Фото: adyrna.kz

Екібастұздағы Maxi Mall сауда-ойын-сауық орталығының төбесі опырылып түсті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қала әкімдігі бұл ақпаратты растады.

«16 ақпан күні сағат 18:05 шамасында төрт қабатты ғимараттың үшінші қабатында гипсокартоннан жасалған аспалы төбе құлады. Зардап шеккендер жоқ, оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеуде», – деп мәлімдеді әкімдік.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда үлкен төбе бөлігі құлап, айналадағылардың шошынғаны байқалады.  Видеода айғай-шу естіліп, адамдар жақындарын іздеп жатқанын көруге болады.

Төтенше жағдайлар министрлігі оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Екібастұз қаласында М.Әуезов көшесі бойындағы сауда үйлерінің бірінде 150 ш.м. алаңда аспалы төбенің опырылуы орын алды. Оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеуде. Зардап шеккендер жоқ» – делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!