Фото: triptonkosti.ru
Елімізде 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Отанға қызмет етуді парыз санап, білімі мен күш-жігерін қазақ елінің дамуына арнаған ұлт жанашырларының жазықсыз жапа шегуі, миллиондаған кінәсіз тұрғынның аштыққа ұшырауы ел тарихындағы өте ауыр кезең.
Қазір айналамызда жантүршігерлік жағдайға бейқам қарайтын, аштықты сезінбеген, бір үзім нанның қадірін білмейтін жастар да кездеседі. Сондықтан өткен күнге шолу жасау, зұлмат жылдардың құрбанына айналған боздақтардың рухына тағзым ету міндетіміз.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында болған саяси оқиғалар миллиондаған адамның өмірін қиғаны белгілі.
Деректерде жаппай ашаршылыққа 3 млн-ға жуық қазақстандық тап болғаны айтылады. 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылған. Бұл қасірет Сыр елін де айналып өткен жоқ.
Архив мәліметтеріне сүйенсек, тоталитарлық жүйе жүргізген саясат салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшыраса, 1153 адам атылған.
Анасы екі баласының бірін қасқырға қалдырып, ұлын аман алып қалатыны туралы бейнеклипті бәріміз көргеніміз рас. Тарихта шынымен болған оқи ғаның кейіпкері – абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов еді.
– И.Сталиннің дәуірінде түркі халықтарының басынан сұмдық қайғылы оқиғалар өтті. Ресей құрамындағы 47 түркі халқының көбі опат болды. Соның ішінде қазақтарға ерекше тиісті. Мен мұны өз көзіммен көрдім. Үш-төрт жаста едім. Шешеммен еріп базарға бара жатқанда жол бойы аштықтан бұратылып, ыңырсып жатқан, өліп жатқан адамдарды көрдім. Базардан қайтып келе жатыр едік, үлкен бір кісінің қарны жарқырап жатқанын байқадым. Шешем көзімді көлегейлеп жауып қалды. Сөйтсем, ол біздің Талғамбай дейтін туысқанымыз екен. Адамның қарны іседі екен де, көйлегін қақ айырып жырып жіберетін болғаны ғой.
Сондай күндердің бірінде кешқұрым шешем, мен және қарындасым үшеуіміз жолға шықтық. Бір кезде үш қасқыр бізді қоршап алды. Шешем ұстаған таяғын сермеп, айқайлап жатыр. Қолында қарындасым бар. Мен қорыққанымнан шешемнің етегіне кіріп кеттім. Түз тағыларының көзі жарқырап тұрды. Бір сәт шешем мені арқалай салып, қаша жөнелді. Қасқырлар таласып жатқан кезде қарындасымның шыңғырған дауысын естіп қалдым. Біз бір сайға барып тығылып, құтылып кеттік. Кейін барып қарасақ қарындасымның шашынан өзге ештеме қалмапты, – деген еді Мекемтас Мырзахметов.
Бұл уақытта қазақ халқы ашаршылық салдарынан материалдық тұрғыда шығындалып қана қойған жоқ, рухани қатты күйзеліске түсті.
Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков 2020 жылы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында қазаққа төнген ашаршылықты ешбір адамзаттың басына тілемейтін жан түршігерлік, ғасыр қасіреті деп бағалауымыз керек дейді.
– Ашаршылықтың салдарынан қазақтың жартысына жуығы, яғни 49 пайызы жойылып кетті. 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан халықтың 30 пайызы қырылды. Егер бұл қанқұйлы қасірет орнамағанда, қазақтың саны қазір 40 миллион болар еді. Бұл менің тарихи деректерді саралап айтқанжеке пайымым. Бұдан үлкен қандай қасірет бар? Өткен күнге зер салсақ, халқымыздың геосаяси орналасу кеңістігі үлкен империялардың ортасына түсіп әрқашан осындай қасіреттерге ұшыраған. Екі миллион халық қырылу деген оңай емес. Қазақ ашаршылықтың салдарынан өзінің рухани дәстүрлерінен, даму жолынан ажырады. 1928 жылдан бастап ірі байларды тәркілеу басталғаннан кейін күштеп ұжымдастырудың негізінде зорлап отырықшыландыру белең алды. «Бай-құлақтарды жою» деген саясат пайда болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жаппай тартып алу, мал шаруашылығын күйрету, қуғын-сүргін бәрі қатар жүрді. 1937 жылы шілдеде «Социалистік меншікті қорғау» деп аталған қисынсыззаңшығып, қаншама азамат түрмеге тоғытылды. «Ауқатты шаруаларды тап ретінде жою» деп айдар тағылған бір ғана науқанда 200 мың адам жер аударылып, талайы сотталды. Осының бәрі қазақты әлеуметтік, саяси, рухани тұрғыдан да жаншыды. Еңсесін езді. Саяси қасірет дейтініміз, қазақ өзінің ұлттық мемлекет болам деген арманынан қол үзді. Алашордашылар осы арманның ең соңғы ұмтылушылары болды. Бұл тақырыпты осындай кең ауқымда қарастыруымыз керек. Біз тек қана «қазақ жартысынан айырылып қалды», «ашаршылық болмаса бәрі бұлай болмайтын еді» деген сарындағыпікірлермен шектеліп қалмай, осынау қасіретті жылдар ұлттық тамырымыздан ажыратып, ділімізден жаңылдыра жаздағанын түйсінсек игі, – деді ғалым.
Бүгінде зерттеушілер елімізде болған саяси қуғынсүргін мен ашаршылықтың түпкі себебін әлі де зерделеуде.
Өткен ғасырда кеңес үкіметінің орнауы, 1916 жылғы көтеріліспен басталған Қазан төңкерісі, ақ пен қызылдың қырғыны, ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, кәмпескелеу, репрессия жұртшылықты әбден әлсіретіп, есеңгіреткені рас. Оған қырқыншы жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстың қиындығын қосыңыз… Бұл жағдайға көбіне ғалымдардың көзімен қарап, олар сенімді деп тапқан деректерге сүйенетініміз де белгілі.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшылұлтшыл» «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген айып тағылды.
– Кеңес үкіметі Сібір халықтарын репрессияға ұшыратты деген ұғым қалыптасқан. Бұл жерде кеңес үкіметі патшалық Ресейдің тәжірибесін әрі қарай жалғастырды деп айтсақ болады. Бір ғана мысал, 1920-1930 жылдары Қазақстанға бай-кулак деген жаламен өзге елдерден 150 мыңнан аса адам депортацияланған екен.
Сол 30-жылдардың басында аштық қырғыны Қазақстан халқын біраз күйзеліске ұшыратып, санын азайтса, соғыс алдындағы репрессия, ұлттық интеллигенцияны жоқ қылды деуге болады. Ал басқа халықтарды күштеп Қазақстанға көшіру онсыз да қиналып жатқан халықты одан сайын күйзеліске түсірді. Қоныс аударғандар негізінен ауылдарға көшірілгендіктен, ондағы этно-демографиялық жағдай, әсіресе бұрын қазақ ұлты ғана тұратын Оңтүстік Қазақстанның этно-демографиялық жағдайы күрт өзгерді, – дейді 2022 жылы өткен конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов.
Қызылордада 1998 жылы “Арай” шағын ауданында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш 1930-1940 жылдары саяси жазалау құрбандарының жерленген орнында орнатылған. Ескерткіштің авторы – архитектор Мәлік Сапарғалиев. Жыл сайын бұл жерде боздақтар рухына тағзым жасалады.
Қалай десек те, мың рет айтылып, мың рет жазылса да өткен ғасырдағы осынау кезеңді ұмыту мүмкін емес. Сол жылдардан сыр тартатын статистика – жәй сан емес, түбінде ащы шындық, талайлы тағдырды көрсететін дерек бар. Ұрпақ алмасар, тарих әлі зерттелер. Біздің басты міндетіміз – білімге ұмтылу, бірлігімізге бекем болып, бейбіт күнді қадірлей алу.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!