Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар. Бұл – жай ғана айтылған сөз емес, ғасырлар бойы сұрыпталып, уақыт сынағынан өткен ұлағатты ұстаным.

Қазақ халқы бала тәрбиесін тал бесіктен, яғни сәби дүниеге келген сәттен бастап қолға алған. Себебі баланың бойына сіңген алғашқы қасиеттер, естіген алғашқы сөздері мен көрген өнегесі оның бүкіл болашақ тағдырының іргетасын қалайды. Кейінгі кездері бала тәрбиесі ұялы телефон, балабақша мен интернет желісіне жүктелген міндетке айналды. Бұл уақыттың тапшылығы, заманның өзгеруімен байланысты болуы керек. Алайда қазақтың Абайы мен Шоқаны өскен кезеңде бала тәрбиесі қоғамдағы ерекше мәдениетке айналған еді.

Ананың сыңғырлаған бесік жыры

Қазақ даласында бесік жырын тыңдап өскен жастар аз емес, бірақ бүгінде оның үні бәсеңдеп барады. Тәрбие алғаш ананың әлдиімен басталады. Ананың дауысы, оның ырғағы мен тербелісі сәбидің жүйке жүйесін тыныштандырып қана қоймай, оның ми қатпарларының жетілуіне тікелей әсер етеді. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы білім және ана тілінің уызы.

Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен.

Бесік жырының бала дамуына тигізер орасан зор пайдасы жайлы ғалымдар жиі айтады. Мәселен 2001 жылы Ресейдің Тюмень қаласындағы зерттеушілер арнайы тәжірибе жүргізген екен. Олар жастары қарайлас сәбилерді екі топқа бөліп бақылайды. Бірінші топтағылар тек анасының әлдиін тыңдаса, екінші топқа түрлі музыкалық әуендер қойылған. Алты айдан кейін сәбилердің ми қыртысын тексергенде, таңқаларлық нәтиже тіркеледі. Ана әлдиін естімеген балалардың миындағы нейрондар баяу дамып, олардың ойлау қабілетінің тежелгені анықталған.

Қазақта бала тәрбиесі тек рухани жағынан емес, физиологиялық тұрғыда да қарастырылған. Қазақтың киелі бесігі – нағыз экологиялық таза, гигиеналық талаптарға сай, бала денсаулығын сақтауға арналған бірегей құрылғы. Бесіктегі баланың денесі құрғақ, жылы, таза болады. Ал қол-аяғының байлаулы болуы сәбидің өзінен-өзі шошынбауына, қан айналымының дұрыс жүруіне және сүйектерінің түзу өсуіне септігін тигізеді. Бүгінгі медицина еркін құндақтауды ұсынғанымен, ғасырлар бойы бесікке бөленген бабаларымыздың дене бітімі шымыр, денсаулығы мықты болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бесік – баланы тек суық пен дымқылдан ғана емес, түрлі жағымсыз энергиядан қорғайтын қалқан секілді.

Тегін білген текті болады

Тәрбие – үзіліссіз жүретін процесс. Ол бесіктен басталып, өмір бойы жалғасады. Бірақ ең маңызды кезең – балалық шақ. Егер іргетас қисық қаланса, үстіне салынған зәулім сарайдың құлауы оңай болады. Тәрбие дегенде Абайдың даналығы еске түседі. Бұл тақырыпта оның есімі ерекше орынды иеленеді. Абайдың тектілігі мен даралығы оның түп-тамырынан басталған. Зере әжеміз Құнанбай дүниеге келгенде, әкесі Өскенбайдың төрде алтын сақа иіріп отырғанын түсінде көреді. Осы аяннан кейін анасы ұлын ешқашан дәретсіз емізбеген. Біз көбіне осы тұсын ғана айтамыз, алайда оның арғы жағын білмейміз.

Құнанбай 14 жасында атақты Кеңгірбай биден бата алған. Зере анамыз баласын үш мәрте жетектеп барып, сол батаға қол жеткізген. «Жақсыдан шарапат» демекші, сол батаның қасиетімен Құнанбай сұлтан дәрежесіне дейін көтерілді. Ал бүгінгі ұрпақ батаның киесін, оның адам тағдырына әсерін түсіне ме?

Ұлттық кодтың кілті – Абайда. Ат қоюдан бастап, түс жору, аңыз-ертегі, жұмбақ пен мақал-мәтел, ұлттық ойындар – бәрі Абайдың бойына бала кезден сіңген. Біздің қателігіміз – бүлдіршіндерге әріп таныта салысымен, Абайды бірден «жетуге болмайтын шың», «ұлы данышпан» ретінде көрсетуіміз. Мұны көрген бала «Абайдай болу бізге қайда?» деп жасқанады. Біз Абайдың да бір кездері қарапайым бала болғанын, оны ұлылыққа жетелеген қазақы тәрбие мен құндылықтар екенін түсіндіруіміз қажет.

Ұрпағым артымда қалсын десең…

Қазір немере арқалаған әжені көп көре бермейміз. Алайда біздің балалық шақта бұл қалыпты жағдай еді. Бұл баланың еркелік мен әженің немереге деген махабаты деп саналғанымен, бұл дәстүрдің ерекше мағынасы бар екен. Үнді фильмдерінде сари киген әйел баласын бір қолымен орап, бүйір ойығына отырғызып көтереді. Ал Вьетнам, Лаос, Сингапур және бүкіл Африка, Латын Америкасы әйелдері балаларын қалыңдау келген ұзын матамен иығына айқастыра байлап таңып алады. Месхеттік түрік әйелдері керісінше, дәл сондай көлдей орамалмен баласын кеудесіне орап таңып алып жүретінін көреміз. Шаруа істеуге бейім шығыс әйелдері өмір сүретін азиялық елдің бәрінде де осы әдіс – бала анасының омырау тұсына байланады. Ал қазақта баланы арқалайды.

Бүгінде дәрігерлер жамбас ұршығы дұрыс жетілмей дисплазиямен туған балалардың аналарына арнайы медициналық белдікпен немесе арнайы тігілген «кенгурумен» көтеруді тапсырады. Қазіргі нәрестелердің ұршығы жетілмеген деп, массаж жасатып, шина кигізеді, ал бұрын апасының арқасында жүрген балалар бұл аурудан алшақ болған. Еуропада бұл сырқатқа белдік жүйесі арқылы көмектесетін «кенгуру» белдіктер бекер ойлап табылған жоқ. Бір жағынан тек бала ғана емес әженің денсаулығына да жақсы әсер береді. Буындары бір шынығып қалады.

Иә, бұл ғұрыптың денсаулыққа әсері мол. Алайда баланың өсуі мен ақыл жинауына берер жақсылығы мұнан да көп. Бала әженің арқасында 5-6 жасқа дейін еріп жүреді. Оған дейін ол әжесіне «Әже, бұл не?», «Әже, қайда барамыз?», «Әже, анау тұрған құстың аты қандай?» деп тәтті сұрақтарын қояды. Ал апасы оған жауап беріп, тәттісінің танымын кеңейтеді. Балалығын әжесінің арқасында өткізген немеренің тілі ерте шығады. Әңгімені шертіп беретін, танымы кең бала осылар еді. Олар еркелеп жүріп, үйдің тірлігінен хабар болады. Осылай балалық тұрмыс-тіршілікпен ұласып кетеді. Арқаға немере салу – әженің ұрпағым артымда қалсын деген аппақ ниеті мен көңілі. Осы орайда белгілі журналист Бейсен Құранбектің балалық шығында басынан өткерген оқиғалары еске түсті. Бейсеннің тұлға ретінде қалыптасуында атасы мен әжесінің ықпалы мол. Атасының мінезінің жақсы қырлары көп болған. Соның бірі білімге, оқуға деген құштарлығы. Өзі өмірден өтетін шағында біраз уақыт төсек тартып жатып қалды. Сол кезде Бейсенді қасына отырғызып қойып батырлар жырын, Абайдың, Жамбылдың өлеңдерін дауыстап оқытатын. Өзі ауыр хәлде жатқан адамға өленнің де, жырдың да қызығы жоқ. Оның үстіне сол жырларды атасы жатқа білетін. Дені сау күндерінде ол жырларды күйтабақтан-ақ тыңдай беретін. Оны немересіне оқытуының себебі бала жасынан оқуға деген құмарлығын оятып, көкейіне тоқи берсін деген ойы екен. Атасы соңғы демі таусылып, өмірден өткенше Бейсенге өзінің түйгенін, білгенін сіңіруге бар ынта-ықыласын салыпты. Міне, «атасы мен әжесінің немересі» осылай өседі.

Егер біз бүгін бесігімізді түзеп, ұрпағымызға дұрыс бағыт-бағдар бере алсақ, ертеңгі күніміз жарқын болмақ. «Балапан қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата-анасы да қыран болуы керек» дейді. Ендеше, ұлт болашағы саналатын ұрпағымызды ізгілікке, білімге және адамгершілікке баулу – әрбір ата-ананың қасиетті борышы. Себебі тәрбиелі ұрпақ – мәңгілік елдің мызғымас тірегі.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!