Мамандық таңдау – әрбір адам өміріндегі маңызды қадамның бірі. Бұл таңдауда бала күнгі арман мен болашақ мақсатымызға сүйенетініміз белгілі. Дегенмен бір мәмілеге келу де қиын.

Жоғары сынып оқушысы атанған сәтте таңдау жасау маған да оңай болмады. Тарқатсам. Бастауыш сынып оқушысы кезімнен журналист болсам екен деп армандайтынмын. Анам да, әкем де бұл шешімімді қолдап, демеп отыратын. Теледидардан «Балапан» арнасындағы жас тележүргізушілерді көріп, шабытым ашылып, қызыға да, қызғана қарайтынмын. Әуелден сөйлеу мен жазуға шебер болдым. Бұл қабілет маған анамнан дарыған. Ол кісі жиын-тойларда сөз сөйлеп, айналаны таңқалдырып жүретін. Мен де мектеп қабырғасында түрлі іс-шаралар жүргізіп, тәжірибе жинадым. Ораторлық қабілетім де дамыды. Алайда есейе келе бала арманым «суып», орнын болашақ арман басты. «Әкем секілді архитектор боламын» деп мектеп бітіргенше осы мақсатты қолыма ту етіп ұстадым. Мектеппен қоштасатын сәт те жетті. Ұлттық біріңғай тестілеуден ойдағыдай балл жинадым. Алайда Астанаға қоныс аударып, сәулетші маманы ретінде білім аламын деген шешіміме күдік пен сенімсіздік пайда болды. Бала күнімнен анам соңғы шешімді өзім қабылдауға үйреткен. Бұл оның өмірге бейімдеудегі мақсаты еді. Бұл оқиғада да әдеттегідей нақты шешім қабылдауды өзіме қалдырды.

Сәйкестік пе, әлде бақ па?…Білмеймін. Шығармашылық емтиханға құжат қабылдаудың соңғы күніне үлгердім. Келесі күні 2 кезеңнен тұратын шығармашылық емтихан тапсырып, күтпеген жерден толық 100 балл иелендім. Сол сәтте менен қуанышты адам болмаған шығар?! «Неге күтпедің, әлде лайық емессің бе?» десеңіздер, емтихан алушылар өте білікті, журналистика саласын меңгерген мықтылар болды. Оларға қарап қобалжу, өзіңнен күмәндану болатыны анық.

Бұл оқиға журналистиканың менің маңдайыма жазылғанын дәлелдеген бірінші кез еді. Бірақ емтиханнан жоғары балл алсам да, мен мемлекеттік грант иегерлерінің тізіміне қосыла алмадым. Ал грант болмаса, оқудың керегі не деген алдамшы ой бәрімізде болды. Дегенмен «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» демекші, тамыздың соңғы күні білім ордасының мамандары «Егер оқымайтын болсаңыз, бас тарту туралы өтініш жазыңыз» деп хабарласты. Ал мен грантқа арналған конкурс тағы бір мәрте ұйымдастырылып, грант иеленгенімді білмедім. Бұл мен үшін мүлдем күтпеген жаңалық болды. Міне, журналистикамен байланысыма, бұл саланың тағдырыма, маңдайыма жазылғанына тағы куә болдым.

Айғаным ЖҰМАНҒАЛИ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!