Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті «Әділетті мемлекет.Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы өзекті мәселе мен тың бастамаға толы болды. Әсіресе, салық жүйесін қайта түзу, МӘМС-тегі олқылық, зейнет жасындағы өзгеріс, кәсіпкерлерге қолдау жайы көптің көңілінен шыққан тұс екені анық. Оған қоса жақын арада кезектен тыс Президент сайлауын өткізу ұсынысы да жаңа жүйенің жүзеге асатынын білдіретіндей.
«Биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Маңызды мәлімдемеде Мәжіліс пен бүкіл деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы да назардан тыс қалмады. Президент аталған бағыттағы сайлауды келесі жылдың екінші жартысында өткізуді ұсынып, халық сенім артқан депутаттардың жаңа құрамы жасақталатынын атап өтті.
Жастарға мүмкіндік
Жолдауда көтерілген мәселенің бірі – жатақхана жайы. Білім алушылар жаңа оқу жылында мемлекет қолдауы арқылы баспана қиындығын шешуге мүмкіндік алуы ықтимал. Жиында студенттердің жекелеген және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынды субсидиялау мүмкіндігі айтылды. Оған қоса жатақханамен қамтамасыз ету ісін бір жүйеге түсіру қажеті тілге тиек етілді. Президент олқылықты шешу үшін жеке компаниялар мен ЖОО арасында екіжақты келісім орнатуға шақырды.
«Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар ЖОО-ның жанындағы эндаумент-қорларды тиімді пайдалану қаперге алынбақ. Алдағы уақытта мұндай қор арқылы білім беру экожүйесін дамытып, университеттегі ғылым мен инновацияны қаржыландыруға күш салынатын болады.
Білім беру ісіндегі бастаманың келесі бағыты оқу ақысына қатысты болмақ. Отандық ЖОО-дағы оқу ақысының өсуіне байланысты ҰБТ нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлу жоспарлануда. Оның көлемі 30-100 процент аралығын қамтымақ. Оған қоса білім алу үшін жылдық өсімі 2-3 процент болатын жеңілдетілген несие де беру көзделген. Аталған қадам жоғары білімнің қолжетімділігін ұлғайтып, жастардың білім алуға құлшынысын оятары белгілі.
Жолдауда жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке ынталандыру ісі де қалыс қалмаған. Келер жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылмақ. Ал жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 процент болатын шағын несие беріледі.
«Балалар жылындағы»
басты жоба
Мемлекет басшысы «Балалар жылы» қарсаңында ерекше бастамаға басымдық беретінін жеткізді. Ол – Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің жартысын балалар шотына аудару. Яғни, қордың инвестициялық кірісінің 50 проценті кәмелетке толғанға дейін балалардың шоттарына аударылады. Ал балалар кәмелетке толғаннан кейін жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдалана алады. Ұлттық мәртебеге ие болған қор балалардың қиындықты еңсеріп, өмірдегі маңызды қадамды тайсалмай жасауына ықпал ететіні сөзсіз. Ауқымды жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады.
«Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуы тиіс. Сондықтан мен жариялаған балалар жылы аясында “Ұлттық қор – балаларға” қағидатты түрде жаңа бағдарламасын бастау өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынамын», – деді Президент.
Кезекті Жолдау көптің көкейіндегі әлеуметтік мәселе мен экономикалық олқылықты дөп басқаны анық.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!