Қоғам адамдардың қарым қатынасынан, тіл табысуынан тұратыны белгілі. Адам өзін қайсыбір ортада болсын қалыпты, тұрақты ұстай білсе, оны орнықты адам ретінде көреміз. Сондай орталарда өзіңді еркін ұстайтын, емін-еркін араласатын адамдар шоғыры болады. Әдетте мұны достар деген сөздің шеңберіне сыйғызып жатамыз.
Алыс күндерде қалып қойған сонау балабақшадан бастап, мектепте, орта әлде жоғары оқу орнында, жұмыс орнында, тіпті өзіңе өмірдің қай арнасынан қосылғанын сезбей қалатын рухани жақын адамдар болады. Олар да сәлемі түзу адам, тамыр-таныс адамдар, т.б. болып іріктеліп-іріктеліп, өмірдің өз сынағынан өтеді де, ең соңында тағы да жаныңда санаулы ғана достарың қалады. Оны тағы өз ішінде адал дос, амал дос деп ажырататын болсақ, адамдардың бір бірімен қарым қатынасы мұнымен тоқтап қалмайды. Әркім өз басымен қайғы болып кеткенде адам тіпті өмірінің соңында доссыз қалуы да ғажап емес. Менің әкем айтатынындай, жас күніңде бәрі дос, бәрі жақын болғанмен, олардың да көзден бұл-бұл ұшқандай ғайып болатын сәттері келгенде абдырап, бүкіл қиындық өз басыңа келгендей, ауыр мұңға берілудің өзі түкке тұрғысыз болып қалады. Өйткені емші уақыт бәрін емдеп жазғанда, өз ісіңе өзің күлетін сәт келгенде мұның жай ғана өмір екенін, оның осындай болмашы сынақтардан тұратынын сезесің.
Азды-көпті ой толғай отырып, менің түсінгенім, жақсы адамда жаттық жоқ деген рас болса керек. Адам өзі жақсы болса, үйіріліп, оның жанынан адам арылмайды. Алайда басына іс түскенде ол да ешкімді таппай қалуы мүмкін. Сондықтан адамдармен қарым қатынаста қаншалықты жаймашуақ болсаңыз, соншалықты сергек әрі сындарлы болған жөн-ау деген ойға келдім.
Бауыржан ЖҮНІСОВ,
Қармақшы ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!