнге, өткен ғасырдан қазіргі сәтке өтуді бірнеше минуттың ішінде ғана жүзеге асыра алатын мүмкіндікке ие. Яғни сурет пен бейнебаян түрінде кейіпкерді кез келген ғасырдағы, ұлттағы адам бейнесіне өзгертуге болады. Әлемде осындай фанарт бағытындағы суреттер өте танымал. Цифрлық иллюстраторлар кейіпкерлерді заманауи, ұлттық киіммен жиі бейнелейді. Бұл – мәдениеттер тоғысы. Қайталанбас ұлттық бейнені қалыптастыру үшін кейіпкер стилі мен киіну үлгісіне мән беру керек. Түс үйлесімділігінің де маңызы зор.

Дисней мультфильмдерінде интерьер, пейзаж, кейіпкердің бет-бейнесі мен костюмдері ұсақ-түйек бөліктеріне дейін ар­найы ойластырылады. Әр иллюстратор диснейлік болуды армандайды. Бірақ ол деңгейге жету үшін әрдайым шебер­лікті шыңдап, тынбай іздену қажет.

Цифрлық бағдарламаларға қызығып, хоббиім ретінде қараймын. Жақында даңқты Диснейдің Мирабель, Динь-динь, София ханшайым сынды кейіпкерлерін ұлттық киіммен бейнеледім.

Динь-динь – ертегі перизаты, ол әртүрлі бұйымдарды жөндеуді ұнатады. Мирабель Мадригаль болса отба­сындағы әр балаға ерекше сыйлық жасап, күш пен емдеу қабілетіне дейін дарытып, сиқырымен сый жасайтын кейіпкер.

София ханшайым – мектеп жасына дейінгі балаларға арналған анимациялық сериал. Мұнда кішкентай қыздың өмірі баяндалады. Әр кейіпкер – бөлек әлем. Дисней туындыларын жақсы көретін қазақ баласы үшін қазақы нақыштағы кейіпкерлер де ерекше әсер сыйлап, естен кетпейтіні анық.

София ТЕМІРБОЛАТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!