Діни сауаттылық – бұл адамның дін тарихы, ілімі және діннің қоғамдағы рөлі туралы білімге ие болуы. Бұл тек діни рәсімдерді білу ғана емес, сонымен қатар оған сай ақпаратты дұрыс талдай алу қабілеті. Өкінішке қарай, бүгінде ғаламтор мен әлеуметтік желілер жастардың бос уақытын өткізетін алаңы ғана емес, сонымен қатар түрлі теріс пиғылды топтардың «аңшылық» жасайтын мекеніне айналды. Жасөспірімдерді арбап, өз қатарына қосуды көздейтін деструктивті ағымдар үгіт- насихат жұмыстарын осы виртуалды әлемде белсенді жүргізуде.

Осындай қауіп-қатердің алдын алу және жастардың діни танымын кеңейту мақсатында «ORDA» колледжінде арнайы кездесу ұйымдастырылды Іс-шараның спикері – Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, этно- граф Сәкен Алдашбаев.

Сәкен Алдашбаев жастар арасындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, әлеуметтік желіде теріс ағымның тарауын сөз етті. Ол этнограф ретіндегі тәжірибесін діни мәселелерді ұлттық болмыспен, қазақы салт- дәстүрмен сабақтастыра отырып түсіндірді. Маманның әлеуметтік желідегі қауіп туралы айтқан ойлары студенттерге қатты әсер етті.

«Үкіметтік емес ұйым болып тіркелмеген, заңсыз әрекет ететін топтарды біз деструктивті ағымдар деп атаймыз» – дей келе, олардың жұмыс істеу механизмін нақты мысалдармен жалғады.

Дұрыс ілім тура жолға сілтейді

– Ең бірінші жастардың ең көп араласатын жері – әлеуметтік желі. Ораза кезінде жастарда «қалай ауыз ашу керек?», «бірден нан жеп, ауыз ашуға бола ма?», «ұйықтап қалсаң не болады?» деген сұрақтар туындайды. Оған жауап табу үшін жастар әлеуметтік желіге жүгінеді. Сол кезде біздің жұмыс басталады. «Қай жас қандай ақпарат іздеп жатыр?» деген сұрақ бізді толғандырады. Себебі сұрақ қойған жастарға жауапты осы діни ағым өкілдері береді. Өздеріне тартады, – деді Сәкен Алдашбаев.

Жиын соңында студенттер көкейлерінде жүрген сауалдарына нақты әрі тұщымды жауап алды. Іс-шара жастарға діни тақырыптағы күрделі сұрақтардың түйінін тарқатуға мүмкіндік берді. «ORDA» колледжінің ұжымы мен студенттері үшін бұл шара тек ақпарат алмасу емес, рухани кемелденуге, дін мен дәстүр үндестігін тереңірек түсінуге бағытталған маңызды қадам болды.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!