Фото: видеодан алынған кадр
Алматыдағы өрттен қаза тапқандардың тізіміндегі Түркістан облысының тумасы тірі болып шықты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылы әкімінің орынбасары хабарлады.
Әмірәлі Рамазан Батырәліұлы 20 жаста, Шымкенттегі медреселердің бірінде оқитын жігіт. Ол ақша табу мақсатында Алматыға қоныс аударған. Қымбат емес баспананы таңдап, хостелге жайғасқан.
Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын жас жігіт туған жері – Сарыағаш ауданына оралған. Әке-шешесі бірге тексеруден өткізу үшін оны ауылға шақырып алған. Қазір Рамазан үйде ата-анасының қасында.
«Жаңа туған күнің құтты болсын! Енді екі туған күнді атап өтесің. Бір ауыл емес, бүкіл республика шулап жатыр. Рас. Ұстаздары «Оқуға келмей жүр» деп хабарласты» дейді. «Алла» деген адам екен. Ұстаздары Рамазанға хабарласып, «Кел» деді. Қазір сол жерде жатса, қандай жағдай болатына кім кепіл береді?», – деді Дербісек ауылы әкімінің орынбасары.
Еске салайық, 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза тапқаны хабарлаған едік.
Кейінірек қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына 1 миллион теңге берілетіні белгілі болды.
1 желтоқсанда өртке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша соталды тергеп-тексеру басталды.
Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші ұсталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!